BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

«Мәскеулік Шыңғыс ханның тарихы»

Муз-ТВ телеарнасының музыкалық директоры, «Құрмет» орденінің иегері Арман Дәулетияровтың «Мәскеулік Шыңғыс ханның тарихы» кітабының тұсаукесері болды. Кітаптың таныстырылымына танымал әнші Батырхан Шүкенов пен «А-Студио» тобының мүшесі Байғали Серкебаев қатысты.

Аталмыш еңбекте Орынбор облысындағы шағын ауылдан шыққан бала Арманның осы күнгі жетістіктерге жету жолы баяндалады. Онда тек өзінің ғана емес, Мәскеуді бағындырған «А-Студио», Батырхан Шүкенов, Мұрат Насыров сынды әншілердің шоу-бизнеске алғаш қадам басқан кездері, олардың қалай көтерілгендігі туралы баяндалған. «Бұл туындыдан осыдан бес жыл бұрын қайтыс болған Бағлан Сәдуақасов, Мұрат Насыров сынды әншілердің өміріндегі қызықты сәттері мен қиын кезеңдері жайлы оқи аласыздар. Мысалы, Мұрат Насыров дүниеден озғанда, оның өлімі туралы көптеген болжамдар айтылды. Мен кітапта әншінің осындай жағдайға душар болуының себебін өзімше түсіндіруге тырыстым» дейді автор. Кітаптың Ресейде өткен таныстырылымына Алла Пугачева мен Иосиф Кобзон бастаған орыс шоу-бизнесінің майталмандары қатысқан екен. Арман Дәулетияров бұл туындының тұсаукесерін Қазақстанда да өткізуінің себебін былай түсіндірді: «Мен үшін өзімнің тарихи Отаным - Қазақстан елінің пікірі өте қымбат. Сол себепті де қуанышымды қазақ халқымен бөліскім келді».
Мәскеуде кеңінен танымал Арманға Ресей артистері «профессионал с большой буквы» деген бағасын берген екен. Батырхан Шүкенов пен Байғали Серкебаев та досының бұл туындысы мен оның атқарып жатқан еңбегіне жоғары баға берді. Қазіргі таңда Ресейдің білдей бір арнасының басшылығында жүрген Арман: «Жетістікке жету үшін бай болып туудың қажеті жоқ. Ол үшін еңбектеніп, алға қойған мақсатқа талпыну қажет» дейді. Ал біздің айтарымыз, кез келген адамды менсіне бермейтін Мәскеуді қарапайым отбасынан шыққан қазақ баласының қалай бағындырғанын оқығысы келген адам болса, осы еңбектің беттерін парақтасын. Өйткені бұл туындының мақсат қоя білген жандарға шабыт берері анық.
Сабина ЗӘКІРЖАНҚЫЗЫ

http://www.aikyn.kz/index.php?option=com_content&task=view&id=11071&Itemid=44


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер