BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Ұлттық би өнері неге кенжелеп келеді?

Астана. 12 қазан. Baq.kz «Қазақта би өнері болған ба, болмаған ба?» деген сауалдың таласқа түсіп келе жатқанына біраз уақыт болды. Биші қауым «қазақта бұл өнер болмаған дегенді биді білмейтін сауатсыздар айтады» десе, бұған кереғар пікірдегі топ «Ата-бабамыздың би билеп жүргені жөнінде айтылатын дерек жоққа тән 

Сондықтан бұған намыстанудың қажеті жоқ және оның болу-болмауы да айнымайтын заңдылық емес. Мәселе – оның одан кейінгі дамуы мен заманға лайық үлгіге ене білуінде, өзіндік бет-бейнесін қалыптастыра алуында» дейді. «Би өнерінің падишасы» атанған Шара Жиенқұлованың бұл саланы дәуірлетіп, үлкен өнер тұғырына көтеруі де бертінде ғана екенін ескерсек, қазақ биінің әлі де болса үлкен ізденісті қажет ететінін сезінесіз.
Қазіргі қазақтың ұлттық би өнері шығыс билері мен әлем билерінің көлеңкесінде қалып бара жатқаны да жасырын емес. Сән-салтанаты келіскен кештер мен кездесулерде, жиын-той­лар­да қазақтың ұлттық билерінен гөрі шығыстық стильдегі билер өзде­рінің өтімдірек екендігін дәлел­деуде. Мемлекеттік биліктегі мәр­те­белі қонақты қарсы алу сал­­­та­натының шымылдығы өзбек би­лерімен ашылғанын көріп, талай мәрте қапа болғанымыз да жасы­рын емес. Мұндай мысал­дар­дың бар­лығы ұлттық би өне­рінің жаңа қарқынмен дамуы керек екендігін көрсетіп отыр. Мұндай мысал­дар­дың барлығы «Қазақта би болған ба, болмаған ба?» деген сауал­дар­мен сан­сы­ра­ғаннан гөрі ұлттық би өнерін за­манға сай түрлендіру керек екен­дігін айқындады. Қазір бә­ріміз «Қа­ражорғашыл» болып алдық. Тіпті кейбір мектептер «Қара­жорғаны» күнделікті жат­тығу ор­нына қолдану арқылы бала­лар­дың патриоттық сезімін оятамыз» де­сіп жүр. Рас, «Қаражорғаның» ұлт­­тық би өнеріне өзіндік сер­піліс­пен қосылғаны белгілі. Бірақ бір ғана «Қаражорға» қазақтың бү­кіл би өнеріне қалай көшбасшы бол­сын?
Мұхтар Әуезовтің «Бiздiң қа­зақ халқы дарынды, өнерпаз ха­лық, ән, күй деген мұра­мызда шек жоқ. Ал бұл қазақ халқы­нан қал­ған биден мұра өте аз. Жаңа ұрпақ осы бидi қолға алғаны жөн» деген алаңының өзектілігі бүгін күн тәртібіндегі мәселеге шығуы тиіс секілді. Әнші, күйшіні сана­ма­лай жөнелетін көпшілік қазір қазақ­тың би өнеріндегі жұл­дыз­дары деп Шара Жиенқұловадан басқа ешкімді атай да алмайды. Бұл – Шарадан кейін биші болған жоқ, бізде кәсіби бишілер жоқ де­ген сөз емес. Бұл – би өнерін мем­лекеттік дәрежеде дамытудың жолдарын қарастыру, бишілердің беделін, мәртебесін көтеретін іс-шараларды қолға алу керектігін сезіну ғана. Бізде ұлттық билерден гөрі классикалық би өнері жақсы дамыды. Балет өне­ріндегі биші­лер әлем сахна­ла­рына шығып, қазақтың би өне­рін­дегі қабілетін та­ныту арқылы әлем жұртын таң­ғал­­дырды.
Демек, қазақ қандай биге болса да қабілетті. Би өнерінде әлем халқын мойын­да­т­арлық қауқары бар. Қазіргі таңда республиканың әр аумағында жекеменшік би мектептері, би студиялары мен үйір­ме­лері бар. Бірақ ұлттық қолтаңбасы болмай, төл өнерімізді дамытпай, біз шығыс биі, ис­пан билерімен алға оза алмаймыз. Шығыс биімен өзбекті, ұйғырды, түрікмен мен тәжікті, батыс билерімен испан­дық­тарды таңғалдыра алмайтынымыз анық. Ендеше, ұлттық би үлкен қамқорлықты қажет етеді.
Өнертанушылар мен тиісті билік өкіл­дері би туралы баяндамаларында қазақ биінің бір­неше дәуiрдi бастан кешкенін, қазақ би өнерiнiң түп-тамыры ғасырлар қойнауынан бастау алатынын мақтаныш қылумен жүр. Біз қазір баяғыдағы билердің ұлттық ойындар мен салт-жораларда сақ­талғанын, тарихи және этнографиялық де­рек­терде қалыптасу негіздері барлығын, жиын-тойларда жұрт көңілін көтеретін күлдіргіш-қуақылардың өнерлерінде би қимылдары мол қолданылғанын, қазақ биі көшпелі малшының тұрмыс-тіршілігін, та­би­ғат көріністерін ұлттық таным-талғамға сай көркем бейнелегенін өнер­та­ну­шы­лар­дың айтуымен ғана білеміз. «Қа­зақ ба­тыр­лары жауды ойсырата жеңіп, елге таяп қалғанда анадай жерден аттарынан түсіп, ауылға қа­рай «Бүркіт» биін билеп келетін бол­ған» дейді тағы бір тарихи жазбалар. Ендеше, бізге ежелгі билердің канондық түрлері неге жетпей қалды? Мұның бәрі ұлттық би өнерінің тарихын қайта зерттеуді қажет етеді. Бүгінгі би өнерінде Шара Жиен­құлова, Дәурен Әбiров, Зауыр Рай­баев, Гүлжан Тал­па­қовалардың ізін жал­ғасты­ратын жаңа, жас буын­ның қа­лып­та­суы керектігі де маңызды.
Қадырқұл Андосов, Т.Жүргенов атын­дағы Өнер академиясы хореография фа­куль­тетінің профессоры:
– Бізде ұлттық би дамыған. Оны «да­мымай жатыр» деп білмейтін адам­дар айтады. Біздің би өнеріміз ешкімнен кем емес. Ал енді сол бишілердің әлеу­меттік жағы жайлы айтылса, онда ол мәселе – ойланарлық нәрсе. Бишілер зей­неткерлік жасын қысқарту мәселесін айта-айта әбден шаршады. Бұрын бишілер 38 жасында зейнетке шығатын болса, қазір олар 58 жасын күтумен жүр. Яғни оларға осы жасқа жеткенге дейін сахнада билеуге тура келеді. Ал кәрі адамның сахнада билеп жүргенін елестетіп көріңіз. Осыдан соң қазақ биіне қалай жаңа леп қосылсын? Рас, көбі ұстаздыққа кетеді. Бірақ бәленбай бишінің бәрін қай оқу орны ұстаз ғып ала берсін? Қазір балалардың биге деген ынтасы өте тамаша. Тек соларды дұрыс бағыттап, ұлттық биге дұрыстап баулу керек.
Әшірбек Сығай, театр сыншысы:
– Би де театр өнері секілді бірде да­миды, бірде құлдырайды. Ол – кез келген жанрға тән құбылыс. Сол тұрғыдан қарасақ, би өнеріндегі тә­жі­рибелі мамандар бүгін азайды, кейбіреуі кетіп қалды. Болат Аю­ха­нов­тың өзі алқынып отыр. Жастар әлі кә­сібилікке жете алмай жатыр. Бар бидің өзінде ұқсас қимылдар, сол баяғы ұршық иіру, киіз басу, белгілі болған, баяғыдан сарытап болған сюжеттерден шыға алмай келе жатқаны рас. Ұлттық биде кенжелеп келе жатқанымызды мойын­дауымыз керек. Ал классикалық биден Қазақстан алдыңғы қатарлардың бірінде. Ұлттық биден Шара жеткен биіктен айырылып қалғанымыздың өзі жасырын емес. «Әлеуметтік жағдай нашар» дейді бишілер. Әлеуметтік жағдай қазір театрда да жетісіп тұрған жоқ. «Талант тас жарады». Бойға біткен дарын ештеңеге қарамайды. Ол тек қабілеттің, ұмтылыстың жоқтығынан деп қана қараймын мен. Әйтпесе бізде музыка деген жетеді. Ең бастысы, бидің, бишінің, биді қоятын маманның жоқ­ты­ғында. Мен ұлттық бидің кенжелеп келе жатқанын мамандардың жетіс­пеуі­нен дер едім.
Автор: Шолпан ҚАРАЕВА 


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер