BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Линда НЫҒМАТУЛЛИНА, киноактриса: Әкемнің дауысынан қуат аламын

Біз Линдамен Алматыға бір келген сапарында кездестік. Бес-алты жылдан бері елден тысқары - Мәскеуде жүрген жас актрисаның Алматыға, Қазақстанға ықыласының алабөтен екені әңгіме кезінде байқалып тұрды.

- Линда, ресейлік кино­индустрияны жаулауға тал­пы­ныс жасаған ең алғашқы қа­зақ­стандықсыз. Алты жыл­дың ішінде 18 картинаға түс­тіңіз. Қиын тиген жоқ па?
- Сіз менің еңбегімді тым асыра бағалап отырсыз. Мен әлі кино әлемінің ең алғашқы баспалдақтарында өзімді іздеп жүрмін.
- Сіз туралы ресейлік ба­сы­лымдар «ресейлік жас ак­триса» дей бастады.
- Білесіз бе, нағыз талантты ешбір ел «менікі» деп мен­шік­тей алмайды. Мысалы, Егор Кончаловскийді тек ресейлік қана артист деуге ешкімнің ба­тылы бармайды. Оның бойын­да қазақтың қаны мен тегі бар. Ол тегіне тартпай қоймайды. Мен қай жерде жүрсем де қа­зақ екеніммен мақтанамын.
- Біз сізді қазақ кино­ла­рынан үш жастан бастап көре бастадық.
- Актерлік - ұзақ жол. Жо­ғарыға апарар жол бірінші қабаттан басталады. Ол үшін бірінші, екінші, үшінші қабат­тар­ды артқа тастау керек. Бар­лық қабатты еңсермей жиыр­ма­сыншы қабатқа бір-ақ кө­­­те­рілсең, ол жеңіс емес. Же­ңістің қадірін сезе де ал­май­­сың.
- Сонда қазір қай қабатта жүрсіз?
- Меніңше, екінші-үшін­ші қабаттан жоғары көтерілген жоқпын.
- Сізді баспасөзден сирек көреміз. Журналистерден бо­йыңызды аулақ салып жүретін тәріздісіз.
- Маған осындай сұрақтар жиі қойылады. Мүмкін мінезім тұйық шығар. Өзімді жар­нама­лай бергенді қаламаймын. Мүм­кін мені аша алатын, мені сөй­лете алатын журналист әлі кез­дескен жоқ шығар. Жұ­мы­сымды тыныш жалғас­тыр­ғым келеді. Ішкі әлеміме біреудің кіргенін қаламаймын. Бірақ жур­налистерді жақсы көремін. Біз­дің азды-көпті еңбегіміз ба­ғаланып жатса, ол журналис­тер­мен байланыстың нәти­жесі.
- Сіз бір сұхбатыңызда «Ре­сей көрермендерін жаулап ал­ғым келеді» депсіз. Оған жан-жағыңыз жол бере ме?
- Ол өзіме байланысты. Рас, ойнағым келген рөлдердің бәріне қолым жете бермейді. Бұйырғандарын ойнап жүрмін. Жақында бір ұсыныс түсті. Бұл қысқаметражды фильмдегі басты рөл. Бірақ оны жан дү­нием қабылдай алмады. Бас тарт­тым. Мен жұлдызды сә­тімнің жанарына сенемін.
- Осыған дейін сіз ойнаған рөлдер біржақты болып келді. Көрерменнің жүрегін жаулап алған аса жағымды кейіпкерді сомдаған жоқсыз.
-Жағымсыз рөл дейсіз бе? Меніңше, жағымсыз рөл деген жоқ. Актердің міндеті - оның астарына үңілу. Тұлғаның бо­йын­дағы жағымсыз әрекет­тер­дің неден таралып бастау ала­тынын ішкі күй­зелісімен, ішкі ар­­палысы­мен көрсету. Баға бе­ру­­ді көрер­меннің еркіне қал­ды­райық. Ме­нің әкем Талғат Нығ­ма­тул­лин аз ғана ғұмы­рын­да қарақ­шыларды кинода бар қырымен көрсетті. Әкемнің аса жағымды рөлдерде ойнаған кездері аз. Бі­рақ ол көрерменді өзіне бау­рап, өзімен бірге қиналуға, тіп­­ті кейіпкерінің өліміне дейін егілу­ге мәжбүр етті. Меніңше, кино­да бас кейіпкердің ба­ғы­ның ашылуы оны қоршаған жа­ғымсыз кейіпкерлердің болмысына байланысты.
- Линда, Мәскеуге кету ар­қылы мүмкіндігіңізді сы­на­ғыңыз келген шығар. Алматы сіз­ге Венера мен Талғаттың қызы деп қарайды. Олардың атақ-даңқының өзі-ақ сізге жол ашып береді деп ойла­дыңыз ба?
- Сіз солай ойлайсыз. Сон­дық­тан сондай ойларға жол бер­меу үшін өзімді Мәскеуде сы­нағым келді. Мәскеу шын та­ланттарға төрінен орын бе­реді. Білесіз бе, күн сайын Мәс­кеуге 200 000 адам бағын сынау үшін ғана келеді екен. Ал топты жарып өзін дәлелдеу бақыты тек бір-екі адамға ғана бұйы­рады. Мәскеуге бармас бұрын өзім­ді қатал сынаққа дайын­да­дым. Анам мені қимаса да ке­лісімін берді.
Мәскеуге барған кезім әлі естен шықпайды. «Мос­филь­м­нің» студиясы. Әкемнің та­банының ізі қалған жер. Әке­м­­­­нің дауысы сіңіп қалған қа­­­­­­быр­­ғалар. Осындай оймен ке­­­ле жатқанымда орыстың қар­таң әйелі тоқтатып, келуімді өтін­ді. Кейінірек белгілі бол­ғанындай, олар менің түрімдегі кейіпкерді іздеп жүр екен. Рас, алғашында қиын болды. Көмек қолын соз­ған ешкім болмады. Осыған де­йін­гі елдегі таны­мал­ды­лы­ғымның құны көк тиын болып қалғандай көрінді. Аты-жөнім, тәкаппарлығым қосалқы көрі­ністе қалып қоятынын кел­мей тұрып-ақ түсінгенмін. Бі­рақ мен жоспарсыз бір қадам ал­ға баспайтындардың қата­рын­дамын. Жұмысымды жүйе­лендіріп алғанды тәуір көремін. Өмірге құлшынысымды Напо­леонның арманына балауға болады. Ең бастысы - көздеген арманыңды өзіңнің сол кездегі әлеуетіңмен, күш-жігеріңмен үйлестіре білу ғана. Ал қалғаны - уақыттың еншісінде.
- Әкеңіз Талғат Нығ­ма­туллин кино әлемінде құй­рық­ты жұлдыздай ағып түсті. Әке­­ңізді көз алдыңызға елес­те­те алмаудың өзі ауыр шығар сізге?
- Әкем өмірден кеткенде мен екі жасқа да толмаған едім. Қазір оның ойлы, тұңғиық көз­дерін ғана елестете аламын. Мүмкін бұл әкемнің қиялым­дағы жиынтық бейнесі шығар. Әйтпесе екі жасар бала нені есте сақтап үлгереді дейсіз? Бі­рақ ес білген сайын көз ал­дымнан сұмдық көріністер кетпей қойды. Маған мүлдем бейтаныс үй, белгісіз адамдар және әкемнің қиналған бейнесі. Мұндай елес-көріністер көз алдыма жиі-жиі орала берді. Ондайда көкірегімді ыза-кек кернеп, өзіме белгісіз жан­дардан кек алуға итерме­леген­дей боламын.
Кейін есейгесін де әкем өмі­рімнің бір бөлшегіне айналды. Кей­де ол маған жол ашып жү­ретін періште-қорғаушым ба деп қаламын. Көзімнің қара­сындай көріп сақтап жүрген ба­сты байлығым - отба­сымыз­бен бірге түскен жалғыз суре­тіміз. Әлемнің қай бұрышында жүр­сем де оны өзіммен бірге алып жүремін. Әбден ақжем­деніп кеткендіктен, жақында қайта өңдеуге бердім. Кейде қиналып жүрген сәттерімде түсіме енеді. Оның дауысын естігендей боламын. Әкемнің дауысынан күш аламын. Кейін өсе келе түр-тұлғам ғана емес, мінезімнің кейбір қырларының әкеме ұқсағанын байқадым.
Бірбеткей, айтқанымнан қайтпайтын мінезімді анам әкеңнен жұққан дейді. Бірақ мені оң мағынасында түсінуге тырысыңыз. Бір шешім қабыл­дамастан бұрын жеті рет ой­ланып, бір-ақ рет шешім қа­был­даймын. Аты-жөнім, пер­­­­­зентім, ата-анам, туған же­рім - Алматы, Қазақстан. Бә­рі-бәрі де, шығар­ма­шы­лық­та да, өмірде де алға жыл­­­­­жуыма күш береді, өмі­рім­нің мәні десем де болады.
- Күні бүгінге дейін біраз кейіпкерді сомдап үлгердіңіз. Сізге оңай бағынғандары бол­ды ма?
- Оны түсіндіріп айту қиын. Кейіпкерің кейде оңай ба­ғынады. Бұл көңіл күйіңе, сосын оны бүкіл болмысыңмен қабылдауыңа байланысты. Болмысың қабылдай алмаған рөл - әдемі, бірақ жансыз қуыр­шақ тәрізді. Ал мен күн­көрістің қамымен жолбике бей­неге ауыса беретін қуыршақ болғым келмейді.
- Қазақ киносының кори­фейі Асанәлі Әшімовпен кез­де­суге қатысқан жас бала «Аға, сіз Бекежанға қатты ұқ­сай­сыз» деген екен. Ал сіздің анаңыз Венера Нығматул­линаның кинодағы төлқұжаты қырғыз режиссеры Болотбек Шамшиевтің «Қасқырдың апанындағы» бас кейіпкер Самат Қасымовтың қарын­дасы - Мәриям болды.
- Анам ол киноға 18 жа­сында түсті. Сол кино арқылы әкеммен табысты. Мүмкін анамды киноға тағдырдың өзі жетелеп әкелген шығар. Ар­тис­тің бағын ашатын фильм бі­реуге кеш, біреуге ерте, әй­теуір бір кездеседі. «Жо­ға­ры қабатқа апарар жол бірін­ші қабаттан басталады, мен мүм­кін екінші қабатқа енді кө­терілген шығармын» дедім. Менің бағымды ашатын фильм төртінші немесе алтыншы қабатқа көтерілгенде кездесер деп үміттенемін. Мүмкін ол Лин­да Нығматуллинаның тағ­дырымен сабақтасқан кино бо­луы әбден мүмкін.
- Сізге қай жанрдағы кино ұнайды? Рөл, партнерлер сіз үшін маңызды ма, әлде?..
- Маған қорқынышты та­қырыптардан өзге фильмдердің бә­рі ұнайды. Комедиялық жанр­да көбірек бағымды сы­на­ғым келеді. Алиса Фрейндлих, Татьяна Васильева, Робин Уиль­ямс, Кевин Спейси, Ни­колас Кейдж, Вупи Голдберг, Мерил Стриптермен бірге ки­ноға түскім келеді. Білесіз бе, му­зыкадан, табиғаттан қол үз­гім келмейді. Бұл менің екінші - дінім. Таң шапағын жақсы көремін. Сонан соң тауға, Ала­тауға ғашықпын. Алматыға кел­ген бойда Алатауға, Шым­бұ­лақ­қа асығамын. Таумен сыр­ласу арқылы, тауға мұ­ңым­ды шағу арқылы бойымдағы «қара күштен» арылуға ты­ры­самын.

- Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Гүлбаршын АЙТЖАНБАЙ

Фото: cosmo.kz


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер