BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Музыка харам ба?

«Ислам діні ән айтуға, түрлі аспаптарда ойнауға тыйым салады, себебі бұл харам» деп даурығып жүргендер күн санап артып келеді. Тіпті әншілік өнерге маманданып жүрген студенттердің осы себеппен оқуын тастап кетіп жатқандары да баршылық. «Әу» демейтін қазақ жоқ» демекші, сірә, музыка тыңдамайтын ел де жоқ шығар. Бұл ретте өмірін ән-күйсіз елестете алмайтын халықтың ақ пен қараны ажырата алмай, әбігерге түскен жағдайы бар.

Дәл осындай жағдай Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде орын алып отыр. Музы­каға қатысты бұл көзқарас мұсылман ел­де­рінде тіпті өршіп тұр. Ислам дінін қатаң ұс­танатын Пәкістан, Иран, Сауд Арабиясы тә­різді мемлекеттерде шығармашылықпен еркін айналысуға мүмкіндігі жоқ әншілер өз­ге елдерге кетуге мәжбүр немесе енді бірі тек қана діни әндер айтуға бел буған. Со­лардың бірі – тәжіктің атақты әншісі Меһрибан Раушан. Поп стилінде ән айтатын музыкант бұдан былайғы шығармашылық жолын ислам дінін дәріптеуге арнамақ. Осыдан 30-40 жыл бұрын әнші әрі ком­по­зитор Кэт Стивенс ислам дінін қа­был­да­ғаннан кейін сахнадан біржола кеткен бо­латын. Британдық әншінің жолын қуған өнер адамдары әлемде өте көп.

XI ғасырда өмір сүрген тақуа, ғалым Аб­дул-Ғани ән-Нәблууси өзінің «Музыка ас­паптарын тыңдауға байланысты дәлел­дер­ді түсіндіру» атты кітабында: «Музыка, егер адам баласының уақытын босқа өткі­зіп, ғибадаттарына кедергі жасаса, нәпсісін қоз­дырып, ойына харам нәрселерді салып, жа­ман пиғылдарға жетелейтін болса, даң­ғы­рының қаттылығынан мидағы клет­ка­лар­ды өлтіріп, адам мінезін ұшқалақтыққа тәр­биелесе, харам. Пайғамбарымыздың кейбір хадистеріндегі музыкаға байланысты тыйымдар осындай теріс бағытқа же­те­лейтін музыкаларға байланысты болса керек», – деген екен.

Алайда «Құлақтан кіріп, бойды алар

 Жақсы ән мен тәтті күй.

 Көңілге түрлі ой салар,

 Әнді сүйсең, менше сүй»,
– деп Абай ата­мыз айтқандай, адамның миын ты­нық­ты­рып, жүйкесін тыныштандыратын, жақсы сезімдерге жетелеп, рухын көтеретін, ай­бы­нын асқақтатып, жан сарайын байытатын әндер тағы бар.

Кезінде әнді жаны сүйетін Әбу-Насыр әл-Фараби ұстазынан «әуен – жын-шай­тан­ның ісі» дегенді құлағы шалады. Мұны естігенде, қатты қынжылып, серігінен айы­рылғандай күй кешеді. Ғалымды «ән адам бойындағы мүлгіп жатқан сезімдерді оя­тып, жанын жадыратады емес пе, ол қа­лайша шайттаның ермегі болмақ» деген ой мазалайды. Сөйтіп жүргенде, екінші бір ғұламаның «қолыңнан келсе, бұл өнерден жиренбе...» дегенін естіп, қатты қуанады. Де­генмен осы сөздердің дұрыс-бұрыс­ты­ғы­на көз жеткізу үшін үлкен ұстазынан сұ­ра­маққа бел буады. Сонда ұстазы: «Ол да дұрыс, бұл да дұрыс. Екі айтушының екеуі де дұрыс айтады... Иә, солай... Жамандық та, жақсылық та адамның өз бойындағы қа­сиетке сүйенеді. Азғындық пен ізгілік ежел­­ден егіз емес пе?! Ән-күйдің әуеніне еріп, басқа өнер-білімнен қол үзсең, соны­мен өміріңді қапыл өткізсең, өкініш емей, немене?! Әсем әуен – алпыс екі тамырды бірдей қозғайтын керемет, құдіретті нәрсе. Оның сені билеп әкетуі ғажап емес. Ал­ғашқы айтушы сені содан сақтандырады. Құдіретті өнерді керекті жерінде өлшеммен ұстап, тізгінді ақыл-ойға беріп, ізгілік іске қоссақ, одан келер пайда тағы көп. Көкірек кеңіп, көңіл оятар, қиял қоздырып, қайрат берер – тағы сол... Ғылымның ата-тегі әр­не­нің өлшеуін білуде емес пе?! Сен ән-күй үйренсең, одан менің қаупім жоқ. Құдіретті күйдің сиқырлы үнін тежеп отыруға сенің ақыл-қабілетің мол жетеді», – дейді.

Сөз төркінін ұққан адамға бұдан артық түсініктеменің, әрине, қажеті жоқ. Кезінде хакім Абай: «Әннің де естісі бар, есері бар, Тың­даушының құлағын кесері бар», – деп музыканың ара-жігін айқын көрсетіп кет­кен. Яғни қай кезде де тек жақсысын алып, жаманынан жиренген жөн. Музыка – Алла адамзат баласына тарту еткен құдіретті өнер. Тек білімсіздік пен адасушылыққа бой алдырмасақ, болғаны.

Автор: Әсем ӘЛМҰХАНБЕТҚЫЗЫ

Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)

http://alashainasy.kz/culture/25951/


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер