BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Сенатор Абылай ханның 300 жылдығын келесі жылы тойлауды ұсынды

АСТАНА. 21 маусым. Бүгін Сенаттың жалпы отырысында Үкімет басшысының атына сауал жолдаған депутат Жабал Ерғалиев Абылай ханның 300 жылдығын 2013 жылы тойлауды ұсынды.

Сенатордың айтуынша, қазақтың ұлы ханы Абылайдың туған және өмірден өткен жылдары қазіргі тарихымызда әртүрлі көрсетіліп келеді. Мәселен, бұрындары Абылайхан 1711 жылы дүниеге келді деген дерекке сүйенген болсақ, кейін кейбір зерттеушілер 1713 жылы туған дегенді ұсынып, өз дәлелдерін келтіріп жүр. Қазір Абылайхан 1710 жылы туған деген тағы да бір тың деректер  алға тартылуда.

«Әрине, бұл мәселе жөнінде Қазақстан тарихшылары бір мәмілеге келетін де болар. Алайда, осы деректердің әлі де болса бір пікірге тоғыстырылмауының нәтижесінде хан Абылайдың 300 жылдығы ел бойынша аталмай қалып отыр», - дейді Ж. Ерғалиев.

 Оның сөзіне қарағанда, тарихи ұлы тұлғалардың туған және қайтыс болған жылдары туралы түрлі пікірлердің орын алуы болып жатады. Мысалы, Шыңғыс ханның да туған жылы тарихи дерек көздерінде әртүрлі етіп көрсетілгендігіне қарамастан, көрші Монғолия елі 2002 жылы өз хандарының 840 жылдығын бар сән-салтанатымен атап өткен.

«Алдағы 2013 жылы Үкімет қаулысымен және республикалық бюджеттен қаржы қарастыра отырып, ұлы ханның 300 жылдығын ел бойынша атап өту шараларын осы бастан ойластырған жөн болар еді. Бұл орайда Абылайхан жөнінде көркем фильм үшін жарияланған республикалық конкурста бірінші орынды жеңіп алған Қазақстанның халық жазушысы Сәкен Жүнісовтің «Абылайхан» киносценариі бойынша өз киногерлеріміздің көркем фильм түсіруі және «Абылайхан» энциклопедиясын шығару қолға алынса екен дейміз. Ұлы ханның бұл мерейтойы тәуелсіз ел болғанымызды және әлем алдындағы абыройымыз бен айбынымыздың асқақтығын тағы да бір әйгілейтіндей тұтас бір елдік шара болғанын қалар едік», - дейді Ж. Ерғалиев.

 


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер