BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

«ОЛ БАҚЫТТЫ ӨМІР СҮРГЕН ЖОҚ...»

Сұрақ жаңаша қойылып, жауап та жаңаша айтылатын сұхбаттар болады. «Мәдениет» телеарнасында түсіріліп, «Халық сөзінде» газеттік нұсқасы беріліп отырған Мұқағали туралы әңгіме сонысымен ерекшеленеді. Таластырған пікір тақырыбымыздан көрініп тұр. Екі ақын екі түрлі пікір айтыпты ол жөнінде. Сонымен...

Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Бұл өлеңніңөмір сүруге мүмкіндігі бар ма?Көзі тірі болғанда Мұқағали Мақатаев «Россия» деген өлеңінен өзі бас тартқан болар ма еді. «Қазақпарат» баспасынан алтынмен апталып, күміспен күптеліп шығарылған, 1025 беттен тұратын ақынның жыр кітабында бұл өлең тағы жүр. Қолымызға алғанда жүрегіміз лүп ете қалатын осы кітапты талқылауға Мұқағали Мақатаевтың көзін көрген, сөзін терген, ардақты ақын ағамыз Оразақын Асқар мен Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының бірінші орынбасары, белгілі ақын Ғалым Жайлыбайды шақырдық. Алғашқы сұрағымыз былай болды:
– Оразақын аға, қалай ойлайсыз, осы біздің көзі тірі ақындарымыз өздерінің жинақтарына заман ыңғайына қарай жазылған кейбір өлеңдерін кіргізбей тастап жатыр. Бір қызығы, өмірден өткен ақындарға келгенде солардың әлгіндей өлеңдерін қайдағы бір қағидаларды ұстанып аламыз да, кітаптарына қалдырмай үсті-үстіне енгізіп жатамыз. Бұл әділдік емес қой. Ақындарымыздың заман ыңғайымен жазылған кейбір өлеңдерін кейінгі жинақтарына енгізбей-аққойсақайтеді? 
Оразақын АСҚАР: Өзі жасамыс ақын, елге танылып біраз өмір сүргеннен кейін өлеңдерін, қолжазбаларын өзі реттейді. Оның қайсысы болашаққа қалуға лайық, қайсысы лайық емес деген сияқты ой болады. Жарты жастан асқаннан кейін бәрінде осындай жағдай болады. Мәселен, Қасым Аманжолов өзінің өлеңдерін осылай реттеп, талғап, тәртіпке келтірген екен деген сөз бар. Соған қарағанда Мұқағали да өз өлеңдерін орта жастан асқаннан кейін жинақтаған болуы керек. Өйткені, өзінің жазған естелігінде: «Маған тағы бір жиырма жыл өмір берсе, сол жиырма жыл өмірімде мен өзімнің өлеңдерімді арамшөптерден тазартар едім», – дейді. «Өмір сүрсем енді бір жиырма жыл» деген өлеңі де бар. Бірақ оған тағы жиырма жыл өмір берілген жоқ, жиырма жыл емес, бес-алты жылдан кейін қайтыс болды. Бәріне таныс, тіпті жатқа білетін «Қара өлең» деген өлеңі бар. Сол «Қара өлең»:
«Қалқам,
Мен Лермонтов та, Пушкин де емен,
Есенинмін демедім ешкімге мен», − деп орыстың ұлы ақындарын біреуін емес, бірнешеуін қатар айтудан басталады. Осы өлең кітаптарында осылай шығады да қазақ ақындарынан немесе басқа ақындардан ешкімнің аты аталмай аяқталады. Біртүрлі қазақта ауызға алатын ақын жоқ па дегендей ой қалдырады. Сөйтсе ол бар екен. Былай дейді, сол алынып тасталған шумағында:
«Абайға тән – маған да тән сыбаға,
Келсін мейлі, келмесін тәржімаға.
Осы менің отырып оңашада,
Оқитұғын намазым әр жұмада».
Ал осы шумақ алынып тасталған. Сонда Пушкиннен басталып, Абаймен аяқталған қара өлең шолақ болып қалған сияқты көрінеді. Кейін қайта енгіздік төрт томдығына. Өкінішке қарай, содан кейін шыққан «Алтын қаламда» сол шумақ тағы түсіп қалыпты.
Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Жоғарыдағы менің сұрағым жөнінде сіз қалай ойлайсыз, Ғалеке?
Ғалым ЖАЙЛЫБАЙ: Кез келген өнер адамы, кез келген қаламгер сол уақыттың перзенті.
«Көрер едің,
Шаламын ба, отпын ба,
Байқар едің,
Ақынмын ба, жоқпын ба?..
Кектендірген хан Жәңгір де жоқ мұнда,
Кектенетін Махамбет те жоқ мұнда.
Түсінер ең,
Езбін бе, әлде ермін бе,
Байқар едің,
Артықпын ба, кеммін бе?
Мен Спартак бола алмадым, не шара,
Сенің өзің Цезарь болып көрдің бе?!
Сырым да – осы,
Жырым да – осы,
Алдыңда,
Байқашы бір,
Бықсыдым ба, жандым ба?
– Махаңдар жоқ, Махаңдардың сарқыты,
Мұқағали Мақатаев бар мұнда!», −дейді.Мұқағалиды төбемізге көтеріп, күллі қазақтың даласы, өзі жазған Алтайы мен Атыраудың бәрі оның ұлылығына бас иіп, танып жатқан уақыт қой. Мұқағали өзі Махамбет, Абайлардан бастап, кешегі «Бір күй бар домбырамда, иесі Қасым, Қасым солай болмаса несі Қасым?» деген ақын ағаларының бәрін ұстаз тұтқан. Үлкен жүректі ақын. Сол уақытты жырлаумен, мысалы Отанды жақсы көру арқылы күллі қазақтың жерін, атамекенін сүйген ақынның жүрегінің дүрсілін тыңдайсыз. Тіпті «Советтік менің өз елім» деп жазған Қасым Мұқағалидың ұстазы дедік жаңа. Енді советтік жырлар деп мына уақыт қабылдайды бәрібір.
Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Мен жаңағы «Россия» өлеңінің орнына мына бір өлеңді оқып көрейін:
«Ең бірінші бақытым – Халқым менің,
Саған берем ойымның алтын кенін.
Ол бар болса, мен бармын, қор болмаймын.
Қымбаттырақ алтыннан нарқым менің.
Ал екінші бақытым – Тілім менің,
Тас жүректі тіліммен тілімдедім.
Кей-кейде дүниеден түңілсем де,
Қасиетті тілімнен түңілмедім», − дейді. 
Бір деммен оқылады, демің жетпей қалғандай болады. Жалпы осы Мұқағалидың азаматтық дауысы да өте шынайы көрінеді.Ақынның Отан, ел, жер, атамекен туралы өлеңдері басқа көп ақындардың жырларындай қасаң емес, бір махаббат жырларындай есіліп тұрған, сондай сүйіспеншілікпен оқылатын өлеңдер.
«Әнеки менің Отаным,
Әнеки менің мекенім,
Солармен бірге жатамын,
Солармен бірге кетемін», – депті ақын.
Ақынның отансүйгіштігі туралы сөз қозғап көрелікші, өмірде қандай еді, өлеңде қандай еді?
Оразақын АСҚАР: Отан дегенде «Отан отбасынан басталады» деген сөз бар ғой. Ал бұл кісінің ең алғашқы жазған өлеңдері сол өзінің Шалкөде жайлауы, өзінің Қарасаз ауылы болып келеді. Мұқағали десек, ел Қарасазды еске алатын болды. Сол Қарасазды, сол Шалкөдені жырлаудан бастады. Соның аяғы Отанға, Қазақстанға, тіпті айта берсеңіз әлемге сөз арнады. Өмірде қандай еді, өлеңде қалай еді дегенге келетін болсақ, өмірде, халық біледі, ол өз үлесін алған жоқ. Жазған өлеңдері де тірі кезінде лайықты бағаланған жоқ. Тіпті соған жетеқабыл өлеңдер жазып, түрлі сыйлықтар алып жүрген ақындардың қатарында аты аталған жоқ. Сондай жағдайда жүріп, Отан дегенде ең бір бақытты адам құсап, сол Отанның иесі, сол Отанның қожасы құсап жырлайтын. Мәселен, жаңағы сіз оқыған өлеңде:
«Үш бақытым бар менің алақанда,
Мені мұндай бақытты жаратар ма?» − дейді. Сонда «Мені мұндай бақытты жаратар ма?» деп оқығанда оқырман шалқып отырады, сонымен бірге Мұқағалидың өзі төрт құбыласы түгел, бақытты адам болған екен ғой деген ой қалады. Ал өмірде шындығында ол олай болған жоқ.
Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Мұқағалидың өлеңдерінен байқалып отырады, аңқылдаған бала көңілдің дана көңілмен ұштасып жатқан тұстары бар. «Тарыдай болып кіресің, таудай болып шығасың». Бүгінгі заманның сөзі, бірақ халықтыңөз сөзіндей болып кеткен. Мұқағалидікі еместей, халықтікіндей. Авторын айтпай-ақ айта беретін сіңісті сөздерге айналып кеткен. Балаларға арнап та бірталай өлең жазыпты. Тіпті ескі үй, ауыл-ел, атамекен туралы өлеңдерінде де балалықтың ізі сайрап қана жатқан жоқ, балалардың жаттап алуына ыңғайлы, жатық жолдар тұнып тұр. Бір атап айтар ерекшелігі де, артықшылығы да Мұқағалидың көпөлеңдері бастан сипар, көңіл жадыратар мейірімге толы.
Жалпы кітапты парақтасақ та, Мұқағалидың аты аталған жерде де өзінен өзі тіл ұшына орала беретіні сол өлеңдерінің ақ-адалдығынан да болса керек. Өзінен өзі жатталып қалған өлеңдер. Осының сыры неде? Мұқағали поэзиясының ерекшелігін мүмкін осы жерден іздерміз. Бәлкім қара өлеңде бар қасиет осы Мұқағалидың поэзиясына дарыған болар. Қалай ойлайсыз?
Ғалым ЖАЙЛЫБАЙ: Мен осы жерде бір ой айтайын. Мұқағалидың өзі:
«Қазақтың қара өлеңі құдіретім,
Онда бір сұмдық сыр бар естілмеген», − деп айтады. Сондықтан Мұқағали форма іздеген ақын емес. Мұқағалидың өлеңі негізінен − қара өлең. Кәдімгі қазақтың дәстүрлі қара өлеңі. Мұқағалидың ерекшелігі оның соншама табиғилығында. Мәселен, Мұқағалидың өлеңіне ғашық болғанымызсонша, Қарасазды, Елшенбүйректі, Шалкөдені алғаш көргенде сол жердегі бүкіл адамдарды танитын секілді күй кештік. Ақынның құдіреті сонда. Оразақын ағаммен келіспейтін бір сөзім бар. Тірі кезінде соншама көп қиындықтар көрді ғой. Бірақ бағаланбады дегенге дау айтқым келеді. Бағалану деген награда алу емес, бағалану деген бұны іздеп оқитын оқырманы болуында. Анау «Қарлығашым келдің бе?», «Шуағым менің», «Аққулар ұйықтағанда» болсын, кітаптары жылда шығып жатты. Ақынның «Өмір-дастан» деген сары кітабын кәдімгідей Алматыдағы ағаларымызға хат жазып жүріп, алдырып оқып, жаттап өстік. Сол кезде бақытты ақын болатын. Біздің көңіліміз үшін, біздің ұрпақтың көңілі үшін. Ол кезде біз Мемлекеттік сыйлық дегеннің не екенін білмейміз. Әйтпесе біз аңқау, тап-таза, адал Мұқағалидың өлеңдерін оқып жүрген ауылдың баласымыз. Бұның ең ұлылығы қарапайымдылығында.
Оразақын АСҚАР: «Мен қалай тірі жүргеніме таңғаламын» деп Мұқағалидың өзі жазған әрбірден соң. Соны өзіміз жөндеп оқымаймыз. Қазір Мұқағалиға артық құрмет көрсетіліп жатқандай көреміз кейбіріміз. Әлгіндей әңгімелер содан шыққан. Ол өмірде бақытты өмір сүрген жоқ.
Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Кітаптың мазмұнына көз жүгіртіп отырсақ, Мұқағалидың өлеңдерінің көбі әнге айналған екен. Әнге айналу сыры да осы қара өлеңге жақындығында ма екен?
Оразақын АСҚАР: Ол да дұрыс. Өзі тіленіп тұрған өлеңдері бар. Бір қызығы, Мұқағалидың бір өлеңіне композиторлар әртүрлі әуен шығарады. Мәселен, «Сәби болғым келеді» деген өлеңіне екі-үш композитор қатарынан екі-үш ән шығарыпты. Жақында «Құмған алған, суға барған» деген өлеңіне басқа композитордың шығарған әнін тыңдадым. Созылыңқы ғып шығарыпты, маған аса ұнаған жоқ. Жарысып ән жазатындары бар. Ол енді қабылданып кеткеннен кейін соған мінгесудің не қажеті бар? Мұқағалиға ән шығару арқылы өзінің атағын шығарғысы келе ме, қайтеді. Мұқағалидың кейбір әнге лайықты емес өлеңдеріне ән шығаратындар бар. Мәселен, Нұрғиса Тілендиевтің шығарғандарын қарап отырсам, әні мен мәтіні бірдей жазылған, бірге шыққан. Нұрғиса бұрынғы өлеңдеріне ешқашан ән шығармаған. Мұқағалиды шақырып отырып, осындай бір ән шықты деп, Мұқағали мәтінін сол жерде жазған. Сосын ана Шалкөдең туралы ән шығарып көр, барып едім, көріп едім деп Тілендиев айтады. «Мінеки» деп, Мұқағали сөзін жазып береді. Сонда Нұрғиса айтады: «Шалкөде десек бір ғана жайлау болып қалады. Оданда қазақтың барлық жайлауы болсын, «Саржайлау» деп атайық» дейді де, ән шығады. Бұл дайын тұрған мәтінге емес, әнге лайықталып, сол жерде жазған мәтінменен шыққан ән. Міне, композитормен ақынның бірлесіп жұмыс істегенінің көрінісі.
Ғалым ЖАЙЛЫБАЙ: Мысалы:
«Жалаң аяқ жастығым өтесің бе,
Жалаң аяқ жүгірген баланы аяп»,− деген өлеңі бар емес пе, «Жалаң аяқ қыз» деген. Жастар тұрып алып «Жалаң аяқ қыз» деп секіріп билейді. Ал кітаптан үңіліп оқысаңыз, көзіңізден жас шығады. Сондай қарама-қайшылықтар бар. Жалпы Мұқағали тектес ақындардың өлеңіне ән жазу үшін де дайындықпен бару керек шығар деп ойлаймын.
Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Осы қазақтың ақындары басқасы басқа, аудармаға мықты төселген деседі. Аударса аспанға көтеріп аударады. Өз өлеңдерінен де мықты қылып аударады. Оның енді әртүрлі себебі бар ғой. Бұл тұрғыда да Мұқағалидың талғамы бөлек болған сияқты. Бәлкім аз да болса Мәскеуде оқығаны, «Есенинге амандаса» барып, «Пушкинмен қоштасып» қайтқаны да әсер еткен шығар?
Оразақын АСҚАР: Аударма туралы айтатыным, біздің кез келген үлкен ақындарды алсаңыз, Пушкинді аударады, Лермонтовты, Евтушенколарды аударады. Мұқағали оларды аудармаған, Евтушенконың бір-екі өлеңі болмаса. Негізінен Мұқағалидың аударған екі-үш-ақ кісісі бар. Ол Шекспирді, Уитменді аударған. Ал «Құдіретті комедия» туралы басқаша айтар едім. «Құдіретті комедияның» авторы Данте мен Мұқағали тағдырлас. «Тамұқ» деген бір бөлімін аударған Мұқағали. Дантенің аталған комедиясы басында комедия деп аталыпты. Ақын қайтыс болғаннан кейін, жиырма жылдан соң«бұл құдіретті комедия ғой» деп, сыншылар сонда ғана осылай айта бастаған. Сол ақынның тағдырымен өзінің тағдырынан ұқсастық тауып, аударған. Ал Пушкин, Есениндер туралы өлеңдері бар. Бірақ шығармаларын аудармаған. Алғашқы жазған өлеңдерінде Пушкинге еліктеу бар. «Есіңде ме, сол бір шақ?» деген өлеңіне еліктеп, Лашынға арнап сондай өлең жазған. Пушкиннің өлеңдерін аудармаған себебін бір сөзбен айтар едім, өзінше Пушкинмен жарысып өлең жазған деп айтуға болады. Мен де сендердей ақынмын деп тайталасып жазған. Мысалы, мынандай өлеңдерін айтар едім: «Дауысым Ұлы Ресейге кетер жалпақ,
Тіл біткен жүрер менің атымды атап», − дейді Пушкин. Тіл біткен оның атын атап жүргеннен кейін не қалды? Осы тектес бір өлең жазайын десең жаза алмайсың. Өйткені тақап, төбесіне нүктесін қойып қойған. Ал Мұқағали осыны сезген және бұзған.
«Өлеңдерім аспаннан оқылғанда,
Оқылғанда жай болып атылғанда,
Мылқауларға тіл бітіп, керең естіп,
Жанар пайда болады соқырларға...» Пушкин: «Тіл біткен жүрер атымды атап», – десе, Мұқағали: «Тілі жоқ та менің атымды атайды», – дейді.
Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Жалпы өмірде жазған он-он бес поэмасы бар ғой деймін. Мұқаңдай адуынды,дарынды ақынға аздау сияқты. Бірақ «Аққулар ұйықтағанда» поэмасының халықтық дастанға айналып кететіндей-ақ сипаты бар. Тіпті бүгін мойындайық, мойындамайық, «Ильич» поэмасыныңөзі ақынныңөзі айта беретін дұшпандарының аузына құм құйғандай болыпты. Сол кездегі партиялықүлкен газетте жарқ етіп басылып, елді елең еткізіпті. Ал «Райымбек, Райымбек» соныңөтеуіндей, бірақ тақырыбына байланысты көп кешігіп, ақынныңөзі өмірден өткеннен кейін «Лениншіл жаста» жарық көріпті, оның да халықтық сипаты басым. Алайда, сол кесек дүниелер өлеңдерінің қалтарысында қалып бара жатқандай ма, қалай?
Оразақын АСҚАР: «Райымбек, Райымбекті», «Аққулар ұйықтағанданы», сосын «Атамекенді» оқушыларға жаттатады екен. Ал әдеби әлемде әлі толық зерттелмей жатқаны рас. Өлеңдеріне көп назар аударылады. Поэмалары болашақта зерттелетін шығар. Оның ішінен де талай айтылар сөздер, асылдар табылады.
Ғалым ЖАЙЛЫБАЙ: Шын мәнінде дастандары туралы ағамыз жақсы айтып кетті. Бұл жерде әлі де зерттейтін, зерделейтін дүниелер көп. Мұқағалидың өзі айтады:
«Өлең деген тумайды жайшылықта,
Өлең деген туады қайшылықта», − деп. Өмірінде қайшылықтар болмаса, ақындықтың шыңына шығар ма еді, шықпас па еді? Тіпті уақытқа тәуелді болып қалды демей, мәселен, «Чили – шуағым менің» поэмасы бүнгінгі күнде де оқуға болатын поэма.
«Барлық ақын баласы – бір ананың,
Ақын келсе өмірге, қуанамын», – деп бастайды. Міне, адамға, ақынға, өмірге деген құрметті алқалай отырып, адамзаттық ойлар айтады.
Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Жаңағы сіздердің сөздеріңізден де байқалып отыр. Қазір әдеби ортада Мұқағалидың өмірі туралы көптеген пікір бар. Біреулер айтады: «Мұқағали не істеймін, не қоямын десе, өзінің еркінде болған», – деп.Енді біреулер айтады: «Мұқағали көп теперіш, қыспақ көрген. Сөйте тұра өзінің кейінгі өмірі туралы айтқан философиялық ойлары дәлме-дәл келіп отыр бүгінде. Тіпті көрегендік деуге де болады. «Тұсауыңды талқандайсың, мәңгі өлмейсің сен енді», – дейді.
Ғалым Жайлыбай: Иә, солай. Өз өмірін көрегендікпен болжағандардың бірі Мұқағали. 
«Қарасаз, қара шалғын өлеңде өстім,
Жыр жазсам қайран жұртым елеңдестің.
Өлсе өлер Мұқағали Мақатаев,
Өлтіре алмас алайда өлеңді ешкім».
Мұндай сөз айту үшін де жүрек керек, өзінің ақындық қуатына сенген ақын ғой. Қазақ деген ел аман болса, тап осылай біздің жоқтайтынымызды, сағынатынымызды, жүрегін, сезімін сағынатынымызды сезіп кеткен. Өз отына өзі өртеніп кеткен ақын. 
Газеттік нұсқасын жасаған – Балжан МҰРАТҚЫЗЫ

http://www.halyksozi.kz/news/view/id/1025


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер