BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Жазушылар құрылтайы қыркүйекте өтеді

Алматы қаласында «Қоғам және қаламгер» тақырыбымен өткен Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының кезекті пленумында әдебиетті жаңа биікке көтеру мен жазушының қоғам алдындағы абырой-беделін арттырудың көкейтесті мәселелері жан-жақты талқыланды.

Пленумда баяндама жасаған Қазақ­стан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Нұрлан Оразалин тарихи кезең­нің тағылымын қалыптастырып, таны­мын бекітудегі ұлт әдебиетінде атқарылып жатқан бірқыдыру шаруаларға тоқталып, жетістіктер мен олқылықтарды саралады және жазушы қауымның қоғам алдындағы міндетінің маңыздылығын тілге тиек етті.
Әдебиетіміздің ақсақалы Қалихан Ыс­қақ Абай, Әуезов сынды ұлылар қол­данған шұрайлы тілдің кейінгі кезде тым жұтаңданып бара жатқанына қынжы­лы­сын білдіріп, кейінгі жастар шығар­ма­шылығының тұманды, күңгірт, бұлдыр тұстарға тым әуес болып бара жатқанын батырып айтты. «Шөп те өлең, шөңге де өлең болып, көркемдік критерийлер әлсі­реп кетті» деген ол, ұлтты, ұлт әдебиетін сақтайтын көркем тілге құрмет, әдебиеттің болашағына шынайылық тіледі. Ақын Ақұштап Бақтыгереева Одақ жұмысын орынсыз сын садағына алып, тұтастыққа сызат түсіргісі келетіндермен келіспей­тіндігін білдіріп, барды бағалай білу ке­рек­тігін, жұртты ұлттың ұйытқысы болар қаламгерлердің дау-шарға бейім болып бара жатқаны алаңдататынын қаламгер­лердің есіне салды.
Драматург Сұлтанәлі Балғабаев қазақ драматургиясы мен театр репертуарына қатысты өзекті проблемалар мен жас дра­матургтер толқынын тәрбиелеу, драматур­гия кеңесінің жұмысын жақсарта түсу мәсе­лелерін көтерді.
Сыншы Әлия Бөпежанова «Қазақ әдебиеті» газетінде сын жанрын өрістету үшін әуелі мықты сыншыларды басылым жұмысына тартып, сынды арнайы ұйым­дастыру қажеттігіне назар аударды. «Әде­биетте сын жоқ» дейміз, сын болуы үшін баспадан шыққан кітаптарды бір мықты сыншының қолына тапсырып, оған ба­рынша жақсы қаламақы төлеу керек» де­ген ол, өткен өмір тәжірибесінен мысал­дар келтіріп, сын жанрын өрістету мен сұрықсыз кітаптар тасқынын тоқтату тұрғысындағы ойларын өрбітті.
Жазушы Қажығали Мұханбетқалиев: «Жыл сайын кітаптар шығаруға мол қаржы бөлінеді. Сол қаржыдан баспалар қаламақы төлемей, жазушылардың еңбе­гін қанап отыр. Ешқандай баспа тендерге қатыспауы керек. Сонда ғана баспагерлер шіренбей, Батыстағыдай жазушылардың соңынан өздері жүгіретін болады» дей келе, пленумға қатысушыларға қаламақы мәселесін тиімді шешу жолдарын ұсынды. Жазушы Еркінбай Әкімқұлов: «Менің Шәмші туралы романыма баспаның тө­лейтін қаламақысы 150 мың теңге екен. Көз майымды тауысып жазған кітабыма ала­тыным сол-ақ» деп қынжыла сөй­леді.
Жазушы Қабдеш Жұмаділов алда бо­ла­тын Құрылтайда жаңа төраға сайлау мәселесі мазалайтынын жеткізді. «Алаш» сыйлығы 42 адамға жөнсіз үлестірілді және мүшелікке кім-көрінгенді қабылдау жиілеп кетті дегенге сайды үлкен жазу­шымыздың ойы.
Ақын Жүрсін Ерман Жазушылар ода­ғының басшылығына жөнсіз тиісушілерді тоқтату керектігін айтып, қаламгерлердің әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерін оң шешу жолдарын ұсынды. «Одақ жұмы­сын­дағы олқылық - топ-менеджерліктің жетіспей жатқаны» деп түйіп өтті ол.
Жазушы Советхан Ғаббас: «Тіл тағдыры - ел тағдыры. Туған тілдің бола­шағына жазушылар жауапты, сол тілде сөйлейтін жеткіншек ұрпақты тәрбиелеу де біздің міндетіміз» дей келе, бастауыш сыныптан бастап ағылшын тілін оқыту­дың қолға алынғалы жатқанын сын тезіне алды. Әдебиетші-ғалым Әбілпейіз Ыды­ры­сов буын сабақтастығы, жас ақын Танакөз Толқынқызы әдебиеттің басты парызы - адам жанының тазалығы, ізгілі­гі, рухани кемелділік туралы ойларын ортаға салды. Жазушылар Асқар Алтай, Қоғабай Сәрсеке, сыншы Бақыт Кәрі­ба­ева және басқа да сөйлеушілер әдебиеттің абырой-беделін қорғау жолында өзек­жарды ұсыныс-пікірлерін айтты.
Пленум жұмысына жоғарғы әкімшілік тарапынан арнайы қатысқан Әлібек Ас­қаров мемлекеттік тапсырыспен шығатын кітаптарға төленетін қаламақы мәселесін оңтайлы шешу жолдары қарастырылып жатқанын жеткізді.
Жазушылар пленумы талқыланған мәселе бойынша қаулы қабылдады. Соған сәйкес жазушылардың ХІV Құрылтайы алдағы 24 қыркүйекте өтетін болып ше­шіл­ді.

Төреғали ТӘШЕН


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер