Роза мен Мақпалдай әнші болам деп әкеме уәде бергем – М.Әуелбекова (ФОТО) - Өнер|03 Қараша 2015, 18:12
BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Роза мен Мақпалдай әнші болам деп әкеме уәде бергем – М.Әуелбекова (ФОТО)

Астана. 3 қараша. Baq.kz – Бүгін Астанада Еуразия ұлттық университетінде белгілі әнші, актриса және тележүргізуші Мөлдір Әуелбекованың студенттермен кездесу кеші өтті. Жиын барысында ол өзінің бала кездегі армандары мен қазіргі жоспарлары жайында жас тыңдармандарымен бөлісті.

«Бала кезімнен Роза, Мақпал апаларымыздың әнін тыңдап, өлеңдерін қосыла айтып, еліктеп өстім. Бірде теледидардан Роза Рымбаеваның өлең айтып тұрғанын көрдім. Жанымда әкем болған. Сол кезде осы сахнада кейін мен де ән салатын боламын деп уәде бердім әкеме. Армандарым орындалды, уәдемде тұрдым. Жалпы, мектепте оқып жүргенде көп үйірмелерге қатысатынмын. Мен қатыспаған үйірме қалмаған шығар. Биге, вокалға, домбыраға, дзюдоға, әйтеуір бәрінен қалмауға тырысатынмын. Арманшыл болдым. Армандар орындалады, сеніңіздер. Алайда,құр арманның жетегінде кетпей, әрекет ету керек деп ойлаймын»,- деді ол.

Сондай-ақ, әншінің киелі сахна төрінде жүргеніне биыл он жыл толды. Оның айтуынша, келесі жылы халықтың алдына шығып, жеке ән кешін бермекші.

«Биыл шығармашылығыма он жыл толды. Соған орай халыққа есеп беру мақсатында жеке концертімді өткізу жоспарда болды. Алайда, биыл жеке өмірімдегі өзгерістерге байланысты, оны кейінге қалдыруға тура келді. «Қыз мұраты кету» деп қазақ бекер айтпаған ғой. Аяулы жар, ибалы келін, ардақты ана атану әрбір қыз баланың парызы, міндеті деп санаймын. Қазақтың салты көп қой. Сол үшін шығармашылықтағы біраз жұмыстарымды кейінге шегеріп отырмын. Осы жылдың желтоқсан айында тұрмысқа шығамын. Сол себепті жеке концертімді келесі жылы беремін деп шештім», - деді ол.

Айта кетейік, кездесу барысында студенттер әншімен бірге дуэт орындап, өздері шығарған өлеңдерін тарту етті. 

Назерке Сүйіндікова, ФОТО: Бауыржан Жуасбаев


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
14 Қаңтар 2019, 12:17
Мен ғой.
Пікірлер