Мая Веронская: Үйде әкемнен өзгесі қазақша білмейді - Өнер|28 Шілде 2012, 21:22
BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Мая Веронская: Үйде әкемнен өзгесі қазақша білмейді

 

 
  Өткенде елімізге белгілі журналдардың бірінен декреттік демалысқа шыққан арулардың арасынан сіздің аты-жөніңізді байқап  қалдық. Көгілдір экраннан көрінбей кеткеніңізге қарағанда, сол сөз шындыққа жанасады-ау...
  Мен өз басым ырымға қатты сенетіндіктен бұл туралы қазір ештеңе айтқым келмейді. Негізінен «Жұлдыздар отбасы» журналы менен сұрамай, өздері жариялап жіберіпті. Сол үшін мен ол кісілерге телефон шалып, ренішімді білдірдім. Жарайды, жариялады делік. Соның ішіндегі Жанар Шәмел, Гүлназ Әлімгерей жұбайымен тұр. Менің суретім жалғыз. Егер сол кезде менен сұраса, жолдасым екеуіміз түскен суретімізді берер едім. Олар болса «Біз Маяның тұрмыста, тұрмыста емес екенінен хабарсызбыз», – деп әдейі жариялап жібергендей қылды. Жарылқап ағаны жақсы білемін, талай рет журнал редакциясында қонақта болдым. Бірақ неге олай жазғанын әлі күнге түсінбеймін. 
  Дегенмен тұрмыс құрғаныңыз туралы ақпаратты еш жерден айтылмай қалғандай ма, кезіктіре алмадық қой. Жұбайыңыздың аты-жөні кім?
  Мен «өйттім, бүйттім» деп жарияға жар салғанды ұнатпаймын. Енді аман-есен босанып алғаннан кейін  барлығынан сүйінші сұраймын (күліп). Жолдасымның өнер саласына, аз да болса, қатысы бар, шығармашылық адамы. Бірақ қазір өз мамандығы бойынша тұрақты жұмыс таппағандықтан басқа саладан нәпақа тауып жүр. Аты-жөні дейсіз бе? Оны кейін айтармын (күліп).
  Өзіңізді қаншалықты күтесіз, күтінесіз?
  Жұмыс істеп жүргенімде фитнес клубтарға баруға уақытым болмады. Негізінен жаяу жүруге көп тырысамын. Сонымен қатар тамақтану жағына баса мән беремін. Көкөніс пен жемісті көбірек жеп, шырын ішуге тырысамын. Маған еттен гөрі балық тағамдары ұнайды. Шөп-шаламнан дайындалатын тағамдардан кетәрі емеспін. Жалпы, көп қимылдауға тырысатындардың қатарынанмын. Көбіне көлікпен жүретіндіктен, кешкісін жаяу серуендеу, демалыс күндері тауға шығу, қыста шаңғы тебу – сүйікті ісім. Негізі спорт мен үшін бөтен емес. Бұрын кәсіби түрде тау шаңғысымен айналысқанмын. 
  Бүгін Лондон Олимпиадасының түндігі түріледі. Еліміздің қай спортшысына жанкүйер болып, қайсы жүлде алады деп үміт артасыз? 
  Ерекше жанкүйер болып, үйде тақым қысып отырамын  дейтіндей спортшыларым жоқ. Бізде  ең мықты дамыған спорт – күрес түрлері ғой. Менің ойымша, балуандарымыз жерге қаратпай, жүлдеден кенде қылмайды. Жалпы, спортшыларымызды бөліп қарайтындай ештеңе жоқ. Еліміздің абыройын асқақтату жолында биіктен көрінеді деп сенемін. 
  Туған-туыс, дос-жарандардың ортасында да қазақша сөйлейсіз бе? 
  Қазақ мектебінде оқығандықтан сыныптастарымның барлығы да қазақ балалары. Осы күнге дейін араласып,  кездескен сайын қазақша шүйіркелесіп, мәре-сәре болып жатамыз. Курстастарыммен де солай. Ал үйде... Әкемнен өзгесі қазақша білмейді. Сондықтан олармен барлық кезде де орыс тілінде түсінісеміз. 
  Тіл маманысыз. Қазақ мектебінен қосымша сағат ұсынып, сабақ беру туралы ұсыныс түссе, қалай қабылдайсыз?
  Филология факультетінің аударма бөлімінде оқыдым. Сол кездері бізге педагогика сағаттары аз болды да, мұғалім бола алмайтымызды кейінде бір-ақ білдік. Содан кейін түрлі фирмаларда аудармашы болып жұмыс істедім. Студент атанғанымда ақылы бөлімде оқығандықтан, әке-шешеме ауыртпалық түсірмейін деп өзімше ертерек еңбек еттім. 
  Жаз уақыты болғаннан кейін әркім шет ел асып, курорт, санаторийлерді жағалап кетеді. Сіздің демалу дәстүріңіз қалай?
  Қазақстандағы шұрайлы жерлерде демалған ұнайды. Былтырлары Алматының іргесіндегі Көлсай, Шарын, Алакөл секілді жерлерді аралап шықтым. Биыл белгілі бір себептерге байланысты үйден ұзай алмай отырған жайым бар. Қарап отырсақ, елімізде көптеген демалыс орындары жетерлік. Сол жерлерде-ақ жанға жайлы демалуға болады. Алакөл жақтағы ауылда жеке үйіміз бар. Мүмкіндігінше сол жаққа жиі барамыз. 
  «Көбіне көлікпен жүремін», – дедіңіз. Көлік демекші, талғамыңыздағы көлік маркасы қандай? 
  Осы уақытқа дейін бірнеше көлікті тақымдап көрдім. Бірақ солардың ішіндегі маған жаққаны – «Тойота». Біраз уақыт бұрын «БМВ» көлігін тізгіндедім. «БМВ» жылдам, жүрісі жайлы, бағдаршамда жылдам қозғалғанымен жылдам бұзылады. Сол үшін немістің бұл автокөлігі маған ұнамады. Қазіргі шағын джип санатына жататын «Тойота Рав-4» көлігім бар.  
  Сіздің туыс-туғаныңыз көп пе? 
  Жақын-жұрағаттарымыздың көбі Ресейде тұратындықтан, Қазақстанда туысымыз соншалықты көп емес. Қазақы ұғыммен ойлайтын болсақ, бір отбасының орташа есеппен ең жақын  50-60 туысы болады ғой. Сонымен салыстырғанда бізде туыс өте-е-е аз. Әрі кеткенде 15 адамнан аспайды (күліп). 
  Сізге сүйсініп, сүйініп, ынтызар болған жігіттер жүрегін ұсынып мазаңызды алудай-ақ алған шығар?
  Білмеймін (ойланып). Бір кездері телеарнаға біреулер келіп: «Бұл Маяға» деп гүл шоқтарын қалдырып кетіп жататын. Хат жазатындар бар. Мен тұрмыстамын ғой (күліп). Сондықтан осындай жағдайда бірден түсіндіруге тырысамын. Тұрмысқа шықпай тұрғанда, ондай жағдайлар болған емес. Себебі, ол кезде мені ешкім танымайтын. 
Жанкелді ҚАРЖАН

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер