BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Он екі айдың төресі - Рамазан айы жане Қадір түні һәм пітір садақасы туралы ақпарат

Елордадағы «Бәйте­рек» халықаралық медиа орта­лы­ғында қасиетті Рамазан айына байла­ныс­ты баспа­сөз мәслихаты өтті. Оған «Нұр Астана» орталық ме­шітінің имам­дары, сондай-ақ БАҚ өкіл­дері қатысты.

Күллі мұсылман баласы асы­­ға күткен Рамазан айына санау­лы күндер қалды. Рамазан – са­ғына күтіп, қимай қош­тасатын Құран Кәрімнің асыл аяттары түсе бас­таған қасиетті ай. Бұл айда Жа­ратушының рақымынан үміт етіп, ауыз бекітіп, құл­шы­лық жа­са­ған адам­ның тілегі қа­был бо­лып, жа­пырақтары төгіл­ген күзгі ағаш­тай күнәларынан арыла­ды. Адам жа­нына сергектік сый­лап, жүрегін жылылыққа бө­лейтін бұл кезең кісіні барша жағымсыз қы­лық­тар­дан: кісімсуден, даң­дай­су­дан, тә­кап­пар­лықтан алшақтатады.

Ораза айының жай-жап­са­рын бұқара халыққа таныс­ты­ру үшін «Нұр Астана» орталық мешітінің бас имамы Қалижан Заңқоев, ор­та­лық мешіттің найб имамы Тө­ле­би Оспан, сондай-ақ имам Асхат Сәлімов журналистер тара­пы­нан қой­ыл­ған сұрақтарға жауап берді. Бұл ретте Қалижан Заң­қоев: «Тамыздың 1 жұлдызына сәй­кес келіп отырған Рамазан айы мұсылмандық ай күнтізбесі бойынша 29 күнге созылмақ. Та­мыздың 26-нан 27-не, яғни жұма­дан сенбіге қараған түн – қасиетті Қадір түні. Ал Ораза айт намазы 30 тамыз күні Астанада таңғы жетіде оқылады. Бұл уақытты Қа­зақстан мұсыл­мандары діни басқармасының пәтуа бөлімі әзір­леп бекіткен. Алайда, айт нама­зының уақы­ты әр қалада әр түрлі болуы мүмкін», – деп ескертті.

Астана қаласы бойынша сә­ресі уақыты таңғы сағат 03:00-де болса осы уақытқа он минут қалғанда сәресіні ішіп біту керек. Сонымен бірге әр күннің оразасы үшін ниет ету қажет­тігін де атап өтті. Ораза ниеті: «Алла риза­лы­ғы үшін таңнан күн батқанға дейін Рамазан айының оразасын ұстауға ниет еттім», – делінеді. Алғашқы кү­ні ауызашар уақыты Астана қа­ласы бойынша 21:07-де. Ал «Нұр Астана» орталық ме­ші­ті­нің найб имамы Төлеби Ос­пан болса, Астана уақыты бойын­ша биылғы жылы 30 мыңнан аса Рамазан айының ораза ұстау мен намаз оқу кестесі шығарыл­ған­ды­ғын, ол кестелердің мешіттерге тегін таратылғандығын тілге тиек ете келе, соңында мешіттің атауы жазылған  кес­тенің дұ­рыс­тығын баса айтты. Себебі, ораза қарсаңында көп­те­ген ақ­па­рат көз­дерінен алынған кес­те­лердің уақыты жергілікті ай­мақ­тарға сәйкес келмейтін кө­рінеді. Яғни, 10-15 минут­тық айырмашы­лық­тар бар көрінеді.

Биылғы жылғы Рамазан ай­ын­дағы пітір садақа мөлшері Астана қаласы мен Ақмола, Қараған­ды Жезқазған, Өске­мен, Семей, Павлодар, Петропавл, Қостанай облыстарында 150 теңге болса, Алматы қала­сы, Оңтүстік Қазақ­стан, Жам­был облыстарында 100 теңге болып бекітіліп отыр. Айта кеткеніміз жөн болар, пітір са­да­қасы – адам болып жаратыл­ға­ны­мызға шүкіршілік ету және мол сауапқа кенелу мақ­са­тында беріледі. Қалижан Заңқоев қа­сиетті Қадір түніне де тоқталып өтті. Бүгінде ҚМДБ бұл түнді жүйелі түрде атап өтуді жолға қойған екен. Анықтап айтқан­да, бұл түні мешіттерге мұсыл­мандар жи­на­­лып, мешіт қыз­мет­керлері оларға уағыз-на­си­хат айту, жа­мағат сұ­рақ­тарына жауап беру, көпші­лік­пен намаз оқу сияқты ғибадаттар жаса­лып жүрген көрінеді. ҚМДБ-ның төрағасы, бас мүфти Әб­саттар қажы Дер­бісәлі хазрет жу­ырда «Жарыл­қаушы айда жұртқа жеңілдік жасайық» ат­ты үн­деуі жариялап, Рамазан айы­ның құрме­тіне ел кәсіп­керлері мен тиісті мекемелерді азық-тү­лік­тің, қо­нақ үйлер мен қоғамдық қыз­мет­тердің баға­сын 10 пайызға жеңілдетуге ша­­қ­ырғаны өзі­міз­ге белгілі. Осы­ған орай, «Нұр Астана» орта­лық мешіті Астана қа­ласын­да­ғы сауда орталықтары мен тиісті мекеме басшыларымен жо­лығып, Рамазан айы қарса­ңын­да ел мұсылмандарына жеңіл­дік жасап, үндеуге үн қосуға ша­­қы­руда екен.

Жұлдыз БАЙДІЛДА.

http://www.egemen.kz/309820.html


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер