BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 376.4 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 427.36 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.86
Астана:

Жаның жай тапсын десең, «Жан күйзелісіне» бар

Бүгін Ұлттық музейде мүсінші Алексей Четвериковтың «Жан күйзелісі» атты көрмесі ашылды. Экспозицияға мүсіншінің ағаш, металл, мәрмәр, сүйек сынды әртүрлі материалдармен жұмыс жасау барысындағы асқан шеберлігін көрсететін 250-ге жуық туындылар қойылды, деп хабарлайды Baq.kz.

Алексей Четвериков мүсін жасауда жеке техникасын қалыптастырған өнер иесі, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі болған (1956-2015). Мамандығы бойынша әскери қызметкер өмір жолын өнерден тапты. Ол айнаға арналған жақтаулар, қобдишалар, әртүрлі әшекейлер мен аксессуарлар сынды алғашқы жұмыстарын ағаштан ойып жасады. Мүсінші 80-жылдардың соңында бөлшектерін мұқият пысықтап алып, қоладан көркемдік композиция жасайтын мүсіншілік өнердің жаңа қырын меңгерді.

Көрмеге қойылатын туындылар шынының сынғыштығына, металдың беріктігіне қарамай, автордың әртүрлі материалдармен жұмыс жасау тілін меңгергенін көрсетеді. Мысалы, қоладан құйылған бұйымдардан («Алтын адам») автордың ұсақ детальдармен жұмыс істеу шеберлігін аңғарсақ, ақаш пен мәрмәрдан («Наташа», «Арман») жасалған бұйымдарда күрделі иірімдер мен тегістік байқалады.

Мүсінші жұмыстарының арасыннан көлемі ұсақ фигуралардан («Ойға шомған періште») тұтас ірі скульптураларға («Анабель») дейін кездестіре аласыз.

Үстел үстіне қоятын шамдар, таяқ немесе тарақ сынды қарапайым заттарды Четвериков бірегей өнер туындыларына айналдыра білді.

Көрмеге қойылған экспонаттардың арасында ішкі механизмінің күшімен белгілі уақытта ашылып-жабылатын жұмыртқа-сағатты да ерекше атап өткен жөн.

Мүсіндерді әшекейлеп тұрған қымбат және жартылай қымбат тастар айрықша көз тартып, картина мен өзге де графикалық туындылары автордың қоршаған ортаның сұлулығын, үйлесімін көрсетуге деген жігерін танытады.

Алексей Четвериков соңынан өнер майталмандарының аса жоғары бағасын алған үлкен мұра қалдырды.

Бір сөзбен айтқанда, бұл көрмеге барған да арманда, бармаған да арманда.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер