BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Тұрағұл ИБРАГИМОВ, Абайдың ұлы: Жақсы атқа, қыран құсқа құмар еді

...Мен әкемнің отыз екі жасында, жігіт ағасы болып қалған кезінде туғанмын. Мен әкемді танығанда әкемнің жүзі ашық, ажары сыртында, көзі өткір, ашуы да, қуануы да жылдам, ширақ жанды адам еді. Мәжілісі қызықты, сауықшыл, дастарқаны аса мол еді. Бір іспен қызықтамай, жай, салбырап, шаруасын істеп отырмаушы еді. Маған десе, малай, малшы, қызметкер қатынның да болса, бір тәуір мінезін, қылығын тауып, жақсы көріп, ойнап-қалжыңдап отырар еді.

 


Еш уақытта іші сүймеген, сенбеген адам­мен мәжілістес болып, ұзақ отыра алмаушы еді. ...Ұйқысы шағын, жалпы ха­лық­тан кеш жатып, ерте тұру – жалпы, әдеті. Төсегінің алдынан қалың постель төсетіп, оның үстіне көрпе салғызып, бір жағынан үлкен жастық қойғызып, көйлек­шең, басқа киім кимей, жастығына шын­тақ­тап, кейде бауырына басып отырушы еді, қағаз шайдан басқа шай ішкен емес, қантсыз шай ішкенін көргенім жоқ. Бірақ ол қант алдында жатады. Көп жегіш емес. Таңертеңгі шайына кейде жұмыртқа қос­тырып құймақ құйғызады, кейде самса пісіртетін, жеке бауырсақпен іше қоймаушы еді. Шайын стаканға құйғызып, ыстық күйін­де ішпей, салқындаған кезінде жұта салушы еді.

Қазақ ойнайтын ойындар – дойбы, қарт сықылды ойындардың бәріне де ілгергі қазақтың ойыншылары ретті ойнау­шы еді, сөйтсе де мен білген кезде салынып, қызықтап ойнайтын ойыны тоғызқұмалақ еді. Қай-қайдағы тобықты ішіндегі ойыншы шалдар келіп, ай жатып, ойнап қайтушы еді. Сондай ойыншы шалдарының дәулеті нашарлары кейде соғымдық қой, тай, тайын­ша алып, я атқа мініп қайтқаны да болды.

...Таңертеңгі шайды ішкен соң, менің әкем көйлекшең күйінде, басында тақиясы, бауырына ақ жастығын басып, құмалағын ойнап жатады. Күндіз келген ел арасының ретті адамдары да ойынға кірісіп кетеді, құмалақ кезек тимегендер, я ойнай білмей­тіні, балалар өз алдына дойбы, я қарттың дүкенін ашады. Құмалақта әкемді жеңген адам көргенім жоқ.

Біздің қазақтың уақытқа байлығынан бір әдеті – бір жерге жұмыспен барса, барған жұмысын барған жерден айтпай, не қонып, не түстеніп, енді аттанарында ғана айтады. Менің әкем елдің бұл әдетіне қарсы еді. Алыс жерден келген сыйлы адам болмаса, ел арасының адамынан келген жерден жұмысын сұрап, бітіріп, «енді оты­ра бер» деп, өзі алаңсыз ойынына, я кіта­бына кіріп кетуші еді. Егер келген кісі сұра­ған жерден жұмысын айтпай, елдің әдетіне салып тығынып қалса, оған ыза болып, енді ол «айтарлық кезегім келді» деп жұмысын айтпақшы болғанда, «бағанағы сұрағанымда неге айтпадың?» деп ұрсып, кейде сөзін тыңдамай да қояды. Сұраған жерде жұмысын айтқан кісіге ырза болып қалады. Біздің елдің адамы бұл мінезіне үйренгендігінен, «неғып жүрсің?» деп сұраған жерден жұмысын айтатын болды.

Шаруа жағына көзінің қырын сирек салады. Күндіз-түні босатпайтын елдің жұмысынан қолы да тимейді. Шаруаның үш түрін ескеруші еді: жақсы қонысты таңдап қону, жақсы малшыны іздеп тауып, ақысын қымбатсынбай алу, жылқының аса ер жетіп кеткені бар ма – соны ғана қа­рау­шы еді. Жақсы ат, я айғыр сықылды жылқы­сы болмаса, жалпы, жылқысын танымайды, қой мен түйені де сеніп алған қойшы, түйе­шісінен ғана сұрайды, әйтпесе өзі «мы­нау менің түйем», «қойым» деп бірін де та­ны­май­ды, сиырды жиған кісі емес, «сиыр қар теппейді, жаз болса, үйдің маңайын был­ғайды» деп, ол кездегі біздің елдің байла­рының бәрі де жимаушы еді.

...Таңертеңнен кешке шейін көбінесе орыстың кітабын оқиды да, ара-тұра жас­тық­ты бауырына басып, алдында ақ қаға­зы, өлең жазып тастайды, сол өлең жазар­дағы түрі: бір мұсаға мінген кісідей өңі қа­шыңқырап, азырақ ентіккен кісідей та­науы кебіңкіреп, көзі жасаураңқырайды, естір-естілместей қып күңіренгеннің ішінде күбірлеңкіреп кеп, жазып кеп кеткенде көп тоқталып ойлана бермейді де, қайта сызып түзетпейді де. Өлеңнің тығыны суырылып кеткенге ұқсайды.

...Бір ғадеті – жақсы атқа, қыран құсқа құмар еді, өзі екі-үш жыл салтанатын келіс­тіріп, құсбегілерін, мергендерін сай­лап құс салып тұрды. Балаларының әрқайсысына құс салғызды. Бірақ ұзақ уақыт құсшы бол­ғанымыз жоқ. Біреудікін алып, біреуге сапы­рып отырады. ...Мен әкемнің топта билікке тартысып, яки айтысып, сөзін сарқа сөйлеп суырылып отырғанын көргенім жоқ. Байлаулы жерінен қысқаша түйем сөзді ақырын айтса – тоқтаса қалушы еді. Менің әкемнен басқа разы іздеп, жүгіне­тұғын адамды көргенім жоқ. Жалпы, өзіміз­дің елдің жақсысын абайласам, алдына келген даудан мүмкін қадарлы өзінің до­сына пайдалы жағынан қапы қалдырмай билік айтады. Жалпы, ұрылар айтады: «Аба­й­­дың алдына өтірікпен бара алмай­мыз, жанымыз қалса, шын сөзіміздің арқа­сын­да қалады», – деп.

...Енді, Долгополовтың менің әкеме айтқан сынын жазайын. Бұл Долгополов – бірінші ме я екінші ме, Государственный Думаға Одесса қаласынан депутат болып сайланған адам. Докторлыққа экзамен беріп жатқанда саяси айыбы болып айда­лып, Семейге келген кезінде менің әкеммен таныс болып, сексен бесінші жылы жаздай біздің ауылда болған. Бір күні менің әкем сөйлесіп отырып: «Менің балаларымды сынашы», – депті. Сонда Долгополовтың айт­қаны: «Сенің балаларыңның адамға қарасы түзу, зерек, жақсы балалар. Бірақ сенің мына сән-салтанатыңды, дәулет-дәуреніңді көріп отырып, жақсы бала бола алмайды. Ғылымға ет ауыртып еңбек қыл­маса, қолға түспейді. Сенің балаларың оншалық етін ауыртып, еңбек қып неғыл­сын. Еңбексіз-ақ өзі – хан, өзі – би. Сенің ауы­лыңның төбесі көрінбестей алысқа кетсе, сонда адам болады», – депті.

Содан соң: «Өзімді сынашы», – депті ме­нің әкем. Сондағы Долгополовтың айт­қан сыны: «Сен басың алтын адамсың, бірақ үйренген әдет-салтың жаман. Таңер­тең төсектен тұрасың, біреу әкеп киімдеріңді киіндіреді, арқаңа шапаныңды жабады, есікті ашып, тысқа шығарады, қайтып кел­ген соң тағы да есікті ашып үйге енгізіп, алдыңа шылапшынды әкеліп, құманмен суды қолыңа құяды. Ас келсе, шайыңды құйып береді, етіңді жапырақтап береді. Ұйықтамақ болсаң, төсегіңді салып, өзіңді біреу шешіндіріп жатқызып, шақшаңды бір жағыңа, мұрын орамалыңды бір жағыңа тығып, үстіңе көрпеңді жауып салады. Өзің үшін өзің не қыласың? Әрнешік ұйықтап көресің», – депті. Осы Долгополовтың аз ғана сөзі менің әкемнің бірқатар әдетін, салтын көрсетер деп жаздым...

(Тұрағұл Абайұлының естелігінен ықшамдалып алынды)

http://alashainasy.kz/gib/26413/


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер