BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Роза ӘЛҚОЖА, әнші: ӘЙЕЛДЕРДІҢ БИЛІКТЕ ОТЫРҒАНЫНАН ПАЙДА ЖОҚ

– Роза, күніне қанша уақыт агентте отырасыз?
– Күн сайын агентке кіремін деп айта алмаймын. Аптасына бір рет бас сұғуым мүмкін. Хаттарды қарап, қайта шығып кетемін. Көп отыруға уақыт жоқ.
– Қандай мазмұндағы хаттар көп түседі?
– Әр түрлі. Кейде күлетін жағдайлар болады. Танымайтын бір орыс жігіті: «басыңыз бос па?», – деп сұрайды. Олар енді мені танымайды ғой, әнші екенімді білмейді. Кейде біреулер: «шынымен Розасыз ба?», – деп мазаны ала береді.
– Виртуалды өмірде шынайы досты табуға бола ма?
– Болады. Мәселен, атыраулық Бақыткүл Бабаш деген құрбымыз екеуміз алғаш агентте танысқанбыз. Өмірде бір-бірімізді көрмесек те, ол маған өз өлеңдерін жіберетін, ал мен пікірімді білдіріп тұрдым. Кейін Атырауға барғанда ол үйіне шақырып, маған шай берді. Біз бұрыннан таныс адамдай бірден жақын әңгімелесіп кеттік.
– Гендерлік саясатты қолдайсыз ба?
– Әйелдің қолынан келмейтін нәрсе жоқ. Олар қазір өздерін барлық жағынан дәлелдеп жатыр ғой. Бірақ әйелдердің билікте отырғанынан еш пайда жоқ. Себебі, нәзік жандылар ұсақ-түйек шаруаларды атқару үшін жаратылған. Хадисте: «әйел адам үйін мешіт қылу керек», – деп жазады. Яғни, әйел биліктің емес, өз үйінің қабырғаларын түгендеуге асығу керек.
– Алда мәжіліс сайлауы өтеді, кімге дауыс бересіз, жалпы депутаттардан кімді ұнатасыз?
– Саясатпен айналыспаймын, ешқандай депутатты ұнатпаймын.
– Сізді әншілігіңізбен қатар, журналист, кейде сазгер деп жатады. Өзіңізді қай өнердің маманы деп атаған дұрыс?
– Ең алдымен мен адаммын. Біз атақтарды шұбыртып атағанға құмар болып алдық. Өзімді журналистикаға көп еңбек сіңірдім деп айта алмаймын. Мені әнші-сазгер десе, қосыламын.
– Үлкен трассаларда көлікті қанша жылдамдықпен жүргізесіз?
– Бұрын қатты айдаушы едім, қазір 160-тан асырмайтын болдым.
– Қандай көлікпен жүресіз?
– «Ниссан цефирамен» жүремін
– Машинаңызды ауыстыратын ойыңыз бар ма, егер болса, қандай тұлпарға отыру ойда бар?
– Бар, әрине. Бірақ қандай екенін білмеймін, балалар сыятындай үлкендеу машина керек шығар.
– Біреу көлік сыйлау мүмкін бе?
– Сыйлауы мүмкін, иә.
– Батыр ана болғыңыз келмей ме, Қарақат Әбділдина сондай ана болғым келеді деп сұхбат беріп жүр ғой?
– Ондай ой жоқ, осы балаларым аман болсын. Құдай берген үш ұл, бір қызым бар. Қызыма бір серік болса екен деп ойлап қоямын. Негізі осы балалардың өзін тәрбиелеу қиын сияқты. Әрқайсысына жеке күтім, жеке назар салу керек.
– Әңгімеңізге рахмет!
Әзірлеген – Нұрмұхаммед МАМЫРБЕК

http://www.halyksozi.kz/news/view/id/1042

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер