BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Тұңғышбайлар шашылып жатқандай тұтқындаймыз...

Тұңғышбай мырза менің арашама зәру емес, ол анық. Бірақ болмай қалған мәселеде «шу» ете қалатын біздер, мынандай істе позиция көрсетпесек, онда адамдық арымызға сын болмақ. О баста басын ашып алайық. Мен ол кісінің шәкірті емеспін. Маған өтіп кеткен жақсылығы да жоқ. Еңлікгүлін алмадым. Рас екі-үш фестивальда «ең үздік ер бейнесін» иемденгенімде біраз жылы сөздер айтқан. Басқа араласымыз жоқ жандармыз. Бірақ азамат ретінде өте қатты сыйлайтын адамым. Тұңғышбай аға Әкем театрда директор болып тұрғанда мен жаңадан оқу бітіріп ТЮЗға жұмысқа кіріп жатқан кезім. Тоқыраудың кезінде Театрды іскерлігімен де, беделімен де, жаңкештілігімен де өрге сүйреген тұлға екенін сол кезде көрсетті Тұқаң. Қаншама «қаңғып» қалған жастарға қолдау көрсетіп жұмысқа алды. Пәтер бергізді. Азаматтық па? Әлбетте!

Бұл кісінің дүт мінезімен көп адамға жақпайтыны да, шындықты айта салам деп талай ұрынғанын да соқыр еместер көріп, біліп келдік. Қазіргі таңда мәдениет саласында көші көліксіз қалған, ең бейшаралар басқа емес актерлар деп «қақсап» жүріп мына біздердің қамымызды жеді ме? Жеді!

Ешбір мемлекеттік қолдау жоқ «Еңлікгүл» номинациясына талай миллиондарды тапты ма? Тапты!

Ешкім назарға алмайтын жер-жерлердегі театрлар қызметкерлеріне, яғни бутафор, сүретшілер, костюмерлер мен жарық берушілер, гримерларға марапат үлестірілді ме? Үлестірілді.

Өгей ұлдың xаліндегі ешкім танымайтын перифериядағы актерлар, сапасы жоғары, «глянцты» журналға жарқырап шықты ма? Шықты!

40-50 мың айлықпен өмірден баз кешкен «байғұстардың» өміріне титтей болса да шуақ түсірді ме? Түсірді!

Ал енді не?

«Еңлікгүл» таратыларда құзғынша шулайтын менің әріптестерім қайда қазір? Жоқ! Талайы смартфонның ар жағында бақылап отыр ма? Отыр!

Отыра берсін. Қайтеді енді. Бірдеңе десе басы бәлеге қалуы мүмкін. Жоқ дегенде директордан ұрыс естігісі келмейді. Жақсы түсінем. Ал мен ұрдым да қол қойдым!

Мен Әлбетте Тұңғышбайдай тұлғаны асқақтату үшін, өзгені қаралаудан аулақпын. Тұқаң кіммен ұстасады, онда шаруам жоқ. Бірақ айтарым мынау. Қандай ел болдық ағайын? Қандай мемлекет құрды біздің ағалар? 60000000000-тан астам (60миллиард) ақшаны жоқ қылған экс финпол үйқамақта. Өз киносына ақша тауып, «қоқым» терген Тұқаң тұтқында. 6 адамды қағып, екеуін мерт қылғандар бостандықта да, ауқат үшін тауық ұрлаған түрмеде. Не болдық біз? Мен тіпті соңғы жағдайлардан кейін актермын деп айтуға ұялатын жағдайға жеттім. Ендігі тірлігіміз мынау. Тұңғышбайлар шашылып жатқандай тұтқындаймыз. Мазақтаймыз. Өстіп жүріп өлтіреміз, көрге тығамыз. Сосын сықсыңдап өтірік жылаймыз. Киноларын көріп еске аламыз, талантына тәнті болып, ойынына омақаса құлап, «посмертно» қаһарман қыламыз. Кешірерсіздер, эмоцияма ие бола алмай жатсам дұрыс түсініңіздер.

Өнердегі қариялар ақсақалдық танытудың орнына қия тартып, өзгелері бұра тартып, өз беделін күлге аунатқанмен қоймай, күллі актерларға залал келтірді. Ұят тіпті. Мен ертеңгі күннен ұялам. Тариxтан. Біз қаласақ та, қаламасақ та, ертең тариx бәріміздің «бір жерімізді» ашады. Сонда ұрпақ алдында масқара болудан сақтанайық. Өз асылдарымызды сақтайық. Тұқа, Сіз актер болсаңыз, мен де актермын. Қапа болмаңыз, жалғыз емессіз! Біз жоқ дегенде екеуміз!


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер