BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 378.87 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 422.4 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.87
Астана:

«Зере» спектаклінің премьерасы өтті

Фото: Абзал Қалиев

Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры «Зере» драмасының премьерасын ұсынды. Бұл Зере рөлінің тұңғыш рет қазақ сахнасына шығуы, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігінің тілшісі.

Театр ұжымы ұлыларды тәрбиелеп, еліне дана болған ана образын сахнаға алып шығу арқылы қазақтың қыз тәрбиесінегі үлкен жауапкершілігін көрсетіп, ананы құрметтеуге шақырады.

«Зере» – ақын Ұлықбек Есдәулетовтың драматургия саласындағы тұңғыш шығармасы. Автор Зерені тек ана ретінде ғана емес, қайраткер ретінде көрсетуге тырысқандығын айтады.

«Бұл менің драматургия саласындағы тырнақалды туындым. Былтыр театрдың тарапынан осы драманы жазуға өтініш болды. Көп уақытым материал жинауға кетті. Зерені жай ғана ана емес ұлы адамдардың тәрбиешісі ретінде, қоғамның үлкен діңгегіндегі қайраткер ретінде көрсетуге талпындым. Бағасын халық, сарапшылар бере жатар. Мен шығарманы жазу барысында осы салаға іштей ояныс болды. Оның үстіне, апаны зерттеу кезінде көп материалдар жинақталып қалды. Сондықтан, алда бұл жанрда тағы да қалам тербеуім мүмкін. Бірақ драматургияны менің салам еді деп айта алмаймын», - дейді ақын Ұлықбек Есдәулет.

Ал, режиссер әже, бала және немеренің арасындағы үлкен махаббат пен сыйластықты көрсетіп, әсіресе, Құнанбайды басқа қырынан танытқысы келгенін айтады.

«Бұл спектакльді көп әрекетке, көп ойға, астарлы сөзге құрдым. Көрерменнің Абай туралы, Құнанбай туралы қалыптасқан ойы бар. Мен олардың бәрінен қаштым. Құнанбай мен Абайдың арасын әке мен бала арасындағы әдемі қарым-қатынастармен ашуға тырыстым. Зеремен үшеуі қосылғандағы арақашықтықты пайдаландым. Құнанбай да бала бола болған. Оның анасына деген махаббаты мен құрметін көрсеттім. Үлкен декорация жасаған жоқпын. Ақ нұр әлем – Жидебайдағы толқындаған ақселеуді көрсеттім. Сол табиғат пен адамдардың арақатынасын байланыстыруға тырыстым. Зере тақырыбы бұрын қозғалмаған. Бұл Ұлықбек Есдәулеттің үлкен бір талпынысы, оның алғашқы драмалық шығармасы. Бүгін ол ана туралы үлкен бір спектакльге айналды ғой деп есептеймін. Қойылым өсіп келе жатқан қазақ қыздары мен ұлдарына өте керек дүние. Режиссер ретінде сәтті шыққан туынды деп есептеймін», - дейді «Зере» спектаклінің режиссері Нұрқанат Жақыпбай.

Режиссердің асистенті Сырым Қашқабаев қойылымның театрдағы басқа спектакльдерден ерекшелігіне тоқталды.

«Бұл бізде бар спектакльдерден ерекшелігі – құнарлы, мәнді, мағыналы сөзге құрылғандығында. Яғни, көрермен шоу іздесе онда оны таба алмайды. Екіншіден, біздің бақытымызға орай театрда бірге үзеңгілес болып жүрген апайымыз, театрымыздың анасы, ҚР Халық әртісі Гүлжан Әспетоваға арнайы жазылған. Жұрт көбінесе Құнанбайды қатал, қатігез ретінде таниды. Бұл спектакльде осы стереотипті бұзу мақсатында Құнанбай болып күлемін, Құнанбай болып жылаймын. Яғни, Құнанбайдың бала, әке, аға сұлтан кезеңіндегі өмірінен үзінді ала отырып жұмыр басты пенде ретінде көрсетіледі», - дейді режиссердің асистенті, Құнанбай рөлін сомдаған актер Сырым Қашқабаев.

«Бұл менің 70 жасыма орайластырылған қойылым болды. Дастархан жайып, шай ішумен ғана мерейтой өтпейді. Менің тойым – рөл. Сол үшін менің 70 жасымды құттықтағысы келген ұжым басшылығынан тың рөл сұрадым. Соны абыроймен алып шығайын дедім. Сөйтіп осы «Зере» драмасы жазылды. Менің әр рөлден ұғынатыным бар. Адамның жанын байытатын әр рөлдің өзінің ғажап дүниелері болады. Рөлді біз жаттап алып сыдыртпаймыз, оны бойымызға сіңіреміз, рөлге енеміз. Зереден көп нәрсені алдым. Аларым әлі де көп деп есептеймін. Көпшілікті имандылыққа, адамгершілік пен кешірімділікке шақырдық-ау деп ойлаймын», - дейді Зере рөлін сомдаған актер Гүлжан Әспетова.

Айта кетейік, спектакльдің премьерасы Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында бүгін де өтеді.

Фото: Абзал Қалиев


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер