BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Шуақты ізін қалдырған күндер

Сейіт Кенжеахмет десе көз алдымызға қазақтың сайын даласы мен сан алуан салты-дәстүрі келе қалады. Өйткені Алтайдан Атырауға дейінгі ұлан-ғайыр өлкені өзі аралап, қазақтың сырлы шежіресін де қағазға түсірген осы кісі еді.

Салт-сана жайын қозғай қалсаң суырылып сала беретін Сейіт ағаны халықтың «көшпелі энциклопедия» атап кетуі де содан шығар. Оған қоса езуіне күлкі үйіріліп, қасынан қазақы қалжыңы қалмайтын қаламгерді әдеби орта «қыр елінің Крыловы» атандырған-ды.
Ұлттық құндылықтырдың қамқоршысы һәм жоқшысы болған Сейіт аға ұлт басылымы – «Ана тілі» газетінің талай жылдар бойы тұрақты авторы әрі қоғамдық негіздегі кеңесшісі болды. Ұлттық ұғымдар, салт-дәстүр, мәдениет, жалпы этнография тақырыбындағы құнды материалдары газет бетінде жиі жарияланып тұрды. Әлі күнге «Ана тілі» газетінде этнографтың артында қалған бай мұрасы – танымдық материалдары «Ұлттық болмыс ұғымдары», «Тәрбиелік дәстүрлер» айдарымен жарияланып келеді.
Бір бойына бірнеше қасиет дарыған
– Қаламгерді оның жарынан жақсы кім жақсы біледі дейсіз. Сондықтан бүгінгі сұхбатымызда ұлтымыздың мақтанышына айналған белгілі этнограф әрі көрнекті сатирик-жазушының оқырмандарға белгісіз көптеген қырлары, адами қасиеттері, аяқталмай қалған шығармалары жайлы әңгіме өрбітсек…
– Секең үлкен жүректі, адамгершілігі мол, парасатты, ой-өрісі, сана-сезімі биік, қайда жүрсе де қолынан қаламы мен қағазын тастамайтын, ойшыл, әңгіменің майын тамызып айтатын, есте сақтау қабілеті өте жоғары, мейірімді, қамқор әке, сүйікті жар, бір сөзбен айтқанда, «сегіз қырлы, бір сырлы» қазақ халқының бағына біткен біртуар азамат еді.
Саналы ғұмырында қолынан қаламын тастамай, келешек ұрпаққа құнды еңбектер жазып қалдырды. Өкініштісі сол, солардың ішінде оның «Торғай энциклопедиясы» мен Ыбырай Алтынсариннің 170 жылдығына орай «Ы.Алтынсарин энциклопедиясы» зерттеу еңбегі аяқталмай қалды. Сонымен қатар «Жеті қазына» деген үш томдық кітабының төртінші томын шығаруға мәліметтер мен мол дереккөздерін жинап жүрген еді. Секең өте еңбекқор болатын. Қай кітабына кіріспес бұрын көп ізденіп, деректер жинап, жан-жаққа хабарласып, жаны жай таппайтын.
Тіпті отағасы түнде де, түсте тынығып жатса да, бас жағына қаламы мен қағазын жастанып, кенет есіне бір нәрсе түсіп кетсе, орнынан атып тұрып, лезде жазып тастайтын. Әр уақытта ой үстінде жүріп, көп еңбектенетін. Жасы жетпістен асса да, жанындағы адамдарға салмақ салмайтын, көкірегі ояу, өзін ширақ ұстайтын, ақкөңіл, жұрттың бабын таба білетін, болашақты болжай білетін асқар таудай аяулы азаматым еді.
– Өзіңіз Секеңмен қай жылдары таныстыңыз? Ол кісіні алғаш көрген кезіңіздегі әсеріңіз есіңізде ме?
– Мен 10 сыныпты Арқалық қаласындағы №1 Шоқан Уәлиханов атындағы орта мектептен 1981 жылы бітірдім. Анық есімде жоқ, мен сегізінші ме, әлде тоғызыншы сыныпта оқып жүргенде ме, Секең оқушылармен кездесуге біздің мектепке келді. Қазір ойлап отырсам, ол кездері көрнекті жазушының жасы қырықтар шамасында екен. Сол кезде мен әлі баламын ғой, оның қандай әңгіме айтқаны есімде жоқ, бірақ қандай костюм кигені, қалай отырғаны, көзілдірігін анда-санда қозғап қоятыны осы уақытқа дейін көз алдымнан кетпейді. Одан кейін жоғары білім алу үшін Арқалық педагогикалық институтының физика-математика факультетіне түстім.
Ол кездері елге танымал қаламгер әлі институтта қызмет атқармаған болуы керек. Арқалық шағын қала болған соң анда-санда көшеде көретінмін. Секең сызып қойған түзу сызықтың бойында жүріп бара жатқандай, денесін тіп-тік ұстап, кетіп баратын еді. Қала көшесінде ерсілі-қарсылы жүретін жаяу жүргіншілер көп болды ғой. Солардың бірі есімде қалмапты. Бірақ Секеңді жиі көретінмін, көзіме жылы ұшырайтын. Бұл да бір Алла тағаланың кейін екеуміздің қосылатынымызды сездіргені шығар.
Әйтеуір белгілі тұлғаның сол жүрісі, киімге талғампаздығы ешуақытта жадым­нан кеткен емес. Кейін екеуміз қосылғаннан кейін «мен сізді мектепте оқып жүрген шақтан бері білемін. Өйткені бізбен кездесуге келгенсіз. Өзім оқушылармен бірге сол кезде айтқан әңгімеңізді тыңдап отырдым. Сізді көшеде талай рет кездестірдім» дегенімде Секең: «Мен сол кезде сенің сәлеміңді алдым ба?» – деп күлетін. «Мен білмеймін, алған шығарсыз», – дедім. «Сен сол кезде мені тоқтатып, «кейін сіздің келіншегіңіз боламын» деп айтпадың ба?» – деп әзілдейтін.
1991 жылдары мектепке жұмысқа орналасу өте қиын болатын. Мен сол кездері жұмыс іздеп жүргенімде Ғазиза деген тәтеміз «осында «Қазақ тілі» қоғамы ашылған, мүмкін сонда саған жұмыс табылып қалар» деген соң, әлгі аталған жерге бардық. «Қазақ тілі» қоғамының кеңсесіне кірсек, Секең бөлменің дәл ортасындағы орындықта отыр екен. Осылай Ғазиза тәтемнің арқасында «Қазақ тілі» қоғамына қызметке орналастым.
1991-1994 жылдар аралығында есімі ел аузында жүрген азаматпен бірге жұмыс істедік. Осы кезеңде сатирик-жазушының «Торғай жазушылары», Сәт Есенбаев туралы еңбектерін машинкаға басу бақытына ие болдым. «Қазақ тілі» қоғамында жұмыс істеп жүрген уақытта қаламгермен өте жақсы сыйластық. Өйткені бізде дауыс көтеріп сөйлеу деген мүлде болған жоқ, ұжымымыз қашан да ұйымшылдық танытты. Сонда жұмыс істеп жүргенде осы институттың екі жылдық қазақ тілі факультетіне сырттай оқуға түстім. Әлгі оқу орнында Секең сабақ бергендіктен өзімнен емтихан алды.
Баршаға мәлім, отбасылы әйелдің негізгі жұмыстан бөтен үй шаруасы да бастан асады емес пе? Кейде Секең (бастығым ғой – Б.Д.) жұмыстарымен шығып кетсе, мен де сол уақытты пайдаланып, дүкенге қарай жүгіретінмін. Көп өтпей, ол кісі де жұмысқа келетін. Сол кезде «мен есіктен шығып бара жатырсам, сен терезеден шығып кетесің» деп қана зілсіз ұрысатыны есімде. Сондай кездері мен күліп қана қоятынмын. Екеуміз қосылғаннан кейін де осы ұрысқанын есіне түсіріп талай күлгенбіз.
1994 жылы, кімге болсын күнкөріс қиын болған кездері аталған жұмыстан шығып, саудамен айналысуыма тура келді. Арада төрт жыл өткен соң Арқалықтан көшіп кеттім. Сөйтіп, тағдыр бізді 1991 жылдан бастап кездестіріп, (мектептегі шақты есептемегенде) құдай бізді 20 жылдан кейін қосып, бір жылдан артық бірге бақытты өмір сүрдік.
Қазақта «Жаманмен он жыл өмір кешкенше, жақсымен он күн өмір кешкенің артық» деген аталы сөз бар емес пе? Секеңе құдай қосқан тағдырыма ризамын! Онымен аз ғұмыр кешсем де, ол кісіден үйренгенім мен түйгенім көп. Отағасына қолымнан келгенше адал болдым, сыйладым, рен­жітпеуге тырыстым, көңілін таптым, екеуі­міз де өзіміздің бақытты екенімізді сезін­дік. «Бақыт» дегеннің қандай болатынын шаңырақтың иесімен жүргенде білдім.
– Қалың жұртшылық ол кісінің бойында ерекше қайталанбас актерлік қабілет те мол болғандығын айтады.
– Иә, ол кісінің бойында әртістік қабілеттің болғаны рас. Секең баламен – балаша, үлкенмен үлкенше тіл табысатын. Сондықтан балалар оған үйірсек келетін, ал ересектер оның жанынан кеткісі келмейтін. Өзгелер жайлы тек қана жақсы ойлар, жылы сөздер, тартымды әңгімелер айтатын. «Сабақ әсерлі болуы үшін оқушыларға айтатын қызықты әңгіме айтып беріңізші» десем, ойланбастан өткен тарихта болған деректерді баяндай жөнелетін.
Көрнекті жазушының есте сақтау, әңгімелеу қабілеті өте жоғары болатын. Секеңді халық «көшпелі энциклопедия» деп бекер айтпаған ғой. Отбасындағы дастарқан басында отағасы қолдың сары майын, араның балын, халуаны, тосапты жақсы көретін. Бір күні шай ішіп отырсақ, ол дастарқанда суреті салынған гүлді қасықпен алып, аузына салған болып, шайынан ептеп ұрттап қояды. Мен байқап қалып: «Сіз не істеп отырсыз?» – десем, «Бал жеп отырмын», – дейді. Аң-таң қалған мен жан-жағыма қарасам, дастарқанға бал қоюды ұмытқан екенмін. Мен оған күліп «сіздің де ойлап таппайтыныңыз жоқ екен» дегенім есімде.
Есебін тауып күлдіретін. Тағы бірде тойға бара жатқанда оған еркелеп: «Секе, бетімде ештеңе жоқ па?» – деп сұрадым. Ол бетіме үңіліп қарап тұрды да, кенеттен «бетіңде мұрының бар» дегені. Екеуміз мәз болып, тағы да күліп алғаннан кейін: «Сен әлі «кейін шалым солай дейтін еді» деп, айтып жүретін боласың», – деді.
Мен сонда «қазір емес, жиырма жылдан кейін» деп едім. Адамның айтқаны бола ма?.. Секеңнің есте сақтау қабілеті өте жоғары болғанымен, адамның бет-әлпетін есте сақтау жағы оншалықты емес еді. Көшеде таныс кісілер онымен амандасса, бұл танымаса да, бұрыннан танитын адамдай сөйлесіп тұра беретін. Сосын «сенің атың кім еді» деп сұрайды. Ана кісі атын айтса, «е-е, баяғы атың екен ғой» деп күлдіретін.
Телефонмен сөйлескенде де «мені көріп тұрсың ба» немесе телефонды баласы алса «папаңды телефонға шақыр» демейді, «телефонға алып кел» дейтін. Біздің пәтеріміз сегізінші қабатта, лифт жұмыс істемейді. Отағасы соған қарамастан жоғары қабатқа бір дем алмай шығатын еді. Кейде менімен ойнап, менен бұрын пәтерімізге баратын немесе бір бұрышта тығылып қалатын. «Қап, бәлем, маған жете алмадың ғой», «менімен ойнама» деп күлетін.
Бір күні мен құрт көже дайындап, «Секе, құрт көжеге неге шұжық салмайсыз» десем, «құрт көжеге шұжық салмайды» дейді. Оған «кеше салып ішіп отыр едіңіз ғой» десем, «мен кеше шұжық емес, шыжық салып жегенмін» деп, мені мазақтады. Құрт көже ішкен сайын ол «шұжығың бар ма» деп күлетін. Оның қасында жүрсең, езуің күлкіден жиылмайды. Мұндай адамды жақсы көрмеу мүмкін емес деп ойлаймын.

аналарды ардақтаушы еді
– Біздің ұғымымызша, ағамыз өте жоғары мәдениетті, парасатты кісі еді. Өйткені онымен кезінде бірнеше рет кездесіп, кейіпкер ретінде бұрын кітаптарыма енгізгенім де бар. Өзіңізді қалай еркелетуші еді? Сол бір сәттерді еске түсіріп өтсеңіз?
– Секең өте жоғары мәдениетті, парасатты, адамгершілігі мол, жан-жақты ойлап отыратын, өзін жақсы көргізе де білетін, өзі де жақсы көре білетін, адамның қадірін түсінетін, қамқоршым, тілекшім еді. Мені еркелетіп, «Ақбаяным» дейтін. Мен ол кісіні «Секе», «Зәмзәгүлдің папасы», «Ақнұрдың атасы» деп атын атамайтынмын. Астана, Атбасарға кетсем «Ақбаяным» қалай жеттің» деп, жаныңа жағатын жылы сөздер айтып, дауысы сыңғырлап күліп тұратын.
«Әйел құлағымен сүйеді» дегендей, ол менің құлағыма жағатын, көңілімді көтеріп, жүрегімді жадырататын сөздерді көп айтатын. Бір күнде он шақты рет телефон соғатын. Мен де ол кісі телефон соққанда көзім жайнап, жүрегім қатты соғып, дауысын естігім келіп тұратын. Соңғы кезде отағасы: «Алла тағалаға ризамын, бақыттымын. Құдай маған бірінші Тұрсынды, одан кейін сені қосты», – деп шын ықыласымен айтып отыратын. «Енді тек Ақбаянымның қасында біраз жыл ғұмыр кешсем» дейтін. «Жұмысқа кеткеніңде өзіңнің тілеуіңді тілеп отырамын ғой», «сен баспалдақтан сүрініп құлап қалмаса екен, қызметте біреулер ренжітпесе екен, көзіңнен жас тамшыларын көрмесем екен деп тілеймін», – деуші еді. Оған: «Мені көп уайымдамаңыз, кім ренжітеді дейсіз, абайлап, сақтанып жүремін ғой», – дейтінмін. Сонда ол: «саған бір нәрсе болса немесе ауырып қалсаң, мен оны көтере алмаймын, оның үстіне жағдайымды кім жасайды?» – деп жауап қайтаратын. Содан кейін: «Балаларым қарар, бірақ әрқайсысының өз отбасы, тіршілігі бар. Өз шаңырағыңда, дастарқан басында осылайша әңгімелесіп, күліп-ойнап шай ішіп отырғанға ештеңе де жетпейді», – дейтін кейде.
Үйіміз күнде базар, қуаныш-думанға толы еді. Жұмыстан үйге қуанып, жүзім жайнап келетін едім, өйткені үйде күндей жадырап, құшағын жая, көңілді жүзімен қарсы алатын жарың бар. Ол барда жанымда туған-туысымның жоқ екені де білінбейтін. Көңілім тоқ, жағам жайлауда, туыстарыммен телефон арқылы сөйлесіп, бақытты екенімді айтып қоятынмын.
Секең қайтыс болған кезде жалғыз өзім далада қалған сияқты сезіндім. Бұрын тынбайтын телефонымның да үні өшіп қалды. Өмірлік жарымның жайдары күлкісі, айтқан сөздері, дауысы құлағымнан кетпей­ді. Жарқын бейнесі, шай ішіп отырғаны, үйде жүрген жүрісі, киім киіп жатқаны, жұмыстан келгенде күтіп алған сәттерім, отырсам да, жатсам да көз алдымнан, есімнен бір мезет те кеткен емес.
– Қаламгердің осы уақытқа дейін қанша кітабы жарық көрді? Сол жайлы да айта отырсаңыз…
– Секең көзі тірісінде «отыз екі кітабым шықты» деп отыратын. Соның ішінде ең құндылары оқушы, студенттерге аса қажетті «Жеті қазына» кітабы және соңғы шетелдерге сыйлық ретінде ұсынылып жүрген «Қазақ халқының салт-дәстүрі», «Қазақ халқының тұрмысы мен мәдениеті» «Қазақтың дарқан дастарқаны» атты еңбектерін мақтанышпен ауызға алатын. Осы аталған кітаптары Түркия мемлекеті, Пекин, Алматы қалаларының баспаларын­да қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде «отыз жеті елге тарады» деп айтып отыратын. Осы кітаптары алғаш жарық көргенде Тұрсын апамыз қатты қуанып, «еңбегіміз жанды ғой» деп көзіне жас алыпты.
Себебі бұл кітаптардың жарық көруіне Тұрсын апайдың да қосқан үлесі зор еді. Сонымен бірге 2010 жылдың аяқ кезінде атақты қаламгердің «Қазақтың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары» атты энциклопедиясы жарық көрді. Бұл энциклопедияда бұрын көп айтыла қоймаған ырым мен тыйым, жөн-жосық, жол-жоралғы, ұлттық қағида, ғұрып, әдеп пен әдет сияқты қазақтың өмірлік үлгі, тәлім-тәрбиеге толы ережелері сараланған. Бұрын мұндай энциклопедияны ешкім шығармапты. Оның этнограф әрі сатирик екенін білесіздер, былтыр «Күлкінің киіз кітабы», «Мірдің оғындай» атты сатиралық екі еңбегі жарық көрді.
– Ол кісінің мінез-құлқы, адамдармен қарым-қатынасы жөнінде де тілге тиек етсеңіз артық болмас еді.
– Екеуміз қосылғаннан кейін маған біреулер бұл кісінің мінезі қиын екенін айтқан. Мен оларға ештеңе дегенім жок. Талай жыл бірге жұмыс істедік, артық мінезін көргенім жоқ, арақ ішпейді, темекі тартпайды. Өз басым, ол кісінің қадір-қасиетін, нағыз халықтың азаматы екенін, басқа да адами қырларын жоғары бағаладым.
Мен де ол кісіні сыйладым. Шын мәнінде жақсы көрген соң ба, отағасының мінездерінен оғаштықты көрмедім. Артық қылықтарын байқатқан да жоқ. Екеуміз бір-бірімізді қас-қабақтан түсінісетінбіз. Тіпті, оның бүгін қандай тамақ ішкісі келетініне дейін сезетінмін. Адамдармен қарым-қатынасы өте жақсы болатын, сондықтан жанына адамдар да үйір еді. Барлық адамдардың тілін тауып, қолынан келгенше көмектесуге тырысатын. Артық сөзі жоқ инабатты, мәдениетті, кішіпейіл, көпшіл, ардақты әке, асыл жар бола білді.

Өмірде достықты жоғары қоятын
– Естуімізше, ағамыз халық адамы, ел ағасы болған соң, үлкен қалалардан келген ақын-жазушылар, ең алдымен, сіздің үйіңізге ат басын бұрады екен. Ол қайсы қаламгерлермен жақын сыйласты? Солардың бірқатарына тоқталып өтсеңіз?
– Секеңнің араласатын достары көп еді. Теледидар қарап отырып: «Анау таныс кісі ғой, қап, мына кісі дүниеден өткен екен ғой, жарықтық, жақсы адам болатын», – деп отыратын. «Ал мынау, біздің Көпен ғой, талантты сатирик» деп, сырттай таныстыратын. Біз қосылғаннан кейін үйге жазушы Қойшығара Салғарин, ақын Серік Тұрғынбеков, журналист Жақсылық Жүнісов, тағы басқа достары келді. Сатирик-қаламгер Үмбетбай Уайдин ағамыз бен Қонысбай Әбілов, Жұмаш Сомжүрек, Серік Шайман сияқты ақын-жазушылармен телефон арқылы сөйлесіп, өзінің хал-жағдайының жақсы екенін айтып жатқанын еститінмін.
Сондай-ақ Атбасар қаласындағы вагон депосының бастығы Аждар Тайшытаев отағасы екеумізді өздеріне қонаққа шақырып, құрмет көрсеткені әлі есімде. Ол кісі де Секең қайтыс болғанда келіп, көңіл айтып, қайғымызды бөлісті. Әр уақытта көмегін аямайтынын айтты. Басқа да қимас достары сол қиын кезде жанымыздан табылды. Келе алмағандары телефон соғып, менімен хабарласып, болаттай берік болуыма тілектестіктерін білдірді. Оларға қайғымызды бөлісіп, көрсеткен қамқорлықтары үшін алғысымды жеткізгім келеді.
– Жасыратыны жоқ, сіздердің жас айырмашылықтарыңыздың үлкен екені анық. Соған қарамастан бақытты ғұмыр кештіңіздер. Осы жөнінде де баяндай кетсе­ніз…
– «Махаббат жас таңдамайды» дейді ғой. Бұл мақалды басынан осындай жағдайды өткізген кісі ғана түсінеді. Мәселе көңілде, сыйластықта, екі адамның бірін-бірі шынайы түсінуінде деп ойлаймын. Осы қасиеттердің бәрі адамның бойында табылса ғана жұбайлардың бақытты ғұмыр кешетіндігі сөзсіз.
Секең «әйел еркектен жиырма бес жас кіші болса шариғат қосады, одан асып кетсе шариғат қосылуға рұқсат етпейді» дейтін. «Екеумізге қосылуға болады» деп күлгені де жадымда. Көңіл жарасса жас айырмашылығы да білінбейді екен. Осы жасқа дейін (шат-шадыман балалық шағымды қоспағанда) бақыт дегеннің не екенін білмей, күйбең тіршіліктің жетегімен жүріп, «өмір деген осы екен ғой» деп ойлайтынмын. Секеңмен алаңсыз ғұмыр кешкен күндерім, естен кетпейтін, қимас та бақытты шақтарым болып қалды.
Оның арқасында зиялы қауымның ортасында болдым, игі жақсылармен таныстым, жұрттың құрметіне бөлендім. «Секеңнің жары, асыл жеңеше» деп замандастары, туыстары, құдаларым, балалары жылы шырай танытып, сыйлады. Мен – шынында да, бақытты әйелмін. Шуақты да ізін қалдырған күндер қысқа болса да өте мағыналы болды деп есептеймін. Өйткені қазақтың маңдайына біткен азаматына тұрмысқа шықтым. Сондықтан оған тек ризамын!
– Қаламгердің жары болу оңай емес. Өйткені ақын-жазушылар – көңіл күйдің адамы. Сейіт аға ашуланған кезде сіз өзіңізді қалай ұстаушы едіңіз? Әлде оны білдірмеуші ме еді?
– «Қаламгердің жары болу – оңай емес» деседі, бірақ мен үшін ешқандай қиындық болған емес. Керісінше, екеуміз бір-бірімізді жаңа кездестіргендей сыйластық. Өзім сәл нәрсені елемеген соң ба, кейде Секең ашуланғанда мен естімеген адамдай ас бөлмеге кіріп, үндемей, жұмысымды жалғастыра беретінмін. Кейде үндемей қалғанымды біліп: «Сені ренжітіп алдым ба?» – деп өзі жаныма келетін.
Екеуміз қосылғаннан кейін ол маған: «Ақбаяным, кейде мен қатты ашулануым мүмкін. Сол кезде сен көңіліңе ауыр алма», – дейтін. Жасыратын ештеңесі жоқ, біз ерлі-зайыпты ретінде ұрысып-керіскен жоқпыз. Өзім ол кісіге қарсы келіп, сөз таластыруды артық деп, әрдайым инабатты, ұстамды болуға тырыстым. Себебі ол кісі маған тіршіліктегі ұстазым, қамқоршым, тілекшім, ақылшым, кеңесшім болды. Ешқашан да ерімнің алдын кесіп өткен емеспін. Екеуміздің бір-бірімізге деген көңіліміз, қарым-қатынасымыз адал болатын. Сол бақытты күндерім көзді ашып жұмғандай зырылдап өте шықты.

Тұрсын апа аяулы ана, асыл жар болатын
– Ағамыз бұрынғы жары Тұрсын апамен де өмірде дәм-тұзы жарасып, сыйласты. Егер Секең халқының ардақты да аса дарынды қаламгерлерінің бірегейі болса, осынау аяулы апамыздың да оған қосқан үлесі қомақты екендігі даусыз. Қаншама ұл мен қыздарды тәрбиелеп, өсіргенін де білеміз. Солар жайлы да қысқаша мәлімет бере кетсеңіз. Олар не істейді? Қайда тұрып жатыр деген секілді…
– Секең Тұрсын апа туралы тек қана жылы лебіздерін жасырмай айтып отыратын. Ол кісінің мінезінің жайлылығы, сабырлығы, қонақжайлылығы, қолының берекелілігі, отағасын қалай күтетіндігі туралы әңгімелеп отыратын (осының бәрі маған сабақ болсын дейтін шығар), марқұм «Тұрсын мен Баянның мінездерінде ұқсастық көп» дейтін.
Қазақтың белгілі қаламгерінің тұңғыш қызы Светлана осы Арқалық қаласында отыз жылдан бері дәрігер болып қызмет атқарады. Ол ардақты әке, жақсы ана тәрбиесін көріп, кейін тұрмысқа шыққан соң да, ата-енесін туған ата-анасындай сыйлап келеді. Әлі күнге дейін сол кісілермен бірге тұрады. Бұл күндері аяулы жар, өнегелі келін. Өмірлік жары Мұрат екеуі де – немере сүйіп, бақытты ғұмыр кешіп жатқан ата мен әже. Екінші қызы Зәмзәгүл – Арқалықтағы №2 мектепте мұғалім. Өз мамандығын жетік меңгерген білікті маман. Шәкірттерінің сүйікті ұстазы, сыйлы ана. Ал Жасұлан да аталған шаһарда өз отбасымен тұрады. Үш ұлды тәрбиелеп отырған асқар таудай әке. Абзал сүйген жары Айгүл екеуі Көкшетау қаласында жұмыс істейді. Абзалдың мінезі әкесіне тартқан – сабырлы, мінезге бай, алды-артын жан-жақты ойлайтын, әр сөзін ақылға салып айтатын, сөйлеген сөзі жүрекке жағымды, адамгершілігі мол, үлгілі жан.
Зейін мен Олжас отбасымен Астанада ғұмыр кешіп жатыр. Зейінді де Секең сияқты «сегіз қырлы бір сырлы» азамат деуге болады. Өйткені ол да – қолынан өнері тамған шебер, ақкөңіл, ашық жарқын, адам тани білетін азамат. Келініміз Гүлжайнарым да – көпшіл, қонақжай, адамның қадірін білетін аяулы қазақ қыздарының бірі. «Келіннің бетін кім ашса, сол адам ыстық» демекші, отағасы өзімді балаларымен таныстыруға алып келгенде есік алдынан әлгі бәріміз жақсы көретін Олжас есімді кенже баласы мені жылы жүзбен қарсы алып, бетімнен сүйді.
Содан бері Олжас та маған өте ыстық. Мені көрген сайын жылы жүзбен ілтипат көрсетіп жатады. Кезінде балалары мені жақсы қарсы алса, Секең де қуанып, марқайып қалатын. Олжас та – мектепте мұғалім. Қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ береді. Ол да – ақкөңіл, көкірегі ояу, кітапқұмар, өте білімді азамат. Отағасы қайтыс болғаннан кейін де оның балаларымен қарым-қатынасым жақсы, Астанаға барғанда олардың үйіне соқпай кетпеймін. Сонда хал-жағдай сұрасып, мәз-мәйрам болып қаламыз.
– Біз өзіңіз Секеңнің бірінші жарынан туылған перзенттерімен де туған анасындай араласып, той-қуаныштарды бірге бөліседі деп естиміз.
– Секеңе тұрмысқа шыққанда екі балам бар еді. Оған қосылғасын сегіз балам, бірнеше немерем, тіпті шөберем де болды. Күнде құдайға шүкір деп отырамын. Отағасының балаларының бәрі де жоғары білімді, түсініктері мол. Қарым-қатынасымыз өте жақсы. Олармен тіл табысу маған қиынға түскен жоқ. Себебі Секеңдей ардақты әке мен Тұрсын сияқты жақсы анадан жаман бала туушы ма еді?
Әкелері қайтыс болса да, оның ұлдары мен қыздары, келіндері, күйеу баласы Мұрат үйге келіп тұрады. Телефон соғып, хал-жағдайымды сұрап, көмек қажет болса, аянбайтындықтарын да білдіріп жатады. «Әке – балаға сыншы» деген, Секең: «Ақбаяным, сен жассың ғой, менің артымда қалуың керек. Сол кезде өзімнің Светам, Абзалым, Зейінім, Олжасым, Сәкентайым сені жалғызсыратпайды, саған қамқоршы, пана болады», – дейтін. Секең қайтыс болғаннан кейін көңіл айтып келген адамдардың кейбіреулері мені танымаған кездері оның балалары «бұл кісі анамыздың орнына келген шешеміз» деп таныстырды. Бұл да болса олардың адамгершіліктері мол, Секең мен Тұрсын ападан туылған, тәрбие көрген өнегелі балалары екендігін көрсетеді.
– Өзіңіз қай өңірдің қызысыз? Қайда оқыдыңыз? Қазір қайда жұмыс істейсіз? Сіз бір сөзіңізде ұлыңыз бар екендігін де айтып едіңіз. Қазір ол да үлкен жігіт болып қалған болар. Сейіт ағамыз үлкен жүректі азамат еді ғой. Оны да жылы сөзімен өзіне тартып, туған перзентіндей қамқорлыққа алған шығар.
– Мен өзім «Сыр елі – жыр елінің» қызымын. Үйде Секеңнің қолдан жасалған әдемі қобызы, басына киіп жүретін түлкі тымағы және қоңыр костюм-шалбары бар. Осы заттардың барлығын Қызылордаға қонаққа барғанда сыйға берген екен. «Қыздарын алсын деп алдын ала берген «қалыңмалдары» екен ғой», – деп күлетін. 1976 жылдан бастан Арқалықтағы №1 Шоқан Уәлиханов атындағы мектепте білім алып, 5 жылдан соң осы мектепті аяқтадым. 1981 жылы Арқалық педагогикалық институтының физика-математика факультетіне оқуға түсіп, оны ойдағыдай бітірдім.
Қазір осы Арқалық қаласындағы №4 ор­та мектепте қазақ тілі мен әдебиетінен са­бақ беремін. Секең жүрегі өте кең адам еді ғой. Ұлым Мұратты туған баласындай ер­келетіп, Ақмұрат дейтін. Қызым Ақнұрды шек­сіз жақсы көріп, оған қазақтың көп­теген тағылымды мақал-мәтелдерді, сөз өне­рін үйретті. Оған ылғи да дүниетанымы кеңей­сін деп, мазмұнды кітаптар әкеліп беретін.
«Анасын сүйсең, баласын да сүй» дегендей Секең ұлыма Арқалықтан бір бөлмелі пәтер алып берді. 19 наурызда үйлендіріп, дүркіретіп тойын да өткізді. Қос перзентім де Секеңді ата деуші еді. Екеуі де атасын өте жақсы көрді. Астанадан келген соң, Ақнұрымды өз тегіме ауыстырып ала­мын деп жүр еді. Бірақ оған үлгере алмады.

Бірге өткізген күндерімді ешқашан ұмытпаймын
– Сіздер аз уақыт бірге ерлі-зайыпты ретінде өмір сүрсеңіздер де ел сүйсінерліктей сыйласыпсыздар. Сондықтан араларыңыздағы осы ізгілікті қарым-қатынас жөніндегі түйген пікіріңізбен бөлісе кетсеңіз.
– Секең екеуміз бір-бірімізді бірден түсініп, өте жақсы сыйластық. «Әйелдің бақытты болуы ерінен», «Жақсы әйел еркекті төрге сүйрейді» деп айтып отыра­тын. «Екінші рет үйленгенде адамдар бір-бірін кездестіріп, сыйласып кетуі өте сирек, біз бір-бірімізді таптық» деп ризашылығын да білдіруші еді.
Мен Атбасар қаласында екі баламмен он жыл жалғыз тұрдым. Енді тұрмысқа шықпаймын деп ойлаушы едім. «Жалғыздық Құдайға ғана жарасқан» деген рас екен. Балаларың өсіп, жан-жаққа кеткенде, жалғыз өзің тамақ та іше алмайсың, сырыңды бөлісетін серігің де жоқ. Ер адам, түсінген кісіге – панаң, қамқоршың, әйелдің тірегі. Осы кезде ойлап отырсам, кездестірген адамың жақсы болса, мына өмірде толық отбасы болғанға ештеңе де жетпейді екен. Секең маған: «Қалған өмірімізде екеуміз бірге болайық», – деп ұсыныс жасағанда ішкі жан дүнием осы кісімен бақытты болатынымды сезді. Шынында да, қателеспеген екенмін. Қысқа болса да, өте мағыналы ғұмыр кештік.
– Сейіт Кенжеахметов десе елең етпейтін қандастарымыз жоқ еді. Оның кітаптарын шетелдік бауырларымыз да сүйіп оқиды. Тынбай ізденетін әрі еңбекқор ағамыздың жарық көрмеген, көзі тірісінде аяқталмай қалған рухани мұраларын баспаға әзірлеу жағын да қолға алып жатқан да боларсыз?
– Секеңнің жарық көрмеген рухани мұраларын өзім компьютерде басқан едім. Алла бұйыртса, балалары сол аяқталмаған еңбектерін қолға алады деген үміттемін.
– Әңгімеңізден байқағаным, өзіңіз ұлтымыздың тәрбие көрген, рухани жағынан кемел, зиялы қазақ қыздарының бірі екенсіз. Өзіңіз алдағы уақытта қазақтың біртуар перзентінің шаңырағының шырағын сөндірмей, ол кісінің және өзіңіздің ұрпағыңыздың ақылшысы болып отыра беруіңізге шын жүректен тілектеспіз.
– Секең: «Бұл – қара шаңырақ. Сондықтан мұнда сен отыруың керек. Өйткені «осы Секеңнің үйі ме» деп осы үйге сені іздеп келеді. Өзім қайтыс болғаннан кейін менің өмірімді зерттеушілер алдымен бәрін де сенен сұрайды», – деп айтатын. Сол айтқандарының бәрі біртіндеп орындалып жатыр.
Оған әрдайым жатқан жерің жайлы, топырағың торқалы болсын деймін
– Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен Оразалы Жақсанов

 

anatili.kz/


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер