BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Жеңіс СЕЙДОЛЛАҰЛЫ: ӘНШІЛІГІМ ДЕ АРХЕОЛОГИЯЛЫҚ ЖҰМЫС СИЯҚТЫ

– Жуырда «Хабар» агенттігінің «Хабар стар» бағдарламасында «Бастықтар» деген жаңа бір әнді орындадыңыз. Жалпы бұл өзіңіз шығарған ән бе, әлде жай ғана бағдарлама талабы болған соң айтып шықтыңыз ба? 
– Талап болды деуге болады. Бағдарламаға шақырғанда біз бастықтар тақырыбында әңгіме қозғаймыз деп келісіп алдық. Маған бір-екі сұрақ қойылғаннан кейін, мен талап бойынша бастықтар туралы ән айтып шығуым керек болды. Әннің сөзін сол жақтағы жігіттердің өздері жазды. Ал әуені Сейдолла Бәйтерековтің «Күндер мен жылдар» деген әнінен алынды. Былай жаман болған жоқ деп ойлаймын.
– Егер осы әніңіз ел арасына тарап кетіп жатса қалай қабылдайсыз?
– Әрине, ондай жағдайлар да кездескен. Бірақ аталған ән халық арасына сіңіп кетеді деп айту қиын. Себебі ол бір реттік, уақытша ғана айтылған ән еді. Басшылардың жұмысы өте ауыр ғой. Сондықтан оларды да бір мақтап қою керек деп есептеймін.
– Біраз уақыттан бері «Гүлдер» ансамблін басқарып келесіз. Басқа қызметке ауысу ойда жоқ па?
– Ондай ой әзірге жоқ.
– Айналаңыз толған ару қыздар. Жалпы сұлулардың ортасында жүріп, бірлесіп жұмыс істеу ер адамға шығармашылық шабыт сыйлайтын шығар?
– Мақатаев атамыз «Әдемілік бізге көптік етпейді» деп айтып кеткен. Қыздардың әдемі болғаны, дүниенің әдемілігі кез келген адамға ұнайды ғой. Оның үстіне ансамбльдегі қыздар шетінен кәсіби мамандар. Ал өз ісінің білгірлерімен жұмыс істеу әрқашан оңай.
– Әншілермен бірігіп фонограммаға қарсы «майдан» ашып жатыр екен деп естідік. Әнді фонограммасыз тыңдайтын уақыт қашан келер екен?
– Рас, қазір фонограмманы мүлдем алып тастауға күшімізді салып жатырмыз. Қашан екенін білмеймін, бірақ болашақта бәрі жақсы болады ғой деп ойлаймын.
– Сіздің әнші Жеңіс болып танылуыңызға септігін тигізген адамдар ретінде кімдерді атар едіңіз?
–Олардың барлығын тізіп шығу мүмкін емес. Әрине, өзім оқыған Шымкент музыкалық училищесі мұғалімдерінен бастап Кеңес Дүйсекеев, Сейдолла Бәйтереков сынды ағаларымыздың еңбегі көп сіңді ғой.
– Басқа салаға ауысып кеткіңіз келген кездер болды ма өміріңізде?
– Ондай кездер 1985-86 жылдары болған. Әншілікті тастап, тарихшы, археолог болып кеткім келген. Мүмкін мұның барлығы туған жерге деген махаббаттың, туған жерді жіті тануға деген ниеттің арқасы шығар деп ойлаймын. Әрине, қазір де өкінбеймін. Бүгін де дәл археологтар сияқты ел аралап күніміз өтіп жатыр ғой.
– Отбасыңыз туралы айтып кетсеңіз?
– Жұбайымның есімі Алмагүл Қабылбекқызы. Олжас деген үлкен ұлым мен Жәнел деген қызым Астанада жұмыс істеп жүр. Ажар деген кіші қызым Күләш Бәйсейтова атындағы дарынды балаларға арналған музыкалық мектепте оқиды.
Н.ТАЙБЕК  


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер