BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Шығыстан шыққан тұңғыш әйел-режиссер еді...

КСРО кинемотографистер одағының мүшесі және кеңестік шығыстан тұңғыш шыққан әйел кинорежиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Дариға Байжұманқызы Тналина 90-ға қараған жасында өмірден өтті.
 Дариға Тналина Ақмола облысында туып-өскен. Әкесі Біләл Тналин -белгілі революционер, Сәкен Сейфуллинмен серіктес болған. Отызыншы жылдардың небір зобалаңын көріп өскен Дариға Байжұманқызы Алматы театр училищесінде білім алады. 1939 жылы Мәскеудегі ВГИК-ке түсіп, алдымен актерлік, сосын тек еркектердің кәсібі саналып келген режиссерлік факультетте оқиды. Атақты Александр Довженкодан сабақ алады, Вячеслав Тихонов, Сергей Бондарчук, Василий Шукшин, Сұлтан Қожықов, Нонна Мордюковалармен бірге оқиды. 1940 жылы «Романтики» деген киноға түсіп, басты рөлдегі чукот қызы Тин-тин рөлін сомдап шығады. Көп ұзамай сұрапыл соғыс туып, сол тұста басталған киномен байланысты кәсібін өмірінің соңына дейін үзген жоқ. «Мосфильмде» небір саңлақтармен 22 жыл қызмет ете жүріп, Қазақстанда «Алыстағы тауда», Қырғызстанда «Салтанат», Түрікменстанда «Ерекше тапсырма, Ресей мен Украинада «Илья Муромец» атты кинолар түсірген. Соғыс тұсында және 50-жылдары киномектеп пен эстрадалық студияда сабақ берген. Атақты Нұрмұхан Жантөрин, Әзірбайжан Мәмбетов, Майра мен Қуат Әбусейітовтер - Дариға апамыздың шәкірттері. 1964 жылдан «Қазақфильмнің» режиссері ретінде әлемдік және кеңестік алтын қордағы ондаған фильмдерді қазақ тіліне дубляж жасаған. Дауысты дәл берудің үлкен шебері болған. «Соғыс және бейбітшілік», «Багратион», «Атамекен» сынды фильмдерді қазақша сөйлетті. «Қыз бен жігіт», «Ботагөз» фильмдерінің киноленталарын қалыпқа келтірді. «Қыз Жібек» фильмінде Құман Тастанбеков пен Меруерт Өтекешованың сөйлеу тілін жаттықтырды. Мұның бәрі Дариға апамыздың ерен еңбегінің бір бөлшектері ғана. Дариға апамыз - атақты ғалым Кәрім Мыңбаевтың зайыбы. Қазақтың тұңғыш биолог докторы, Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы академиясының бірінші қазақстандық академигі Кәрім Мыңбаев 17 ірі ғалыммен бірге 1948 жылы ұшақ апатынан қаза тапқан. Кезінде Леонид Брежнев Дариға апамыздың қайраткерлігіне тәнті болып, өзінің қара лимузинімен қыдыруын өтінсе, Мао Цзедун Қытайға шақырып, сол елде қалуын өтініпті. Сондай-ақ Ахмед Сукарно сияқты мемлекет басшыларымен жақын таныс болып, жарты әлемді шарлап шыққан. Осының бәрін Дариға апамыздың 2008 жылы «Өнер» баспасынан шыққан «Черно-белое кино» атты монографиялық кітабынан біле аласыз. Ол кітапта кино саласының мэтрі өткен өмір жолдарын, өмірінің өзегіне айналған кәсібінің қыр-сырын, отандық кинематографияның қалыптасу жолдарын бүге-шігесіне дейін баяндайды. Төре ҒАЛИ Дариға Тналинамен қоштасу бүгін, Алматыдағы «Қазақфильм» киностудиясында өтеді. http://www.aikyn.kz/index.php?option=com_content&task=view&id=6077&Itemid=2

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер