BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Жеті ішектің шеберлері Алтай төрінде бас қосты

Қара домбыраның құлағында ойнайтын қазақ баласы гитараны да жатсынбайды бүгінде. Осынау жеті ішекті аспаппен сахнаның көркін келтіріп жүрген қазақтың талантты ұл-қыздары аз емес. Көп те емес. Гитара жайлы бекерге сөз қозғап отырғанымыз жоқ. Осыдан бірер күн бұрын өскемендік өнерсүйер қауым жасандылықтан ада, табиғи сипаттағы тамаша бір қоңыр кештің қуәсі болды. Жеті ішекті жандарына серік еткен, әрісі Астана мен Алматы, берісі өңіріміздің түкпір-түкпірінен келген қазақтың өнерлі қыз-жігіттері шаһар жұртшылығына екі сағат бойы естен кетпес ерек­ше кеш сыйлады. Айта кетейік, гитара құшақтаған өнер иелері азаттығымыздың 20 жылдығы қарсаңында Облыстық мәдениет басқармасы ел тарихында тұңғыш рет ұйымдастырып отырған «Жан серігім – гитара» атты фестиваль аясында бас қосты.

Өр Алтай бауырындағы тамаша кеш­ке Қорабай Есенов, Сейіл Аяғанов, Қадыр­ғали Көбентай, Ержан Белғозиев, Мақ­сұтхан Жиһанбаев, Гүлмира Ақүрпекова, Баян Нұрмышева секілді есімдері елге таны­мал өнерпаздардан бөлек, өнер әле­мі­не енді аяқ басқан өңіріміздің жас орын­дау­шылары қатысты. Бұл ретте Бақыт­жан Балғабаев, Ершат Қайырханов, Болат Хам­зин, Алтай Мүбәрак, Бекзат Омашев ес­ім­дерін де атауға болады.

Қазақ өнерінде гитарамен алғаш ән шыр­қаған жан кім дегенде, ең әуелі қара­ған­дылық Қорабай Есеновтің, (марқұм Та­был Досымовтың) есімі ойға оралады. Со­дан болар, фестиваль шымылдығы ән­шінің сонау 60-жылдардың бел ортасын­да жұртшылық жылы қабылдаған «Жас қа­лам» әнінен басталды. Жерлесіміз Қа­дыр­ғали Көбентай халыққа Тұңғышбай Жа­ман­құловтың орындауынан жақсы таныс «Өнер адамы» әні мен халық әні «Абай­көк­ті» нақышына келтіре шырқады. Бәрінен де Ержан Белғозиевтің өнері ерекше көрін­ді. Гитарамен күй орындағанды бұрын-соңды кім көрген?! Өнерпаз Секен Тұрыс­бековтің «Көңіл толқыны» күйін жұрт наза­ры­на ұсынып, көрерменнің ыс­тық ықы­ла­сына бөленді.

Гитараны нәзікжандылардың арасында алғаш болып сахнаға әкелген Гүлмира Ақүрпекова екенін жұрт жақсы біледі. Сонымен қатар жас буын өкілдері арасынан әдемі әндерімен жұрт ықыласына бөленіп жүрген Баян Нұрмышева есімін құрметпен атауға болады. Қос әнші де фестивальға арнайы келіп, бар өнерін ортаға салды. Баян халық әні «Қарғам-ау» мен «Жібектің елі» әнін нақышына келтіре шырқаса, Гүл­мира Шәмші Қалдаяқовтың «Жайықта» әні мен Ержан Серікбаевтың «Шырқа, гитара» әнін тамылжыта орындады.

Жақсылық Омар, Шығыс Қазақстан облыстық мәдениет басқармасының бастығы:

– Бұл фестивальдың Шығыс өңірінде ұйымдастырылуы бекер емес. Өйткені Аягөз ауданында гитараның қалыптас­қан дәстүрлі мектебі бар. Бүгінде есімдері елге белгілі Қадырғали Көбентай, Мақсұтқан Жиһанбаев, Ершат Қайыр­хан секілді өнерпаздар — сол өңірдің тумасы. Фестиваль жоғары деңгейде өтті деп ойлаймын. Алла сәтін салса, бұл ша­раны алдағы уақытта дәстүрлі түрде жалғасты­ратын боламыз. Бірақ формасы өзгеруі мүмкін. Бәлкім, келесі жылы байқау түрінде өткізерміз. Мұндағы мақсатымыз – жас таланттарды қол­дау.


Баян Нұрмышева, әнші:

– Ең әуелі Шығыс өңірінің басшы­лығына және Облыстық мәдениет бас­қармасына алғысымды айтқым келеді. Неге десеңіз, олар үлкен жұмысты, үл­кен жауапкершілікті мойындарына ал­ды. Шыны керек, біз өңір-өңірдегі ги­та­рамен ән айтатын әншілерді таны­май­мыз. Бүгін, міне, бір-бірімізбен, бір-бі­рі­міз­дің шығармашылығы­мыз­бен таны­сып, пікір алысып, мәре-сәре болып жатырмыз. Жақсы бір үрдіс басталды деп түсінемін. Бұл шараның біз үшін бұған дейін өткен республи­калық дең­гей­дегі басқа концерттерден ерекше қым­бат, ыстық болып қала берері анық.

Автор: Азамат ҚАСЫМ, Өскемен

http://alashainasy.kz/culture/29345/


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер