BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

«Шал» фильмі: Қозы, бөлтірік, немере...

Астана. 19-қазан. BAQ.KZ. Кеше елдің соңы болмасақ та жолымыз түсіп Ермек Тұрсыновтың «Шалын» көріп қайттық. Фильм әйгілі Эрнест Хэмингуэйдің «Шал мен теңіз» хикаясының желісі бойынша түсіріліпті. Идея авторы – Мәулен Әшімбаев. Сол «Шал» фильмінен көрген білгенімізді, түйгенімізді қағазға түсірген едік. 

«Мәулен Әшімбаев мені Хемингуэйге қалайда жақындатуға тырысты, ал мен әлім келгенше Хемингуэйден алыстауға тырыстым» деген еді Ермек Тұрсынов бір осыдан бір жыл бұрын. Әрине, оқиға желісін теңізден далаға, акуладан қасқырға өзгерткен соң, өзінше байлам жасайтыны айтпаса да түсінікті. Хэмингуэйді «шалы» жағаға жеткенше жанталасса, Ермектің «шалы» қыстауға жеткенше жанын шүберекке түйеді. Бірі балықтарын акуладан қорғаса, бірі алдындағы қойын қасқырға жем болудан сақтайды. Бірақ, біздің «шалдан» қазақтың етжеңді ақсақалдарын көре алмайсыз. Аузы дуалы ақсақал дегеннен гөрі, ешкімге зияны жоқ қара шал деген артық. «Ассалаумағалейкум» деп амандасқаны болмаса, қазақтың қариялары секілді аузында Алласы, бес уақыт намазын қаза жібермейтін діншілдігі жоқ. Тіпті, бұйра насыбайын бипаздап атып ап, маңғаздана сөйлейтін қазақтың түсінігіндегі шалды атымен кездестірмейсіз. Шылым да тартпайды. Мүлдем басқа. Қасым шал өте қарабайыр. Қарабайырлығы оның ұлылығы емес, табиғи болмысы десе де болатындай. Немересімен балаша ұрысып, қорадағы азын-аулақ қойы мен тұяғы желінген кәрі атымен әңгімелесіп жүреді. Футболды жібермей көреді. Тіпті, қойларына да Гарринча, Пеле деген ат қойып алған. Әпенділігі де бар. Оған әлдебір теледидардағы фильмдегі жартылай жалаңаштана бір-біріне жабысқан көрініске сұқтана қарап отырып ұйықтап кететіні, қойларына ен салудың орнына өзі білетін бразилиялық футболшылардың нөмірімен таңбалауы айқын дәлел. Айнаға қарап, мұрны мен құлағының ішіндегі қылдарды қайшымен қырқып, балаша қуанатын тұстары тағы бар. Бірақ, жаны таза. Біреулердің жаман шал деп менсінбей сөйлейтініне (қасқыр атуға келген аңшылар), аңғалдығын өз пайдасына шешетіндерге (көршісі Исабектің достарымен көңіл көтеру үшін сылтауратып қыстауға айдайтын қойларын Қасым шалдың алдына сап беруі) пысқырып қарамайды да. Есесіне, бұл көріністердің барлығы Қасым шалдың жан-жақты мінезін ашып, көрерменді шынайылыққа тартады.
Қай кездегідей Ермек Тұрсыновтың картиналары тұнық әрі сапалы. Бірақ, фильмде қателіктер де жоқ емес. Шайтанбектің (Қасым шалдың немересі) Исабекке өтініш айта барғанында «Отар қойдың ішінде сіздікі де бар емес пе?» дейтіні «Жаужүрек мың бала» деп алып, отыз жақты баланы экранға шығарғаны сияқты болып қалды. Асылы, отар дегеніміз он шақты қойдан тұрмайтыны әмбеге аян. Екіншіден, Қасым шалдың алдына салып айдаған «отар» қойының саны әр көрініс сайын азайып-кеміп отырады. Тек ақсақ «Гарринча» ғана қойдың соңында жүреді демесеңіз, қалғаны бірде жиырма шақты болып кетсе, бірде он басқа да жетпейді. Бұның барлығы қарапайым ғана қателіктер болғанмен, экранға телмірген көрерменнің аз да болса сенімсіздігін оятып жібереді. Одан бөлек қойға қасқыр шапқан кезде Қасым шал бір қойын құрбан етіп, шулаған шенелерден алғаш сытылып кететін сәті де сенімді шықпаған. Қасқыр екеш қасқырдың бәрі бір қойға жармасып, соны тауысқанша бас алмайтыны мына біз секілді қой баққан қазаққа өтіріктеу көрінеді. Бір топ қасқыр тұрмақ, бір құртқаның (фильмде осылай атайды) өзі қойға тигенде ешқайсысына жеке тоқталмай, азуына іліккенінің ішін жарып, құйрық майын жұлып әкететін тойымсыздығын режиссер ескермесе керек. Бірақ, фильмнің осы бір тұсы шындықтан ауытқығанмен, шалдың көрегенділік жасап, қиындықтан жол тауып шықты дегендей әсерлі көрінеді.
Тағы бір айта кететініміз, алдында азын-аулақ малы бар «жаман» шалды іздеуге үлкен күш жұмсалады. Бір камаз, бір жеңіл көлік, екі-үш бірдей шаналы мотоцикл және бірнеше аттылы адамдар. Оған қоса тікұшақ жүр. Апыр-ау мұндай күш салсаңыз, мал айдаған шал тұрмақ, Асан қайғының «Жерұйығын» тауып алуға мүмкіндік бар емес пе?! Одан қалды, бір адам үшін тікұшақ жіберетіндей Қазақстанда қашаннан бері адам жаны қымбат еді?! Оның үстіне шал да айдалаға лағып кетпей, тұман арасында адасып, бір жерді айналып қана жүр.
Бірақ, фильмде біз атап өткен олқылықтар болғанмен, оны жуып-шаятын, ұмыттырып жіберетін әсерлі көріністер де жоқ емес. Тұрсыновтың бұл фильмдегі «келіні» ибалы, инабатты екен. Күйеуін ажал жетектеп әкеткенмен, өзі баласы мен атасына қарап, орнымен сөйлеп, жөнімен жүреді.
Фильмде Қасым шалдың «Сен секілді кәріліктен өлген қойды бұрын-соңды естімеппін» деп қойға қарата сөйлеуі, «жау жағадан алғанда, бөрі етектен» дейтін жанталас сәтте «толғағы» ұстаған қойды қолдан төлдететін жері шынайы, әрі әсерлі. Сондай-ақ, оған ойланбастан «Марадона» дейтін тұсы риясыз көрерменді өзіне баурап алады.
Фильмде шалдың қойды төлдетіп, бейсбол таяғын шоқпар дейтіні болмаса, қазақылыққа жақын басқа қасиеттері байқалмайды. Тіпті, өзі айтқандай бір аятты да жатқа білмейді. Бірақ, кейіпкер осындай болмысымен ерекше. Тұрсынов қазақ фильміне жаңаша бір образ тарту етті десе де болатындай.
Фильмде қасқыр бөлтірік ерткен кезде (ырымға жат) аңға шығатын ақшадан көзін шел басқан бай мен қарабайыр шалды дала теңестіреді. Бірі қаланы он саусағындай білетін ақсаусақ болса, бірі өмір бойы түз тағылары секілді далада өскен шаруа. Тіпті, Қасым шал бір сөзінде «Менің құдайым Дала!» деп салады. Бірі өз қалтасына мешіт тұрғызса да Құдайын ұмытқан, бірі мешітке аяқ баспаса да адамдықтан алыс кетпеген пенде екенін режиссер сәтті жеткізген.
Фильмде шалдың шенелерден от алып қорғануы, ағашқа шүберек байлауы және көз алдына ана дүниедегі анасының қайта-қайта елестеуі тәңіршілдіктен хабар береді. Бірақ, фильмнің негізгі идеясы адамға үлкен ой салады. Яки, Ермек Тұрсыновтың өзінің айтар ойы бар. Мәселен, фильмнің соңында «отар» қойдың ішінен қасқырдың аузынан аман қалған жалғыз қозы қалады. Шалдың ізіне ұшақпен, көлікпен, атпен түсіп іздеген топтың ішінен немересі Шайтанбек қана қағылездік танытып, атасын аман алып қалады. Сондай-ақ, фильмнің соңында қасқыр бөлітірігін ертіп кете баратын көрініс бар. Қозы, бөлтірік, немере... Өмірдің жалғасы осылар. Демек, «Шал» Тұрсыновтың болашаққа арнап түсірген фильмі.
Жандос БАЙДІЛДА.
 


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер