BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Шымкенттің солтүстік аумағындағы қорғаннан алтын бұйымдар табылды

Астана.2 қазан. Baq.kz Археологтар көшпенді тайпалар тарихына қатысты тағы бір тың дүниелер тапты. 

Шымкенттің іргесіндегі қазба жұмыстары кезінде бұрын қоныстанған сақ, сармат тайпаларына тән алтын бұйымдар табылған. Бұл біздің дәуірімізге дейінгі 4-ші, 2-ші ғасырларда өмір сүрген көшпенділер өркениетінен сыр шертіп отыр.
Қазба жұмыстары Шымкенттің солтүстік аумағындағы төрт бірдей қорғанда жүргізілді. Археологтар соның үшіншісінен екі бірдей алтыннан жасалынған дөңгелек пластинкаларды тапты. Бұл заттар сол заманның ауқатты азаматына тән қабірден табылған. Сондай-ақ, оның қабір тоналған кезде байқалмай қалып қойғаны анықталып отыр. Алтын бұйымдағы бейнеленген жәндіктер теңізде, мұхитта ғана өмір сүреді. Мәселен, сегізаяқ теңіз жылқысы біздің өзен, көлдерде кездеспейді.
Бауыржан БАЙТАНАЕВ, Ә.Марғұлан атындағы археологиялық институттың бас директоры:
- Арғы бабаларымыз сақ, сармат тайпалары еуропаға дейін жорықтар жасап, сол жақтан келуі мүмкін. Екіншіден, экономикалық және сауда жолдарымен келген болуы да мүмкін.
Табылған заттар көшпенді сақ, сармат тайпалары өркениетінің қандай деңгейде болғанынан хабар береді. Ал қаланың іргесіндегі қорғандардың қай заманға тән екені аршып алынған өзге заттар арқылы дәлелденеді.
Жанна СҮЛЕЙМЕНОВА, М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дың аға ғылыми қызметкері:
- Алтын моншақ бөлігі табылды. Аңдық стильде жасалған. Оның ішінде қошқар мүйізі бейнеленген. Бұл осы қорғанның қай кезеңге тән екенін анық дәлелдеп бере алады.
Ғалымдар "алтын заттар сол замандарда оңтүстік өңірде зергерлік өнердің дамығанын көрсетеді" дейді. Археологтар тапқан құнды жәдігерлер келешекте Астана төріндегі мұражайға қойылмақ.
Авторлар: Қанат Жүнісбеков, Нұрмахан Мұсатов, Ерболат Әбіш, 24 KZ 


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер