BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 379.36 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 424.47 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.88
Астана:

Зере образы тұңғыш рет театрда сахналанбақ

Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры тамыз айының 23-24 күндері «Зере» атты драманың премьерасын ұсынады. Бұл Зере образының тұңғыш рет қазақ сахнасына шығуы. Бұл туралы аталған театрдың басшысы Baq.kz ақпарат агенттігінің тілшісіне берген сұхбатында айтты.

«Зере» спектаклінің авторы – ақын Ұлықбек Есдәулетов. Режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Нұрқанат Жақыпбай. Ал қоюшы суретшісі – Берік Бурбаев.

«Зере образы бұрын-соңды қазақ сахнасына шықпаған. Қазіргі таңда қазақ сахнасына ана образын алып шығу өте өзекті деп ойлаймын. Өйткені, соңғы кезде қоғамда болып жатқан тастанды бала, қыздар тәрбиесі біздің шығармашылық ұжымға қатты әсер етіп отыр. «Ел болам десең бесігіңді түзе» дейді ғой, бесікті тербететін, баланы тәрбиелейтін ол – ана. Сондықтан да біз осы «Зере» спектаклін сахналауды жөн көрдік. Зере рөлін театрымыздың белгілі актрисасы Гүлжан Әспетова сомдайды. Бұл бір жағынан Қазақстанның халық әртісі Гүлжан Әспетованың сахнадағы 50 жылдық еңбегіне жасалған үлкен сый», - деді Қалибек Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалық драма театрының директоры Айболат Сексенбаев.

Театр басшысының айтуынша, «Зере» спектаклінде Құнанбай рөлін Сырым Қашқабаев, Абай рөлін Жанат Оспанов сомдайды.

«Спектакльде Зеренің келін болып түскенінен қартайғанға дейінгі шағы қамтылады. Онда тек Зеренің ана ретіндегі бейнесі ғана емес, сондағы қазақ қоғамына ақылшы ретінде дана болғанын көрсеттік деп ойлаймын», - дейді театр басшысы Айболат Жанғалиұлы.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер