BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Роза Рымбаеваның концертiне барып көңiлiм құлазып қайтты...

“Көктем шақырады, мен шақырамын...” деп елiмiздегi әр арнадан гүлдей жайнаған Халық әртiсi Роза Рымбаеваның концертi жайлы хабарлағалы бiр ай болды. Сәтi түсiп, соңғы қатардың билетi бұйырып, 17 мамырда жөндеуден өткелi алғаш рет Республика сарайына мен де аяқ бастым.

 

Сағат тұп-тура кешкi 17.30. Үш мың адамдық сарайға жұрт лезде толды. Ине шаншар бос орын жоқ. Концерт әбден күткiзiп, ауылдың тойын еске салғандай зарықтырып 1 сағатқа кеш басталды.
Хош дейiк, жұрт қол шапалақтап қоймаған соң жанды дауысты сүйемелдейтiн симфониялық оркестр сахнаға шықты. Олар Розасыз үш композициямен жиналған елдi тағы 15 минут алдаусыратты. Сонымен не керек, сағат тiлi 19-дан 10 минут кеткенде жарнамадағы қызыл көйлегiн киген Роза Рымбае­ва төбе көрсеттi. Алдымен сазгер Т.Мұхамеджановтың “Құс жолын” шырқады. Бiр сағаттан аса зарығып күткенiмiз, шаршағанымыз әп-сәтте басылғандай едi, сөйтсек... Төлеген ағамыздың әуенiнен өзге 8 ән қатарынан орысша шырқалды. Мен қипақтап, сарайға таяқтарын сүйретiп енген кемпiр-шалдар күбiжiктеп, көрермен түгел дерлiк “бiртүрлi” күй кештi. Сахнадан Рымбаеваның “Близкие мне люди все ушли. Таскын Окапов, Сейдолла Байтереков...” деген орысша естелiк әңгiмесiн естiгенде, онан әрi құлазыдық: “Құдай-ау, Роза Рымбаева Ресейдiң емес, Қазақстанның әншiсi едi ғой” деп. Жанымда отырған егде жастағы еркек: “Мынау не боп кеттi өзi, ең болмаса өзiнiң қазағын сыйламай ма? Розаны Роза еткен ең алдымен қазақ халқы емес пе?!” – дегенi. Мен үндемедiм...
“Көктем шақырады” атты кон­церттiң әр көктем сайын көрерменмен қауышқанына 15 жыл болыпты. Соңғы 5 жылдан берi бағдарлама титтей де өзгермеген. Сол баяғы кеңес дәуiрiндегi жетiстiк­терiн тiзбектеген Халық әртiсi Тухманов, Паульстың әндерiн шырқап жатты.... Iшiм пысқан мен фойеге шықтым. Мен сияқтылар мұнда көп екен. Күрделi жөндеуден өткен дәлiзде жүгiрiп ойнаған бала-шаға, сәбилерiн жетектеп жүрген аналар, жеңгейлер. Осы сәтте таяғын сүйреткен әженiң бiрi жаныма келдi. “Айналайын, мына Роза не шырқап кеттi. Орысша концерт болды ғой... Концерттен түңiлiп шықтым. О баста көңiлiм соқпап едi, құдағиым билет алып, шақырып қоймаған соң келiп едiм. Ендi қашан кетемiн деп баламды күтiп отырған жайым бар...” деп кейуана көңiлдегiсiн жайып салды. Ал Социал Сералина: “Рымбаеваның концертi деп алып-ұшып жеткенiмiз бар болсын, мына сұмдықты көрiп көңiлiмiз құлазып қалды. Қазақша ән ести алмай отырмыз. Ал Мақпалдың концертiнен мың есе дем алып шығамыз, қарағым. Ендi Розаның концертiне келмеспiн” демесi бар ма?! Мен не айтайын, үндемедiм. Өзiм де солай ойлап отыр ем. Бұл концерттен көрермен алдымен “Атамекендi”, “Әлияны” күткенi анық. Ұзақ күтiп, қазақша шырқалған ән тұрмақ, бiр ауыз сөз ести алмаған мен есiкке беттедiм. Жолда журналистер Халық әртiсiнiң кiшi ұлы Мәдидi қаумалап тұр екен. “Мәди, ең құрымаса анаңды қалай жақсы көретiнiңдi бiр-екi ауыз қазақша сөзбен жеткiзшi!”. Мәди: “Я не говорю по-казахский и вообще не знаю!” деп мақтанышпен жеткiздi.
Есiкке аяғымды iлбiп басып келе жатқан мен ендi екпiндей түстiм. Есiк алдындағы күзетшi “шықсаңыз, қайта кiрмейсiз концертке” дедi. Мұндай концерттi көргенiмнен көрмегенiм артық!” – дедiм мен. 
 
Гүлмира Болатқызы,
Алматы.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер