BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 376.4 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 427.36 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.86
Астана:

Министр Голливудты мойындатқан домбырашылармен кездесті

Фото: Нұржас Жақсыбай

ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхаммедиұлы Голливудта өткен музыкалық байқауда жеңіске жеткен «Бастау» тобының мүшелерімен кездесті, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Кездесу барысында ведомство басшысы музыканттардың шетелдегі байқауларда жеңіске жетіп, еліміздің абыройын көтергеніне жоғары бағалады.

«Бүгін біз үшін қуанышты жағдай. Музыканттарымыз Голливудта өткен беделді музыкалық байқауда гран-при жүлдесін жеңіп алды. Байқаудың құрылтайшысы – танымал актер Арнольд Шварцнеггер. Сондай-ақ халықаралық «Славян базары» фестивалінде «Әмре» атты лақап атпен өнер көрсеткен Ернар Садырбаев та лауреат атанды. Биыл ол Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясын тәмамдайды», - деді министр.

Сонымен қатар Арыстанбек Мұхаммедиұлы «Бастау» тобының мүшелері Наурыз Ернат пен Олжабай Темірланға бағалы сыйлықтар табыстады. Өз кезегінде домбырашылар министрге күй орындап берді.

Сонымен қатар «Бастау» тобының мүшесі Наурыз Ернат домбыраға музыка саласындағы білікті мамандар таңданыс білдіргенін қуанышпен айтты.

«Байқауда жеңіске жеткеннен кейін түрлі ұсыныстар түсе бастады. Еуропалық музыканттар, конкурстың әділқазылар алқасы еңбегімізге жоғары баға берді», - деді домбырашы.

Естеріңізге сала кетейік, АҚШ-тағы Голливудта өткен ауқымды музыкалық байқауда ел намысын қорғаған «Бастау тобы» өз номинациясында үздік танылған.

Ел қоржынына алтын медаль түсірген музыканттар қазақтың қара домбырасымен әлемдік музыка саласындағы мамандарды таңдай қақтырған болатын.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер