BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

«Нұр-Мұқасан» тобы:«Қазақтың 100 әнінің» үшеуі – біздікі

Олардың ән әлеміндегі аяқ алыстары өзгеше. Бірде күмбірлеген қара домбыраның құдіретімен пәлсапалық термелерді төгілтсе, енді бірде заманауи әндерге үн қосады. Тіпті, жұрт домбыраның үнін ұмыта бастаған шақта алғашқылардың бірі болып, қос ішекті аспапты эстрадамен үйлестірген де солар болатын. Жиырма жылдан бері жұптары жазылмай келе жатқан «Нұр-Мұқасан» дуэтін «Күйтабақтың» оқырмандары атынан әңгімеге тартқан едік.

 

–Жігіттер, кейінгі кездері сахнадан көп көрінбей кеттіңіздер. Тыңдармандарыңызды сағындырып алған жоқсыздар ма?

– Соңғы уақытта саны болғанымен, сапасы жоқ концерттер көбейіп кетті. Екінің бірі продюсер, екінің бірі концерт ұйымдастырушы. Әрі олардың концертіне шығып, ән айтар болсаң, көк тиын да төлемейді. Біз де еріккеннен жүрген жоқпыз ғой. Әншілер қауымы өз өнерлерімен жан бағады. Сондай концерттерге қарсы боламыз деп, сахнаға жиі шықпай жүргеніміз рас. Ол біз «жұлдыз» болып кетіпті немесе кез келген жерге бара бермейді екен дегенді білдірмейді. «Көрінбей кеттіңдер ғой» деген таныстарымызға: «Жылтыңдап шыға беретін жас бала емеспіз ғой» деп қалжыңдаймыз. Алайда, шақырған жерден қалмаймыз. Кейде қалада болмай қаламыз, одан өзге де жеке шаруаларымыз бар дегендей…

– Сонда әншіліктен бөлек, жеке іспен айналысып жүрсіздер ме?

– Жақында ғана Мұқасанның үйінің құрылысын аяқтап, қоныс тойын тойладық…

– Құтты болсын! Былтырғы жылы топтың 20 жылдығына орай шығармашылық кешін өткіземіз деп уәде берген едіңіздер. Неліктен өтпей қалды?

– Осы уақытқа дейін тобымыздың 10 жылдық, 15 жылдық мерейтойларында екі рет үлкен концерт өткіздік. Ал, 20 жылдығымыздың қарсаңында Республика сарайы жөндеу жұмыстарына байланыс-ты жабылып қалып, үлкен зал таппай қиналдық. Күзге қалдырып ек, белгілі бір себептермен тағы сәті түспеді. Әрі өзіңіз білесіз, көп нәрсе қаржыға келіп тіреледі. Алла жеткізсе, жиырма бес жылдығымызды жақсылап өткізерміз, өмір алда ғой…

– Қаржы демекші, демеушілеріңіз бар ма?

– Жеке демеушіміз де, продюсеріміз де жоқ. Бәрін өзіміз шешеміз.

– Байқауымша, стильдеріңізді өзгерткен сияқтысыздар…

– Стиль дегенде, бәлендей өзгеріс енді деп айта алмаспыз. Сахналық киімдеріміздің ұлттық калоритпен қатар, заман талабына сай болуын да назарда ұстаймыз.

– Тыңдармандарыңызды жаңа әндермен қашан қуантасыздар?

– Әнқоржынымызды жаңа әндермен байытудамыз. Арман Дүйсеновтің «Сүйіктім», «Алыстап кеттің», одан бөлек Мұқасанның жеке орындауында Ринат Гайсиннің «Бақыт» деген әндерін жаздық. Сөзі – Ринат Заитовтыкі. Осылардың ішінен ең ұтымды шыққанына бейнеклип түсірмекпіз.

– «Вояж» тобымен бірігіп орындаған «Сен жоқ жерде» әнін көпшілік жылы қабылдады. Әнші қыздармен шығармашылық байланыс әрі қарай жалғасуы мүмкін бе?

– «Вояж»-бен ән шырқаймыз дегенде, көбі орысша ән айтады екен деп қабылдады. Жоқ, керісінше, біз өнердегі жолдарын енді бастап жатқан қарындастарымызға қамқорлық жасап, репертуарларындағы бірінші қазақша әнді алып шығулары үшін дуэт құрдық. Оның үстіне «Вояж»-дың демеушісі жақын досымыз болғасын, сөзін жерге тастай алмадық. «Вояждағы» екі қыз да дауыс диапазондары кең, өте талантты. Өткенде бірге ән айтайық деп тағы да ұсыныс білдіріп жатыр. Орындалатын ән жақсы болса, неге дуэт құрмасқа?!

– Алайда, Мұқасанның домбырасы сахнаның сыртында қалып бара жатқан жоқ па?

– Домбыра ұстамағалы біраз болды. Бірақ Нұрланмен бірге домбырамен орындайтын әндерім бар. Сосын ең алғаш эстрада мен домбыраны біріктірген әншілердің бірі екенімізді өнерсүйер қауым жақсы біледі. Алайда, 1996 жылы «Құдаша қыз» әнін осы бағытта алып шыққанымызда, өкпе-назын білдіргендер де болған. Қазір екінің бірі ұлттық аспаптарды эстрадамен қосып, халыққа танымал боп жүр. Екі домбыраны қоссаңыз, фольклор болатыны белгілі. Біз қазір көбіне эстрада бағытында ән салып жүргендіктен, «Нұр-Мұқасандағы» домбыраның жүгін Нұрлан өзі-ақ көтеріп тұр. (күліп…) Бірді айтып, бірге кеттік пе? «Не пайда?» атты жалғыз термемізбен халықтың жадында қалдық. Көпшілік сұрап жатқан соң әр түрлі термелерді домбыраға салып, таңдап жатқан жайымыз бар. Ал өзімнің нақты қай күні домбыра ұстап шығатынымды айта алмаймын.

– Шәкірт тәрбиелеп жатыр деп естідік…

– «Stile BR» деген топтағы інілеріміздің талантына ден қойып жүрген едік. Өкінішке қарай, Бауыржан деген жігітіміз көлік апатынан қайтыс болған соң, орнына Самат деген жігітті алғанбыз. Руслан таяуда Шымкентке кеткен еді, хабарласып едік, өнерден кететінін айтты. Әзірге Саматпен жеке жұмыс істеудеміз. Ілияс Байбосынов деген інімізді де қанатымыздың астына алдық. Соларға жаңа ән жазып, бейнебаян түсірсек деген де ой бар.

– «Қазақтың 100 әні» жобасында марқұм Ержан Серікбаевтың «Неткен өмір?» әнімен үздік 19 әннің қатарынан көріндіңіздер. Жалпы отандық шоу-бизнесте жобалар көп. Оларға көзқарастарыңыз қалай?

–«Қазақтың 100 әніне» үш әнмен қатыстық. Соның ішінде «Туған жер» көрермендер дауысына ие болды. Жалпы мұндай жобалардың ешкімге бөгеті жоқ деп ойлаймыз. Жоқтан бар жасап, өз-өзіңді қамшылай түсуге көмектеседі. Біздің де өзіндік шоуымыз, өзіндік теледумандарымыз болуы тиіс қой.

– Өнер әлемінде «Бауыржан-шоу» арқылы танылғандарыңыз белгілі. Қазір әртістік қабілеттеріңізді шыңдап жүрген жоқсыздар ма?

–1993 жылы «Бауыржан-шоу» құрылып, ең бірінші концертімізді біз солармен бірге өткіздік. Содан бастап қанатымыз қатайғанша, Бауыржан аға көмек беріп отырды. Бүгінгі таңда киноға түсейік немесе басқа жолмен әртістік қырымызды ашайық деп тырысып та жатқан жоқпыз. Тек «Шаншар» театрының 15 жылдығында рөлдерді ойнап шықтық.

– Бұрын сіздерге ғашық болған арулар сезімдерін БАҚ арқылы, тіпті телебағдарламаның «жұмбақ кейіпкері» ретінде жеткізгендері де белгілі. Қазір де мазалайтындар бар ма?

–(күліп…) Қайдағы-жайдағыны еске салдыңыз ғой. Ол да өмірдің бір кезеңі. Ол кезде жас едік, бойдақ едік… Мүмкін, сол арулардың үміттері де болған шығар. Өнерімізді құрмет тұтатын жандар әлі де бар. Алайда, мазамызды алмайды. – Сұхбаттасуға хабарласқанымда, футбол алаңында жүр екенсіздер. Аяқдопты жақсы көресіздер ме?

– Иә. Футбол десе, ішкен асын жерге қоятындардың біріміз. Алматылық өнер адамдарынан құралған «Алатау» деген командамыз бар. «МузАрт», «Ринго», «Арай» тобының жігіттері, Жұбаныш Жексенұлы, Мэлс Сағатұлы сынды жиырма шақты адам аптасына 3 рет жаттығамыз.

– Әңгімелеріңізге рахмет!

Әңгімелескен

Мақпал ЖҰМАШОВА

http://nurastana.kz/?p=3922


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер