BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

ЖЕЛІДЕГІ ЖҰЛДЫЗДАР

Ресейдің белгілі тележүргізушісі Тина Канделакидің айтқаны бар: «Қазір неше тыңдарманың, неше көрерменің бар екенін анықтау оңай. Тіпті бас-басына санап, нақты санын білуге болады. Өйткені ғаламтор бар», – деп. Расында, әлемдегі ең танымал өскін Джастин Бебердің «Туиттер» желісінде 14 млн. 700 мың оқырманы бар. Леди Гаганікі – 13 млн. Бритни Спирсте одан сәл аздау – 11,208,242. Ал біздің отандық әртістер ғаламторға келді ме? Келсе, қалай келді? Кім, несімен ерекшеленеді?


Сонымен, қауіпсіз болмаса да, еліміздегі ең танымал «Мой мир» әлеуметтік желісіндегі жұлдыздарымыздың әлеміне көз жүгіртсек...

ЕҢ «ДОСТАСҚЫШ-ДЕМОКРАТ»
Бейбіт ҚОРҒАН

100 мыңға жуық тыңдарманы бар (98 394) Бейбіт Қорған 62 фотоға 4473 пікір жинапты. «Достасқыш» дегеніміздің мәнісі осы. Отандық шоу-бизнесте 98 394 деген – ең жоғарғы шек болып тұр. Ал «демократ» дегеніміз – суреттерге жазылатын пікірлерге қатысты. Кейде жағымды-жағымсыз пікірдің бәріне былқ етпей, қарап отыратын «Бейбіттің» жүйкесінің мықтылығына қайран қаласың. Алайда күн сайын бір музыкалық сайтты жарнамалағанына қарағанда, әй, осы Бейбіттің емес, сол сайт иелерінің «әлемі» ғой деп түсіп қоясың. «Strawberry» деген қолданушы әншінің түскен суретіне қарап: «Бейбіт, өзіңді катты жаксы көреді екенсің, көрдік!» десе, Әлия деген тыңдарман: «Ішкенсің бе Бейбіт))) Так не фоткайся пожалуйста во многих сотках ходят твои ролики, ну сказать... не совсем благоприятные так что держи себя в руках))))» деп, қос тілде ойын жеткізіпті. Ең қызығы, қызба мінезімен белгілі Бейбіттен қыңқ деген жауап жоқ. Одан бөлек «Братан, мен сені ағам деп білем, сен Есен Беріш шығарсың, мен де Есен Берішпін» дейтін рушыл бауырлар да жетерлік. Оған да Бекең «тіршілік белгісін» білдірмесе, басқа бір тыңдарман: «Ол Беріштің Бегісі» деп таласа кетеді. Не керек, тыңдарманының өзі жөнге салып, өзі таңдай қағып тамсанатын Бейбітке Қырғызстаннан да пікір жазады екен: «Сені бүкіл Қырғызстан біледі, қашан бізге келесің?» деп...

ЕҢ КҮМӘНДІ

Бейбіт СЕЙДУӘЛИЕВА
«32 жаста, туған күні 07.05.1979, тұрмыс құрған» деп анықтама берген Бейбіттің (Қорған емес, Сейдуәлиева) 3920 «досы» бар екен. Тақтаға ілінген 20 суретке 319 комментарий жазылыпты. Шектен шыққан ештеңе жоқ, алайда Бейбіттің әлемі күмәнді болатын себебі, әр суреттің астында Жангүл Сейдуәлиева деген қолданушы: «Неге елді алдайсыңдар? Бейбіт Сейдуәлиева деп, мир ашып, Алладан қорықпайсыңдар ма! Ұятсыз екенсіңдер, ол менің туған сіңлім. Ол ешқандай да «мир» ашқан жоқ, бұл үшін сотталасың, халықты алдама!» деген «қоқан-лоққы» пікір қалдырыпты. Бірақ сотталудан қорқып, күмәнді әлемді жауып тастаған ешкім жоқ. Күн сайын «достарының» санын көбейтіп, ғаламторда сайран салып жүр.

ЕҢ «БЕЛСЕНДІ»
Айбар СЕРКЕБАЕВ

«Каспий» тобының мүшесі бақандай 32 860 адаммен достасып үлгеріпті. 1985 жылдың 3 қазанында дүниеге келген жігіттің бойдақ екені де «әлемінің» әрленіп тұрғанына әсер етсе керек. Әйтеуір, 83 фотоға 3263 «коммент» жинап үлгеріпті. Серкебаевқа қызығушылық артып тұрғаны – оның өзінің де жазылған пікірлерді жауапсыз қалдырмайтын пысықтығынан болса керек. Жас жігіт «Өлеңдеріңізді тыңдамаппын, ренжімеңіз» деп шындықты «былш» еткізетін пікірлерге де мойымайтын сияқты.

ЕҢ ЫЖДАҺАТТЫ
Аша МАТАЙ

Кім де кім өзі туралы ақпаратты там-тұмдап берсе, Аша Матай «Анықтамаға» бәрін, барын жазыпты. 1988 жылдың 22 желтоқсанында дүниеге келген әнші 2006 – 2010 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде оқыған. Еңбек жолын 2008 жылы «HIT TV production»-да VJ болып бастаған. Алматыда тұрады, дене сымбаты өзі айтуы бойынша сұңғақ, бойы мен салмағы 175 см. және 60 келі, көзі – қой көз, ата-анасымен бірге тұрады, кеш ұйықтағанды ұнатады, алкоголь мен шылымды пайдаланбайды және орыс тілін біледі.

ЕҢ КҮМӘНСІЗ
Тұңғышбай ЖАМАНҚҰЛОВ

Өмірде досы да, дұшпаны да көп театр тарланының ғаламтор бетінде бар-жоғы 51 досы бар екен. Бұл Тұқаңның көзбе-көз танымайтындармен «достаса» бермейтінін, оң-солына сақтықпен қарайтынын білдірсе керек. Мэтр қойған жалғыз фотоға 17 комментарий жазылыпты. Оның ішінде Асқар Наймантаевтың пікірі көңіл аудартарлық: «Бұл менің ҰСТАЗЫМ! Осы сөзді айтуға арланбаймын. Менің осы уақытка дейін мақтана айтар есімім осы – Тұңғышбай Жаманқұлов!», – дейді. Анара Құндолова деген бір «мирлық»: «Осы сөзді айтуға арланбаймын» дегеніңіз біртүрлі естіледі екен», – дейді таңғалып. Ал оған Асқар: «Е-е, Анара, ағамның қанатының астында жүріп безіп кеткендер жетеді... Кейбіреуі "Осыдан дәріс алғамын" деуге аузы бармай жүр ғой... Қайсыбірін айтайын!», – деп алып,
«О, Ұстаз, туған күн құтты болсын!
Денсаулық, күннен күнге мықты болсын!
Әлі де талапсызды танымайсыз,
"Өнерді сүйем!" деуден жаңылмайсыз,
Басқалар не десе де, о дей берсін,
Мен үшін Сіз әлі де Абылайсыз!!!», – деп тебіреніпті...

«300 БАСТЫ» 
Қайрат НҰРТАС

Ғаламторда 113 Мейрамбек Беспаев, 53 Сырым Исабаев, 38 Сәкен Майғазиев, 24 Баян Есентаева жүр. Бірақ аға-апаларының бәрінен Қайрат Нұртас асып түсті. Бір Қайраттың 300 «әлемі» бар екен. Әрқайсысында 5, 10, 20, 100 «достан». «Фанатка Кайрата Нуртаса», «Поклонник Кайрата Нуртаса» деген тыңдармандар беті өз алдына.

ЕҢ СЫПАЙЫ
Еркін НҰРЖАНОВ

«1983 жылдың 12 желтоқсанында туылған» «мерген» (жұлдызын айтып отырмыз) Еркін Нұржановтың 4232 «досы» бар екен. Үлкенді-кішілі, ескілі-жаңалы 109 фотосына 826 пікір жазылған әнші әріптестерінен сыпайылығы, биязылығымен ерекшеленеді. Әр пікірге жауап беруге ерінбейтіні өз алдына, «рақмет, Алла жар болсын», – деуді ұмытпайды. «Өзінің» «өзі» екеніне күмән келтірген бір тыңдарманына: «Қарындасым, сенбесең кетіре ғой. Мен «жұлдыз ауруымен» ауырмаймын. Өздеріңдей адаммын, халықпен араласқанды ұнатам, Мен халқымды алдамаймын, керісінше жақын болғым келеді. Рақмет, Алла жар болсын», – деп көсіліпті. Ылайым, солай болсын.

ЕҢ ЖАРНАМАШЫЛ

Маржан АРАПБАЕВА
8,5 млн. оқырман жинап, шағын блогына жарнама қою арқылы «жоқ жерден» ақша табатын Голливуд актері Эштон Кэтчердің ізбасарлары бізде де бар екен. Бірақ олар өзге емес, өздерінің жаңалықтарын жариялайды. Мәселен, Желідегі 5989 досына Маржан Арапбаева «87018330918» деген телефон арқылы өзін концерттер мен тойға шақыруға болатынын жариялап қояды. 
Әртістердің өзі ашты ма, інісі, қарындасы, досы, жиені ашты ма, әлеуметтік желідегі «мир» оның беделіне әсер етпей қоймайды. Ең алдымен көзге түсетіні – оқырман пікірлері. «...Кенжебек-бұйрабас түйе, ...Бейбіт, семіріп кетіпсің шошқадай, ...Ұлықпан-зубочистка», – деп келетін пікірлерден көз бұлдырайды. Қалай болғанда да қазақтың бүгінгі ұрпағы ғаламторға мәдениетпен келе алмағаны осы «әлемдерді» шолып шыққанда-ақ белгілі болып қалады...

Әсия БАҒДӘУЛЕТҚЫЗЫ

http://www.halyksozi.kz/news/view/id/1016

 



Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер