BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Семей полигоны үшін жаны ауырған швед қызы

Фото: Нұрбек Әлманбетов

Астанада швециялық Туве Карбо ханымның «Түзелмейтін қателік: алғашқы жарылыс» атты көрмесі ашылды. Көрме Семей ядролық сынақ полигонының жабылуына 25 жыл толуына арналған. Швеция Корольдігінің Қазақстандағы елшілігі ұйымдастырған көрме 2 желтоқсанға дейін жалғаспақ, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Көрме ҚР Тұңғыш Президентінің Музейінде ашылды. Аталған көрмеге суретші ханым 6 туындысын қойған. 42 жастағы қылқалам шебері бейнелеу өнерімен қатар кинорежиссурамен де айналысады екен. Ол өз шығармаларына тақырыпты ғаламтор желісінен алатынын айтады.

«Түрлі апаттардың салдарынан әлемде көп адам көз жұмады. Бұл топтаманың басты арқауы – барлық зұлымдықтың артында адам тұрады деген тұжырым. Қазіргі қоғамдағы апатты оқиғалар ағымы адамзатты мейірімсіз ете ме деп қорқамын. Сөзбен жеткізу мүмкін емес әлдебір нәрсені салуға тырысамын. Менің картиналарым адамзат трагедиясы мен экологиялық зардап шеккен орындарға арналады» - дейді суретші.

6 суреттің кейбіреуі арнайы Семей полигоны үшін арналып салынған. Бірақ суретші оларды ғаламтордан ғана көрген. Полигон сынағының орнын көру үшін Туве ханым ертең Семейге аттанбақ.

«Ертең Семейдің Курчатов ауданына барамын. Полигон сынағы өткен аймақты өз көзіммен көргім келеді. Сол жердің тыныс-тіршілігімен танысқым келеді», - дейді Туве Карбо.

Тұсауын Қазақстанда кескен көрме Швеция Корольдігінің Қазақстандағы елшілігінің қолдауымен іске асты.

«Швеция ұзақ жылдар бойы ғаламдағы қауіпті қарулардан бас тарту іс-шараларына белсенді атсалысып келді. Қазақстанның ядролық қарудан бас тартуын Швеция жоғары бағалайды. Туве Карбо ханымның бұл көрмесі адам қолымен жасалған апаттар жайында. Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен Семей ядролық сынақ полигонының жабылуына 25 толуы қарсаңында бұл көрменің өтуі заңдылық әрі өте дұрыс шара деп ойлаймын»,- деді Швецияның Қазақстандағы елшісі Христон Камилл.

Елордада бастау алған көрме алдағы уақытта Семей өңіріне де жол тартпақ.

Жалғас ЗЕЙНОЛЛАЕВ


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер