BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

«Мәдени мұра» мұратына жетті

«Туған халқымның және оның қайталанбас ұлттық қасиеттерінің сақталуына, дамуына ұдайы қамқорлық жасау – менің адам ретін­дегі де, Президент ретіндегі де борышым» деген ұс­та­нымын қай кезде де, қай жерде де ашық айта­тын Елбасы қазақ мем­лекеттілігінің артуы, ұлт­тық рухтың оянуы мен елдің өсіп-өркендеуі жолын­да­ғы аса зор тарихи жауап­кер­шілікті өз мойнына ала білді.


Бір анығы, халқының не бар болар, не жоқ болар өте күрделі кезеңінде билік тізгінін ұстап, сол жауапты міндет үдесінен елінің қарғысын емес, алғысын арқалап, абыроймен шыға білген Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Назарбаевты саясаттанушылар қазақ елінің ғана емес, тұтастай түркі әлемінің бірден-бір көшбасшысы деп бағалайтыны анық. Бұл және негізсіз де емес. Өйткені ел тарихының соңғы 21 жылына ой жүгіртер болсақ, көреген басшының тікелей ара­ласуымен әлемдік саясатқа елеулі ықпал еткен теңдессіз шаруалардың атқарылға­нын аңғарамыз.

Атап айтқанда, Тәуелсіздіктің жария­ла­нуы, егемен мемлекеттің халықаралық деңгейде мақұлданып, қабылдануы және оның шекарасының заңды түрде бекуі, ел аумағындағы сан алуан ұлттар мен ұлыс­тардың өзара татулығына, ынтымақ-бірлігіне қол жеткізу, қоғамның қозғаушы күші – ғылым-білімді халықаралық дең­гей­ге сай дамытып, экономикалық, әлеу­меттік, мәдени тұрғыда бәсекелестікке сай 50 елдің қатарына енуге күш салу – азғантай уақыттың ішінде болашаққа деген бағытын айқындап, бағдарын түзеген мемлекет үшін оңай жетістік емес. Осы орайдағы даусыз бір шындық – елімізде мәдениет пен өнердің тұрақты дамуына да жан-жақты жағдай жасалды және оған Нұрсұлтан Әбішұлының тікелей ұйытқы болуымен жүзеге асырылған «Мә­дени мұра» мемлекеттік бағдарламасы ай­тарлықтай себепкер болды.

 «Мәдени мұра» аясында халқымыздың тасқа басылған тарихын түгендеу, ғасыр­лар қойнауында қозғаусыз қалып қойған әдеби-мәдени қазыналарын аршып алу тұрғысында да маңызды бетбұрыс жасал­ды. Еліміздің аумағындағы ежелгі қалалар мен ескі қорғандардың 40-тан астамы зерт­телді. Соның нәтижесінде ата-баба тари­хынан мол мағлұмат беретін құнды жәдігерлер ғылымға зор үлес болып қосыл­ды. Мәселен, Берел мен Шілікті қорым­дарын зерттеу барысында табыл­ған, б.э.д. V-III дәуірлердегі сақ өнеріне тән болған 2000-нан астам алтын бұйым­дар әлемдік сенсация ретінде мойын­дал­ды. Отандық ғалымдар, алыс-жақын шет­ел­дердің ірі мұрағаттары мен мұра­жа­й­ларын ақтарып, қазақ тарихына қатысты мұраларды іздестірді. Батыс Еуропа елде­рінде, АҚШ, Жапония, Түркия, Египет, Қытай, Ресей мен Арменияда жүргізілген зерттеу жұмыстары нәтижесінде 5 мыңға жуық құнды дерек табылып, олардың көшірмелері елге әкелінді. Бір ғана Қытайдың өзінен Қазақстан тарихы мен мәдениеті бойынша бұрын зерттелмеген 3,5 мыңнан астам дереккөздер табылды. Мұның бәрі жұртшылық санасында сілкініс тудырып, ұлттық жадыны жаңғыртуға жол ашты. Яғни бұл саладағы күллі жетістік Елбасы атымен тікелей байланысты. 

«Мәдени мұра» бағдарламасының рухани-мәдени өмірімізге тигізген үлкен бір шапағаты – ғылымға нақты қолдау жасалды. Жаңаша ізденістер мен зерттеу жобалардың арқасында отандық ғылым кеңістігі ерекше бағалы еңбектермен толықты. Бағдарлама аясында зерттеуші­лер­ді материалдық жағынан ынталан­дыру­дың мүмкіндігі артты. Елімізде кенже қалып келе жатқан реставрациялау ісі өркендеді. Заманауи технологиялармен жарақ­танған баспа өндірісі жаңаша қар­қын­мен дамыды. Бұл тұрғыдан алғанда, әлемде бірде-бір аналогі жоқ «Мәдени мұра» бағдарламасы Елбасы көрегенді­гінің айғағы ретінде әлдеқашан өз бағасын алды.

Ресми деректерге жүгінсек, соңғы 20 жыл ішінде елімізде театрлардың қатары – 20%-ға, кинотеатрлар мен кинозалдар – 40-ға, мұражайлар – 30-ға, кітапханалар – 15%-ға, ал Мәдениет үйлерінің саны екі есеге артқан екен. Бұл ретте, Елбасының тарихи-мәдени мұраны сақтау және оны бүгінгі ұрпақтың игілігіне жарату, ел Тәуелсіздігі жетістіктерінің маңызын ашып көрсету мәселелері бойынша зиялы қауым­мен, шығармашылық өкілдерімен жан-жақты жұмысты жандандыруға баса көңіл бөлгені байқалады.

Негізі, қасиетті Құранда «Патша – Алланың жердегі көлеңкесі» делінсе, ертедегі шығыс ғұламалары «Есті патшаға алты әулиенің қасиеті беріледі» деп тұжырымдаған екен. «Ханда 40 кісінің ақылы бар» деп есептеген ата-бабала­ры­мыздың «Құдайыңа құлдық ұр, Патшаңа қол қусыр» деген тағылымды сөзі де ескі­ден жеткен сол есті сөзбен мейлінше үнде­сіп жатыр. Қалай десек те, барлық мәсе­лені тереңнен болжап шешетін Нұрсұлтан Әбішұлына деген халықтың ықыласы шексіз. «Әділеттің ақ жолы кітабында» «Ке­йін­гі кезде өзінің «пролетарлық» тегі­мен көкірек қағу басқа бір нәрсенің салқы­нымен алмасты: қайткенде де өз сүйегінен «ақсүйектік» қасиет іздеп табу етек алды. Ондай біздің тұқымда болған емес. Мен қойшылардың ұлымын, немересімін және шөбересімін. Демек, ешқандай ақсүйектер әулетінен емеспін» деп өзі ағынан жарыл­ғандай, қарапайым халықтың бел орта­сынан шыққан және қара нанның дәмін де, қадірін де білетін, қараша халықтың жан дүниесін, арман-ойын түсінетін, ел мүд­десін қорғаудан ешқашан тартынбай­тын Нұрсұлтан Әбішұлы – халқының нағыз бағына туған тұлға.

Автор: Роза РАҚЫМҚЫЗЫ


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер