BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Роза Әлқожа концерт береді

Танымал әнші-композитор Роза Әлқожаның шығармашылық ізденісіне биыл - 10 жыл. Осыған орай өнер иесі 18 желтоқсанда Ө.Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайында «Мен сыйға тартқан орамал» деген атпен есеп бермек.

Бейбітшілік пен жасампаздық­тың 20 жылдығына арналған кон­церт қонақ­тарын таныстыра кет­сек, Ақмарал Ілеу­баева, Алтынай Жорабаева, Еркін Нұржанов, Таңат Мамырханұлы, Гүл­мира Сарина, Баян Нұрмышева, Өмір­құл Айниязов, Ләззат Жанаманова және басқалар. Айтыстың жас перісі Жандарбек Бұлғақов пен журналист Әсел Ергешқызы кеш тізгінін өз қол­дарына алмақ.
- Биыл күзде орда бұзар отыз жас­қа толдым. Алыс-жақынға атым шығып, өнеріммен таныла бастағаныма да 10 жыл болыпты. Бірақ «қысқа жіп күр­меуге келмей­тіндіктен», халық алдына шығып, тыңдарманыммен жүздесуге мүм­кіндігім жетпейтінін түсіндім. Сөй­­тіп, жай ғана туған күнімді дос-жаран, ағайын-туыс, сыйлас аға-апа­ларымның ортасында атап өткен едім. Уақыт өте ке­ле, туған күн тойлап, күліп-ойнап, ай­на­ламдағыларға бір шәугім шай бер­геннен жан дүнием тыныштық­қа бө­леніп, рақат таппайтынын түсін­дім. Жү­регімнің қалауы мені үлкен сах­наға ұмтылдырып, көп­шілікпен кез­десуге итермеледі. Кө­реген қазақтың «Оты­зың­да орда бұзбасаң, қырқың­да қамал алмайсың» деген даналығын есіме түсірді. Оның үстіне, менен кейін өнер­ге келгендер де азды-көпті жетіс­тіктерін шама-шарқынша атап өтіп жатыр. Не керек, еш­қандай демеушім болмаса да ойла­на келе «Шешінген су­дан тайын­бас», «Көз қорқақ, қол батыр» деп құл­шына кірісіп кеткен жайым бар.
Қазіргі таңда «Асыл жарым», «Бала­пандарым», «Иман келтіру», «Ауылды аңсау» сияқты жаңа әндерімді жазды­ру үстіндемін. Осыған дейін сұхбаттарым­да айтқанымдай, менің атым Роза Рым­баеваның құрметіне қойылған. Кеш барысында халық ар­тисіне арнаған «Ән салшы, Роза» атты әнімнің тұсауын кеспекпін. Ақ сүт беріп өсірген анаммен бірге бір халық әнін шырқасақ деген жоспарым бар. Яғни осыдан екі жыл бұрын Жазушылар одағында өткен «Мына өмір ғажап қан­дай» атты алғаш­қы шығармашылық концертімнен бұл жолғы айырмашылық жаңа туынды­лардың көптігінде. Менен жаңалық сұрап, жаңа ән іздеп келгендер әсерлі кештің куәсі болады деген үміт­темін» дейді Роза Әлқожа.

http://www.aikyn.kz/index.php?option=com_content&task=view&id=11249&Itemid=2

 


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер