BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Опера жұлдыздары Варано мен Бенетта елордада ән шырқады

Опера қазақ үшін таңсық өнер болмағанымен, мәңгі өл­­мейтін классикалық туындыларды әлемдік деңгейдегі хас ше­берлердің орындауында тұщы­нып тыңдаудың жөні бөлек.

Сол тұрғыдан келгенде жыл сайын Астана күніне орай өткізілетін «Опералия» фестивалінің жұрт­шылыққа мол әсер сыйлайтынын, елордалық көрермендердің залда ине шаншар орын қал­дырмай жиналатынын көзіміз көріп жүр. Бұл жолы да солай болды. Мәдениет және ақпарат министрлігінің және «Қазақ әуен­дері» акционерлік қоғамы­ның ұйымдастыруымен елімізге әлемдік деңгейдегі опера әнші­­лері Джузеппе Варано мен Сильвия Далла Бенетта келді. Кеше олар елордадағы «Қазақ­­стан» концерт залында өз өнер­лерін паш етті.

Алдымен Джузеппе Варано жайында айтар болсақ, итальян­дық тенор 16 жасынан бастап «әнші бала» атанған. Мессин қаласында Корелли атындағы консерваторияны бітірген. Атақ­ты режиссер Франко Дзеффи­рел­лидің жетекшілігімен «Травиата» операсында Альфред партиясын орындай отырып, өз кәсіби дебютін жасаған. Варано әлемнің көптеген концерттеріне қатысқан, айрықша вокальдық қабілеті көрермендердің де, сыншылардың да тарапынан жоғары бағаланатын тенор. Оның репертуарында әлемдік операның негізін салушы тұлға­лардың көпшілігінің шығарма­лары бар. Әсіресе, 2009 жылы Принсипал театрында (Испания) оның Фауст операсына қатысуы, дәл сол жылы Коммунале театрында Дж.Пуччинидің «Мадам Баттерфляй» операсынан Пинкертонның партиясын орындауы әншінің шығарма­шы­лық өсу жолындағы маңызды кезеңі есебінде саналады.

Сол сияқты, Сильвия Далла Бенетта ханым да опера өне­рінде өзіндік стилі, қайталанбас дауысы бар әнші ретінде мойын­­далған, Сан-Карло ди Фениче, Массимо ди Палермо, Верди, Реджо ди Парма сынды айтулы театрлардың сахналарында өнер көрсеткен хас шеберлердің бірі.

Бұрнағы күні осы әншілер­дің қатысуымен өткен үлкен концертте көрермендер Дж.Россини, Дж.Пуччини, Д.Верди, Мас­канье, т.б композиторлардың опералық шығармаларын сүйсі­ніп тыңдады. Бұл концертке бел­гілі қазақ дирижері, Ни­дер­ландының Брабант Филармо­ниясының, Швецияның Норрчепинг симфониялық оркестрінің бас дирижеры Алан Бөрібаев­тың дирижерлық еткенін атап өтуіміз керек. Сондай-ақ, кон­цертті құрамы әрдайым кәсіби деңгейлерін көтеріп отыратын жастар мен тәжірибелі, танымал өнерпаздардан тұратын К.Бай­се­йітова атындағы Ұлттық опера және балет театрының си­м­фониялық оркестрі сүйемелдеді.

Концерт барысында К.Бай­се­йітова атындағы Ұлттық опера және балет театрының солис­тері Бибігүл Жанұзақ пен Бе­йім­бет Таңарықовтың да өнер көрсеткенін ерекше ықыласпен атап өтуге тұрарлық. Өйткені, бірі сопрана, екіншісі тенор да­уысты екі әнші де енді танылып келе жатқан жастар. Тек өзі­мізде ғана емес, әлемнің біраз елдерінде өнер көрсетіп, айтулы байқауларда топ жарып жүр­ген­дері көңіл сүйіндіреді. Мәселен, Бибігүл Ф.Шаляпин атындағы «Голоса над Плесом» халық­ара­лық вокал конкурсының лауреаты болса, Бейімбеттің биігі деп ТМД-ға қатысушы мемлекеттер гуманитарлық қоры мен ТҮРК­СОЙ бірлескен халық­ара­лық мәдени жобасында, Гаджи­бе­ков­тың «Көроғлы» опеарасы­ның тұсаукесерінде өнер көр­сет­кенін атауға болады. Сондай-ақ, бұл жігіт операның қазақы­ланған, яғни, А.Жұбанов, Е.Рахмадиев, Л.Хамиди, Е.Брусиловский сынды композиторлардың шығармашылығынан партия ор­ындауға бейімдігімен ерекше­ле­нетінін айтып өтсек артық емес.

Өз еліміздегі операны кенже дамыған өнерлердің қатарында қарастырып жататынымыз бар. Солайы солай болғанмен, осы күні біздің елдің де біраз опера саңлақтарының сырт елдердің сахналарында жиі өнер көрсе­тетінін, көпшіліктің операға қы­зығушылығы жылдан жылға артып келе жатқанын қаперге ал­сақ, кешегі өткен концерттің де әсері мол болды. Жан-дүниеңді шуаққа бөлейтін бекзада өнерде расында да шекара болмайтынын сезініп қайттық.

Айгүл СЕЙІЛОВА,

«Егемен Қазақстан».

Суреттерді түсірген Ерлан ОМАРОВ.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
14 Қаңтар 2019, 12:17
Мен ғой.
Пікірлер