BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Түркияда қазақтың ұлттық аспабын насихаттап жүргенімді мақтан тұтамын – Седат Солакоғлы

Седат Солакоғлы 1980 жылы Ыстамбұл қаласында дүниеге келген. Ұлты – Қырым татары. Жергілікті «Кент» оркестрінің өнерпазы. «Қазақ мәдениеті» қоғамында 10 жылдан бері қазақ жастарына домбыра сабағын береді. Көптеген xалықаралық, республикалық сайыстардың лауреаты. Домбырадан басқа бағлама атты түрік аспабы, уд аспабы және саксофонда ойнайды. Baq.kz тілшісі Түркияға сапарында домбыра күмбіріне ғашық болған Седат беймен әңгімелесіп келді.

Домбыраның күмбіріне қатты қызықтым

Домбыраны қалай үйренгенімді қысқаша айтайын. Бала кезімде түріктің бағлама деген аспабын үйренуге бардым. Сол кезде 80-дегі әжем «балам, домбыра тарт» дейтін. 10-11 жасымда домбыраның не екенін білмеймін. Қарт болған соң себебін сұрамадым. Жылдар өтті. Лицейде оқып жүргенде түркі дүниесі оркестріне бардым. Сол кезде Түркия қазағы домбырамен қазақша ән айтты. 4-5 жыл бұрынғы әжемнің домбыра туралы айтқаны құлағымда қалған. Мұғалімнен қалай күй тартуға болатынын сұрадым. Ол кісі Түркияға Қытайдан көшіп келген қазақ екен. Сол кезден қызығушылық басталды. Домбыраның күмбірі қатты ұнаған соң Қазақстанда білім аламын деп мақсат қойдым. 2002 жылы Ыстамбұл бас елшілігіне Қазақстанға қалай баруға болатынын білу үшін бардым. Олар ХҚТУ деген университеттің барын айтып, сол жаққа тапсыр деді. Түркияға дипломы жарайды екен. Тапсырдым, 2003-2008 жылдары «Музыкалық білім» мамандығында оқыдым. Ұстазым Айгүл Үлкенбаевамен 2003 жылы таныстым. Одан кейін Түркиядағы Сакария университетінде магистратурасын тәмамдадым. Бұл жерде «Түрік халықтары күй өнері және қазақ түріктерінің күй дәстүрі» атты тақырыпта диссертация қорғадым. Өмірімнің соңына дейін енді осы домбыраны арқалап жүремін. Қазақстаннан да біраз өнерпазбен араласып тұрамыз. Олар Түркияға келсе мені іздейді, мен Қазақстанға барсам оларды іздеймін. Жиі-жиі концерттерге барып тұрамыз. Осы жазда «Астана-Арқау» дәстүрлі түрік музыкасы фестиваліне қатыстым.

Домбыра туралы көп іздендім

2008 жылдан бастап «Қазақ мәдениеті» қоғамында домбыра үйірмесі тұрақты жұмыс істейді. Сол жерде бір жылдай сабақ бердім. Қазір Ыстамбұлда көбінесе Түркиядағы қазақ балаларына домбыра шертуді үйретемін. 2014 жылы 26 маусымда домбыра курсы алғашқы түлектерін дайындап шығарды. Нотамен үйретеміз. Біраз шәкіртім бар. Домбыра тартып, күйлер, әндер орындап жүр. Биыл бұйырса жаңадан топ ашамыз. Мүмкін Сакарияда да ашылып қалар. Домбыра үйренушілерге арналған әдістемелік еңбекті қазақшадан түрікшеге аударып жатырмыз. Білім министрлігінің бекітуімен баспадан шығады деген ойдамын. Қазақстаннан келетін домбырашыларға да жол ашылып жатыр. Түркістанда оқыған кезде университеттегі оқытушылармен ғана жұмыс істемедім. Шымкентке, Кентауға, Қызылордаға да бардым. Іздендім. 2003 жылы Алматыға барған кезде Құрманғазы оркестрінде жұмыс істеген Дәурен Әлімбай деген ағам домбырадан алғашқы ұстазым болды. Домбыра Алматыда жасалған. Домбырам көп, психологиялық көңіл-күйіме байланысты қолданамын. Қолымдағы домбыра күйге арналған, дауысы қатты емес, жәй шығады. Әнге арналмаған.

Қазақ тілін қалай үйрендіңіз дейсіз бе? Түркияда жеңіл сөздерді үйрендім, 1995 жылдан бастап Түркиядағы қазақтармен араластым. Қазақстанға барғанда қазақ тілін тез үйреніп кеттім.

Сакариядағы қазақ студенттерімен қалай таныстым?

Сакариядағы қазақ студенттері Тәуелсіздіктің 24 жылдығын ұйымдастырып жатыр екен. Сакария әкімшілігіндегі қалалық оркестрде жұмыс істейтін кезім. Қазақстанда білім алып келген мені Мұхитжан атты студент іздеп келді. Алғаш рет ұйымдастырғандықтан мереке керемет өтті. Биыл да 16 желтоқсанда атап өтеміз. Алматыдағы оркестрден 22 өнерпаз келейін деп жатыр.

Түркияда біраз студенттерді танимыз, Стамбулда, Анкарада көп. Әрине бәрі жақсы, бірақ Сакариядағы студенттер ерекше, қазақи, қарым-қатынастары керемет. Жиі-жиі жиналып, қазақтың салт-дәстүрін сақтап, насихаттап жүреміз. Биліктегі Ләзиза апай мен қазақ студенттерінің басшысы Жарас қазақ студенттерін басқарып отыр (күлді).

Қазақтың киелі домбырасы мені Түркияға танытты. Қос бауырлас елдің арасында дәнекер боп, қазақтың ұлттық аспабын түркі әлемінде насихаттап жүргенім үшін қуаныштымын.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер