BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 376.73 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 427.36 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.75
Астана:

Ұлттық операға студенттерді, ағайын-туыстарды апарып, отырғызып қоятынбыз – министр

Фото: ашық дереккөзден

Астана, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы ұлттық операларға деген сұраныстың артып келе жатқанын айтты.

«Бүгінгі таңда біздің театрлар көрермендердің үлкен ықыласына, назарына ие екенін ауыз толтырып айта аламын. «Астана Операда» барлық спектакльдердің билеттері екі ай бұрын өтіп кетеді. Бұдан бұрын ұлттық опералардың репертуарын сақтау үшін шыны керек, залға студенттерді қуып тығатынбыз. Себебі, егер опера табысқа ие болмаса, оны репертуардан алып тастауы керектігі туралы талап бар», - деді министр Үкіметтің баспасөз орталығында өткен брифинг барысында.

Министрдің айтуынша, бізде айналдырған үш-төрт ұлттық опера бар.

«Оларды репертуардан алып тастасақ жарамайды ғой. Сол үшін біз амалдың жоқтығынан студенттерді, ағайын-туыстарды апарып, «мінекей, көрермен келді» деп отырғызып қоятынбыз. Ал қазіргі таңда ең бірінші кезекте ұлттық опералардың билеттері өтіп жатыр. «Абай» операсы, «Біржан Сара», «Қыз-Жібек» операсына келушілер жетерлік. Қызықты болғаннан кейін халық операға келеді. Ал егер де жоғары деңгейде болмаса, қазіргі уақытта көрерменді театрға күштеп апара алмайсың», - деді Арыстанбек Мұхамедиұлы.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер