BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Мұқағалидың тұсауы кесілді

АСТАНА. 6 маусым. BAQ.KZ – Бүгін елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада «АБЫРОЙ» қазақ мәдениеті мен тілін дамыту корпоративтік  қоры ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың "Жыр-Ғұмыр" атты электронды кітабының тұсаукесер  рәсімін өткізді.

Электронды кітап «Абырой» қоры мен «Самұрық-Қазына» АҚ-ның бірлескен жобасының аясында жарық көріп отыр. Осы ерекше жобаның арқасында ақын өлеңдерін түпнұсқада тыңдап, оқып,  суреттерін көруге мүмкіндік ұсынылды. Алаштың аяулы ақынының өзі оқыған, «Алтын қорда» сақталған өлеңдері тұңғыш рет жинастырылып, жырсүйер қауымға жолдама алды. Бұдан бөлек, аудиокітаптан Мұқағали жырларын танымал театр тарландарының оқуында тыңдауға болады.
Тұсаукесер рәсіміне ақынның ұлы, халықаралық  «Мұқағали Мақатаев» қорының өкілі Жұлдыз Мақатаев және қоғам қайраткерлері қатысты.
Шара барысында «Абырой» қорының директоры Бибігүл Жексенбай электронды кітаптың 100 данасын ақынның ұлына табыс етті.
—    Жинақ өте сәтті жасалған екен. Өлеңдерді тыңдағанда әкем көз алдымда тұрғандай әсер алдым. Мұқағали мұралары кітап болып талай рет басылып шыққан. Бірақ электронды жинақ болып шығып тұрғаны бірінші рет. Бұл - мектеп оқушылары үшін таптырмайтын дүние болды, - дейді Жұлдыз Мақатаев.
Жазушы Тұрсын Жұртбай, профессор Серік Негимов, Тіл комитеті төрағасының орынбасары Шерубай Құрманбайұлы, Ақпарат және мұрағат комитеті төрағасының орынбасары Қуат Бораш  және басқа да белгілі тұлғалар электронды кітап ақын мұраларын жас ұрпақтың жадына сіңіруге таптырмайтын құрал екенін айтты.
—    Қор алдағы уақытта бұл игілікті істі ары қарай жалғастырып, Абай, Махамбет, Қасым және Жыраулар поэзиясының өкілдері сияқты біртуар тұлғалардың мұраларын да осылай заманауи үлгіде ұсынуды жоспарлап отыр, - дейді осы шараны ұйымдастырушылардың бірі, abyroi.kz сайтының бас редакторы Мейрам Мұқышев.
 


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер