BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Суми Джо: Мен ән шырқағанда тыңдармандарым өздерін бақытты сезінеді

– Классикалық музыкант, әнші ретінде қалыптасуыңызға сіздің тегіңіз қалай әсер етті?

– Мен Сеулде дүниеге келдім. Сеул ұлттық университетінде екі жыл білім алдым. Бельканто мен операның отаны Италия болғандықтан әрі Еуропа мәдениетімен танысқым келгендіктен, 1983 жылы сонда көшіп бардым.

О баста, анам опера әншісі болуды армандапты. Алайда, Кореядағы саяси ахуал музыкалық білім алуына мүмкіндік бермеген. Анамның арманын мен жалғастырдым.

Анам маған жүкті кезінде үнемі сопрано мен классикалық музыканы тыңдаған екен, сол себепті бұл әуендер менің болмысыма өмірге келмей тұрғаннан жақын… Төрт жасымда тұңғыш рет пианиноның пернесін басып көрдім, 5-6 жасымнан ән айта бастағам да, кәсіби түрде ән шырқаумен 11 жасымнан айналыстым. Сол кездің өзінде Джоан Сазерлэнд пен Калластың дауыстарына еліктеп ән салуға тырысатынмын. Жан дүнием ән салып тұрғандай көрінетін, анам да үйде үнемі классикалық музыка күйтабақтарын шырқатып қоятын. Адамдар менің әнімді тыңдағанда өздерін бақытты сезінетіндерін жиі айтады.

– Яғни, сіздің музыкант болуыңызға барынша ықпал еткен адам анаңыз ғой?..

– Шынымды айтсам, бала кезімде күніне 8 сағат бойы пианино тартудан шаршап, талай рет үйден қашып кеткім келген. Анамның маған айтқан ақылы, жұмсаған күші мен еңбегінің қаншалықты дұрыс екенін Италияға барғанда ғана түсіндім. Атақты әнші болу үшін тек қана дарынды болудың аздық ететініне көзім жетті. Кәсіби музыкант болу үшін өзіңмен өзің дайындалып, көп еңбектену керек. Музыка әлемі өте қатал екенін бала күнімнен ұғындырған анама қазір шексіз алғысымды білдіремін.

– Вокал жағынан кімдердің тәрбиесін көрдіңіз?

– Кореяда менің бірнеше жақсы ұстазым болды. Ал Элизабет Шварцкопф және Карло Бергонци секілді білікті ұстаздарды мен Еуропаға келіп кезіктірдім. Жолыққан адамдарымның барлығынан бір нәрсе үйреніп отырдым. Қалай дұрыс тыныс алу керектігін, итальянша репертуарымды қалыптастыруды, белькантоны және неміс лидін… ұстазыңыз сізге не үйретсе, соны анық ұғып алу керек.

Өнер жолында мол тәжірибе жинақтауыма септігін тигізген адамдардың ішінде әйгілі дирижерлер Герберт фон Караянның орны ерекше. Маэстро Солти, Лорин Маазель және Зубин Мехтадан да көп нәрсе үйрендім. Осы кісілердің әрқайсысынан үйренгендерім жеке өзімнің бір жыл ішінде жиған біліміме пара-пар. Осы дирижерлердің адамға беретін рухы, шабыты керемет, жаныңа сөзбен айтып жеткісіз шаттық сыйлайды.

– Классикалық әнші үшін кәсіби білімнің алатын орнын қалай бағалайсыз?

– Біздің әрқайсымыздың денеміз аспап тәрізді. Әркімнің дене тұрқы әр түрлі болғандықтан, дауысымыз да әртүрлі шығады. Мен өз тәнімді, дауыс шығару принципін толық түсініп, өзіме ғана лайық әдістемені ойлап табуға үш жыл уақытымды жұмсадым. Италияға көшіп келгенге дейін меццо сопраномен ән айтатынмын. Алатын жоғарғы нотам С болғандықтан лирикалық әндерді жиі орындайтынмын. Санта Чечилия консерваториясында оқып жүргенімде бір күні өзім сияқты меццо сопраномен шырқайтын өте жақсы ұстазға жолықтым. Біздің бірінші сабағымыздан кейін ол менің дауысым колоратуралық сопрано екендігін бірден байқады. Бұған дейін С нотасынан басқа жоғары нота айта алмайтынмын. Ұстазым «Сен «Түн ханшайымы» бола аласың, Гофманның ертегілерін колоратурлық сопраномен орындау қолыңнан келеді» деп үлкен сенім білдірді. Ол кісінің кеңесіне құлақ асып, репертуарымды өзгерте бастадым. Тыныс алудың түрлі жолдарын қарастырып, осы салаға қатысты кітаптар оқып, басқа әншілердің ән айту тәсілдерін зерттедім. Үш жыл бойы аянбай еңбектендім. Күндердің бір күні таңертең «Түн ханшайымымен» шұғылданып жатқанымда жоғары F нотасын таза айтқанымды сездім.

Кей-кейде жоғары ноталарды шырқап жатып нотаны дұрыс айтқаныма күмәнданып қаламын. Ондай кезде өзімнің физикалық дыбыс шығару қабілетіме сеніп, ән айтуды жалғастыра беремін. «Түн ханшайымын» айтқанда қатты қиналамын, тіпті, өзімді бақытсыз сезінуім мүмкін. Себебі жоғары F нотасын таза күйінде орындау мен үшін ыңғайсыз.

– Әйгілі әнші ретінде сізге тыңдармандарыңыздың қоятын талабы да күшті болар?

– Әрине, кәсіби классикалық музыкант ретінде тыңдармандардың қоятын талабы күшті. Сондай-ақ, мен өзімнен-өзім әр нәрсені мүлтіксіз орындауды талап етемін. Спортпен шұғылданамын, дұрыс тамақтанамын, тәнім мен ойыма құрметпен қарап, үнемі сергек жүруге тырысамын. Соның арқасында шығар, менің тәнім жақсы «аспап» сияқты. Мен тек әдемі әнші ғана емес, әдемі әртіс те болғым келеді.

– Репертуар таңдауда жолыңыз болған әншісіз бе?

– Репертуарды әлі күнге сақтықпен таңдаймын. Фон Караянмен орындаған Вердидің «Балл-маскарадынан» кейін маған «Норманы» бірге орындауға ұсыныс түсті. Ол кезде бар-жоғы 25 жаста едім, жеңіл сопраномен енді ғана ән шырқап жүрген кезім. Маэстро студиядағы технологиялардың көмегімен маған «Норманы» керемет орындап шығуға болатынын айтты. Фон Караянмен айтылған тағы бір ән даңқымды асқақтатып қана қоймай, қаржылық жағынан мол олжаға кенелтетін еді. Бірақ мен келісім бермедім. Себебі, «Норма» маған лайық емес еді. Фон Караян өте қатты өкінсе де, бәрін түсінді.

– Бүгінгі таңда азиялық әншілер Еуропаны мойындатты деп айта аласыз ба?

– Еуропа әлі күнге дейін ескілікті көзқарастан арыла қойған жоқ, азиялық және қара нәсілді америкалық әншілер үшін Еуропаны мойындату әлі де қиын. Азиялықтардың көпшілігі күні бүгінге дейін «Мадам Баттерфляйды» айтып жүр. Бұл ұят нәрсе. Еуропада жақсы колоратура айтатын әншілер санаулы, мен колоратуралық әнші болғандықтан өзімді бақыттымын деп есептеймін.

Италияға алғаш көшіп келгеннен кейін мен үш жыл бойы итальяндық отбасымен бірге тұрып, олардың өмір салтын ұғындым. Өзге елдің ұлттық тағамдарын татып, еуропалық мәдениетті бойыма сіңіре бердім. Әрдайым өзімді қоршаған ортаға бейімдеуге дайын болдым. Ал кейбір азиялықтар үшін бейімделу қиынға соғады.

– Сіз үлкен жетістіктерге, мансапқа жеткен әншісіз. Ізіңізді басып келе жатқан жас азиялық әншілерге қандай кеңес бересіз?

– Менің басымнан өткен жағдай басқа да азиялық жас әншілерге тап келуі мүмкін. Егер олар үздіксіз еңбектенсе, қабілеті мен харизмасы болса, өз ісінің нағыз кәсіби маманы болуды армандаса, онда бойындағы дарынын толықтай көрсетуге мүмкіндік алады.

Ағылшын тілінен әзірлеген Ақтолыс СПАБЕКҚЫЗЫ


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
14 Қаңтар 2019, 12:17
Мен ғой.
Пікірлер