BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

“Оттай жанған стайлға” биле­гiм келмейдi (ВИДЕО)

Ғаламторды ақтарып отырып, достарымның Ерболат Құдайбергеновтiң жаңа клипi жайлы әнгiмелерiн оқыдым. Өздерiнше мәз. Әнiнiң аты – “Оттай жанған стайл”.

Мен де көптiң көрген қызығын тамашалайын деп клиптi көре бас­тадым. Әншi жiгiтiмiз әлгi корейлiктi “копиялапты”.       Ри­мейк. Жаңа ештеңе жоқ. Ыр­қақ та, сюжет те сол.       Айырмашылығы – мәтiнi қазақша. Бүкiл әлем “gangnam style”-да­­­тып, естен айырылып жат­қанда, қазақ рэпперi де қарап қалмайын деген шығар, кiм бiлсiн... Ерболат ат қораға желпiнiп кiрiп, ақыр­заман бол­­­ғандай ақы­рып    салды, бұл – клип­­тiң ең мә­де­ниеттi жерi. Одан кейiнгi оғаш тұстарына тоқталсақ: Ерболаттың есiрiп билеген биiн, тоң­қайып тұрған қазақ қыздарын, саунадағы бiрiнiң иығына екiншiсi сүйенген еркектердi, лифтiдегi екi еркектiң ессiз қылықтарын көресiз. Оның үстiне арасында қазақ қызына “ооой, секси бикеш!” деген тосын комплимент айтып қояды. Онысы аздай, жерде тоңқайып тiзiле қалған қазақ қызының жартылай жалаңаш бөксесiне қарап, аузының суы құрып тұрған әншiнiң кейпi әрi күлкiлi, әрi аянышты... Жiгiттiң үстiне мiнiп, атша шапқан қыздар... Қыс­қасы, көшiрме айна-қатесiз қайталанған. Бiр жағынан, “қазақтың көрмегенi жоқ қой, мұны да бiр көрсiн” деген шығар клиптiң авторы. Бұрын Ерболаттың кейбiр әндерiнен жиiркенiп кететiн едiм. Қазақтың рухани ұранына айналған “Мен – қазақпын!” жырын өзiнiң туына айналдырған әншiнiң мүлдем бөлек мәдениетке елiктеп, одан қалды басқа бiр әншiнiң орындап, түсiрiп, да­йындап бергенiн қазақша қайталауы ненi бiлдiредi? Қазақ әншiлерi шығармашылық тоқырауға тап болған ба? Әлде ұлттық мәдениетiмiздiң кәусары сарқылып қалды ма? Әрине, шоу-бизнестiң заңын бiз бiле бермеуiмiз мүмкiн. Бәлкiм, “Оттай жанған стайл” тойларда ең көп сұранысқа ие “шығарма” шығар. Бәлкiм, әншi Ерболат жастар тыңдасын, көңiл көтерсiн деген де болар. Бiрақ әннiң де естiсi бар, есерi бар дегендей, мына ән жасқа өнеге беретiн дүние емес.

Жасым он сегiзде, жастықтың нағыз жалындаған шағында тұрсам да, халқымның абы­ройын айрандай төккен “Оттай жанған стайлға” биле­гiм келмейдi. Қалған жастардың пiкiрiн қайдам, әйтеуiр, саналы түрде ойланатын қа­тарластарымнан да үлкен үмiт күтемiн. Егер бiреудiң шығармашылығына тiл тигiзген болсам, әншi шығармашылығындағы бұл “стайл” туралы түсiндiрiп беретiн шығар?..
 
Ақбөпе Қалила,
Астана қаласы.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер