BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

ШЫҢҒЫС ХАН ҚАЗАҚ ЕМЕС

 

«Халық сөзі» газетінің осы жылғы 88-ші санында жарияланған белгілі журналист Мақұлбек Рысдәулеттің «Қазаққа Қайыр хан жақын ба, әлде Шыңғыс хан ба?!» – деген мақаласы өзекті де күрделі мәселелерді тақырып еткен екен. Осы мақала халқымыздың келешегіне көз жүгіртуге салмақты ойтүрткі болып отыр.


 Ең бастысы осы мақалаға арқау болған «ойтресті» саралау үшін халқымыз қандай құндылықтарды басшылыққа ұстану керектігін анықтап, айқындап алу басты міндет. Анықталған әділ де айқын үрдіс, құнтталған құндылықтарымыз келешегіміз үшін, шынайы қазақ болып қалыптасуымыз үшін, тілімізді тиесілі тұғырға тұрғызу үшін, озық өркениетті елдер санатына қосылуымыз үшін, нық мемлекет болып орнығуымыз үшін өте маңызды. Жалпы адамзат дамуының эволюциясына көз жіберіп, философиялық ғылыми тұрғыдан қалыптасқан түсінік бойынша пайымдасақ, ежелден дамыған өркениетті елдер санатынан көріну үшін халықтың биік мәдениеті, мақтан тұтатындай әсем қалалары, еңселі ғимараттары, дамыған өнері, көпсалалы ғылымы, қоры бай кітапханалары, ғылымда жаһан мойындаған, көрнекті із қалдырған ғалымдары, басқа халықтарға танымал ойшылдары мен дуалы ауызды ақындары болуы тағысын-тағылары шарт. Осылардың бәрі дамып, қаулап бүршік ату үшін тарихи негіздер қажет. Олар – қайсыбір елдің тәуелсіздігі, бас бостандығы, ғылым мен өнердің пәрменді даму құдыретінің шарықтауы. Осы бағыттағы даму жолында болған қазақ халқы Шыңғыс хан шапқыншылығының салдарынан тежеліп қалды емес пе!? Оның алдындағы дәуірде Қазақстанда жайнап гүлденген 130-дай қалалары, жалпы әлемдік өркениетке қосқан елеулі үлестері болған. Шапқыншы моңғолдар қазақтың қалаларын күйретіп, бейбіт халқын аяусыз қырып, өркениет бағытындағы даму жолын қиып тастаған. Содан кейінгі кезеңдерде қазақтарды ғасырлар бойы қарапайым көшпенділік тұрмыс күйін кешуге әкеліп соқтырған.
 Шыңғыс хан бастаған моңғолдың жойқын аяусыз қалың нөпірі Ата-бабаларымыздың қасиетті жерін аяусыз шапқыншылыққа салып, халықтың қанын судай ағызып, аттарының тұяқтарына таптатып, қалаларды өртеп, шаңырағын ортаға түсіріп, «ұлдарын құл, қыздарын күң» етсе, оны ардақтауға қалайша дәтіміз барады? Ата-бабаларымыздың алдында күнә емес пе ? Олар Елін қорғауға жанын пида етті емес пе? Бүкіл дүниежүзілік тарихи дүниетанымда Шынғыс хан монғолдан шыққан жауыз қолбасшы ретінде есептелсе, біз неге оның шашбауын көтеріп тыраштануымыз керек? Бұл бізге қандай атақ-абырой береді? Қазақстанның барлық ресми тарихи деректерінде Шынғыс хан бастаған монғолдың қалың қолдары жерімізді отарландырып басып алды делінген. Егер тарихи деректер анық болса, біз басқыншыларды, отарлаушыларды неге көкке көтеруіміз керек!? 
 Ойшыл-ақын Шәкәрім «Шыңғыс хан шежіресі» кітабынде: «Шынғыс хан туғанда бір қолы жұмулы болған соң, кіндігін кескен қатын ашып қараса, уысында қан бар екен, соны ақсақалдар естіп: «Көп ел болып, зор хан болып, көп қан төгеді екен», – деп тәжірибе қылыпты. Ақырында сонысы дұрыс келді» – деп жазады. Бұл аңыздың жаны бар екендігі айдан айқын. 
Жуырда теледидардан берілген хабарға қатысып отырған бір елағасы тіпті мына пікірді айтуға дейін барды: «Шыңғыс ханды қазақ деп танымасақ, бұл отырысты отырыс деп айтуға болмайды». Біріншіден, ғасырлар бойы бүкіл әлемге Шынғыс хан «монғол» ( бәріне қоса, С.Бодровтың «Монгол» фильмін еске алыңыз) атымен танымал болған. Екіншіден, монғол мемлекеті тұрғанда Шынғыс хан басқа жаққа ешқашан «жер аударылмайды». Үшіншіден, «монгол»-«монголоид» деген сөздер халықаралық ғылыми айналымдағы нығыздалған түсініктер. Одан ешкімде бас тарта алмайды. Бұл – ақиқат. Жалпы қабылданған дүниежүзілік дүниетанымда Шынғысхан монғолиядан шыққан қаныпезер қолбасшы ретінде танылса, бізге ол зұлымның ұрпағы болып танылу не үшін керек.
 Шыңғыс хан өзінің жасаған жауыздықтарының соншалықты ғаламат болғандығын, күнәға шас-етектен батқанын мойындағандығының басты дәләлі ретінде, мынау белгілі жәйт айқындайды: Ол туған балаларынан өзі жерленген жерін көзден таса етуді талап еткен. Жерлеуга қатысқандардың барлықтарының бастары шабылған. Шыңғыс ханның жерленген жерін бір тірі жан білмейді. Іздеу салғандар әлі күнге дейін бекер әлек. Шынғыс хан өзінің басында қарғыс айтатындардың аз болмайтыны жайлы тірісінде анық көзі жеткен. Шыңғыс хан көзі тірісінің өзінде өзін-өзі жазалаған болып тұр ғой...
Ал біз, қазіргі тәуелсіз қазақ халқы, әділеттікті бастамашылдыққа алып, өз мүддемізді егжей-тегжейлі ойлап, келешектен үміт күтсек – құлдық психологиядан, отаршылдардың сүйегімізге дейін сіңірген үрейден арылып, олардың санамызда қалдырған дүниетанымынан, елімізде орнықтырған «белгілерінен» арылуымыз керек. Біртұтас қазақ халқының әлемге жағымды келбетін сомдап, ұлықтауымыз абзал. Қазақи өркениетті жүйелі қалыптастырып, шынайы жасампаздыққа бет алып, қазақи жетістіктерімізді әспеттеуіміз керек.
Нақыпбек СӘДУАҚАСОВ, заңгер
Астана қаласы

http://www.halyksozi.kz/news/view/id/1034


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер