BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Құрманбек ЖҰМАҒАЛИ, «Хабар» арнасы жаңалықтар бөлімінің жүргізушісі: БАҚ-тың төртінші билік екенін ешқашан ұмытпауымыз керек

- Сіз «Жария» журналистер клубының жетекшісiсіз. Клубтың дүниеге келгеніне де біраз уақыт болды. «Жарияның» негізгі мақ­саты, атқарылған іс-шаралары жайында кеңі­нен баяндап берсеңіз.
- Телевидение - ұлттың ең өткір алдас­паны ғой. Телевидение әр мемлекеттің стратегиялық маңызды нысанына енеді. Қо­ғамға бір ақпаратты жария ету үшін үлкен жауапкершілік пен жан-жақты анық ақпаратың болуы қажет. Сондықтан «Жария» клубының негізгі мақсаты - қалам - қа­руын арқалаған қаламгерлердің әлеуметтік, құқықтық мүддесін қорғау. БАҚ-тың төртінші билік екенін ешқашан ұмытпауымыз керек. Бірақ әріптестері­міз­дің артық кеткен, қоғамның, қалың ха­лықтың талғамына жауап бермейтін «ор­таңқол» бейнематериалын да сынға алып, түзеп отыру қажет. «Сын түзелмей, мін түзелмейді» деген сөз бар. Әрине, бәрін жаппай сынап, түзейміз деп артық кетпей-ақ қояйын. Мақсатымыз - қазақ жур­на­листикасының сапалы дамуына титімдей болса да үлесімізді қосу. Іс-шаралар жа­й­ын­да айтар болсақ, Астана қаласының журналистерінің тізімі жасалды, қазіргі таңда бүкіл аймақтарда жұмыс істеп жүр­ген БАҚ өкілдерінің тізімі жасалуда. Клуб мүшелері жастар ұйымдарының өкіл­дері­мен кездесіп, нақты жастар саясатында қан­дайда бір шаралар ұйымдастыру қа­жет екенін айтып, кеңестер берілді. Кезекті отырыстардың бірінде БАҚ өкілдерінің қатысуымен «Журналистердің әлеуметтік статусы» қызу талқыланды және ұсыныстар депутаттарға жіберілді. Сондай-ақ клуб БАҚ өкілдері мен мемлекеттік мекемелер «БАҚ туралы» заңның аясында қалай жұ­мыс істеп жатқандығын да өз бақы­ла­уын­да ұстауда. Клуб мүшелерінің қа­та­рын­да қазақ журналистикасындағы бір­қатар жас азаматтар бар.
- Бүгінде өз алдарына жеке отау құ­рып, «журналистердің мүддесін қорғаймыз» деп жүрген клубтар жетерлік. Қалай ойлайсыз, мұндай клубтардың көбеюі қазақ журна­листикасының дамуына септігін тигізе алады ма?
- Әрине, тигізеді. Пайдасын тигізбесе, зияны жоқ. Қазір елімізде журналистер­дің мүддесін қорғайтын 30-дан аса клуб бар екен. Бірі - саясатпен айналысып жатса, екіншілері - спорттық шаралар ұйымдас­тыр­са, енді бірі - журналистердің жағ­дайын ойласа, бұл пайда емес пе?! Ме­ніңше, аталмыш клубтар журналистиканың да­муына үлкен септігін тигізеді. Бірнеше журналист бір-бірімен ақпарат алмасып, ақпараттың анығына жетіп, халықты ақ­параттандырып жатса, тілшілердің шың­дала түсетіні анық. Әрі клуб санының көптігі журналистердің ынтымақтастығын арттыра түседі.
- «Жарияның» болашаққа жоспары қандай?
- «Жария» клубы қазір жарнамалардағы қателіктерді жою үшін әрекет істеуде. Кө­шедегі жарнамалардың бірінде «не молчи» дегенді «тыныш тұрма» деп аударған. Аудар­маның сапасыздығын осыдан-ақ аңғарасыз. Бұған қоса, телеарналардағы ілеспе аудармалардағы грамматикалық қателер, мазмұн жағынан алып қарасаңыз, қарның ашады. Осындай қателіктерді жоюға атсалысуды көздеп отырмыз. Қазір нақты іс-шаралар қарастырылуда. Сондай-ақ клуб алдағы журналистер мерекесі қарсаңында үлкен бір жоба дайындауда.
- Ол қандай жоба болмақ?
- Бәрін ашып айтпай-ақ қойсам, мер­зімі жақындағанда халыққа жария болады. Бұл бір кішігірім құпия болсын. Бірақ бұл тек қана журналистерге арналған жоба болмақ.
- Сіздіңше, қазақ журналистикасының артықшылығы мен кемшілігі неде?
- Қазақ журналистикасының артық­шылығы - біз қазақша ойлаймыз, демек, сөзден сарай соғып, сурет салатын өте шешен, сөзге шебер, ойы алғыр алаштың ұрпағымыз. Еш бүкпестен ақпараттың ашығын айту да - біздің қанымызда бар қасиет. Бір әттеген-айы, «бұлбұл» тілші­лердің қатары көбейіп барады. Мәселенің екінші қыры - кейде бір еріншектікке салынып, жан-жақты ақпарат бере алмай жатамыз. Көбінесе ақпарат бір сарынды болып кетеді. Журналистиканың кемшілігі осында болса керек. Ал америка, француз тілшілері әр материалды тереңінен зерттейді, зерделейді. Біз де дәл осындай бағытта бірте-бірте қадам басып келеміз.
- Қазір телевизияда жүрген жастар кәсі­биліктен гөрі, танымалдылыққа ұмтылады деген пікір бар. Бұған не дер едіңіз?
- Әрине, мұндай пікір бұрын болған, қазір де бар, болашақта да болады. Ме­ніңше, кәсібилікпен қатар, танымалдылық та келеді. Тек қоғам сені шыншыл, ақ­па­ратты бұрмаламай, нақты күйінде жеткізе алатын тілші ретінде тану керек. Жур­налистер негізі үйірі бөтен қоғам ғой. Олар түрлі мамандық иесі бола алады. Мен қыс­қаша былай айтар едім, журналистика - мамандықтардың тоғысқан жері. Әнші, биші немесе спортшы, жалпы өнер адам­дарын аса құрметтегеніміз сияқты күні-түні ақпараттың артында жүретін аза­маттарды құрметтей білуіміз қажет. Өйт­кені олар қоғам мүддесі үшін жұмыс жасауда.
- Қанша сын айтылса да, отандық те­леарналар әлі күнге дейін көшірме бағ­дарламалардың санын азайтар емес. Кәсіби тележүргізуші ретінде айтыңызшы, қазақ телевизиясының көші қашан түзеледі?
- Қазақ телеарналарының көші әлде­қашан түзеліп қойған. Кез келген арнада қаламы қарымды тілшілер жетерлік. Ре­сейдің НТВ телеарнасының тілшілері сияқты біз де шулатып, түрлі ақпарат бере аламыз. Ал көшіру мәселесіне келер болсақ, жақсы бағдарламалар болса, неге көшірмеске?! Мәселен, еліміздегі теле­арналарда көрсетілетін рейтингі жоғары бағдарламалар аспаннан алынған жоқ. Барлығы да - Еуропадан, Ресейден кө­шірудің жемісі. Жақсы, пай­далы бағдарламалар бол­са, көшірілсін, тек телебағдар­ламалар халықтың құндылығына, дүниетанымына сай болуы керек...
- Рейтинг демекші, қазір телеар­налар көрермен үшін емес, рейтинг үшін жұмыс істейтін сияқты. Сан қуып, сапаны ұмыт қалдырып жүрген жоқпыз ба?
- Жалпы, телерейтинг дегеніміз не? Ол - халық сүйіп көретін бағдарламалар тізбегі. Сөзіңнің жаны бар, қазір түрлі бағдарла­малар «рейтинг», «рейтинг» деп арсыздыққа, шешінуге дейін ба­рады. Жоғарыда айтқанымдай, халық сүйсініп, сүйіп көретін бағ­дарламаларды жасаушылар соны түсініп алу керек. Заңды былай қойғанда, журналистикалық эти­ка деген болады. Этиканы місе тұтпай, асыра сілтейтіндер де бар. Деген­мен әрдайым БАҚ қоғамның тәрбие­леу­шісі екенін ұмытпағанымыз жөн.
- Телевизиядағы алғашқы қадамыңыз «Қазақстан» телеарнасындағы «Аламан айтыс» бағдарламасынан бастау алды. Онан соң, «Хабар» телеарнасындағы «Айбын», «Арнайы репортаж», «Таразы» бағдарла­ма­ларынан көріндіңіз. Қазір аталмыш телеар­наның жаңалықтар бөлімінің жүргізушісіз. Жалпы, журналистикаға, оның ішінде теле­визия саласына қалай келдіңіз?
- Абай атындағы Қазақ Ұлттық педа­гогикалық университетінде оқуды тәмам­дадық. Студент кезден белсенділік таны­тып, «Пікірталас», «Дебат» ойнындарына қатысып, қалалық, республикалық жарыс­тардан жүлделі оралып жүрдік. Кейіннен «Хабар» арнасындағы «Азамат» бағдар­ламасына қатыстым. Сөйтіп жүріп, теле­визияны сүйдік. Негізі, журналистика факультетінде оқып жүрген студенттердің телевизияға немесе мерзімді басылымға бейімділігі екінші курстан-ақ байқала бас­тайды ғой. «Азамат» бағдарламасына қа­тысып жүріп, «Қазақ радиосына» жұ­мысқа тұрдым. Ешбір қаламақысыз «Заман біз­дікі» бағдарламасында редактор болдым. Мұндағы мақсат - тәжірибе жинақтап, шыңдала түсу, тәжірибе мен теорияны қатар алып жүру еді. 4-курста ұлттық ар­наға ауысып, редактор қызметін атқардым. Сөй­тіп жүргенде, «Айтыс Қазақстан чем­пионаты» бағдарламасының продюсері Айгүл Асан «Жүргізуші ретінде бағыңды сынап көруге мүмкіндік берейін» деді. Бірінші бағдарламадан соң, көзімдегі отты байқады ма, әйтеуір сол жобаға жүргізуші ретінде бекітті. Телевизия әлеміне енуім осылай басталып кетті.
- «Тележүргізушілердің әлеуметтік жағ­дайы жақсы» деп ойлайды көрермен қауым. Шынында солай ма?
- Әрине, көгілдір экранның бер жағын­да отырған көрермен тележүргізушілердің жағдайын жақсы деп ойлайды. Алайда, өкі­нішке қарай, олай емес. Өзімнің жа­й­ым­ды айтпай-ақ қояйын, «халық өзінің жоғын жоқтап отыр екен» деп ойлап қалар. Мен көргенімді айтайын. Келісем, журна­листердің арасында жағдайы жақсылары да бар. Оны да айту керек. Алайда әлеу­меттік жағдайы жақсы журналистің саны аз. Елімізде баспанасы жоқ журналистер жетерлік. Бұл - бүгінгі қазақ журналис­тикасының ең өткір мәселесінің бірі бо­лар.
- Телевизия саласында жүрген жур­налистердің жұмысы тым қауырт. Іссапар­лар, шұғыл түсірілімдер болады. Отбасына, бала тәрбиесіне үнемі уақыт табыла бер­мейтін шығар...
- Журналист болу үшін - осы маман­дықты сүю керек деп ойлаймын. Маман­дықтың жақсы, жаманы болмайды. Жүре­гің қалап, тандадың ба, журналистикаға жаныңды салу керек. Кейде демалысқа, мерекеге қарамастан, жұмысқа шығатын сәттеріміз көп болады. Әрине, жұрт сияқты бала-шағаңмен көңіл көтеріп, мерекелерде көшеде қыдырғың келеді. Алайда отбасы­ңа көңіл бөлуге уақыт тапшы. Жұмыс­тың аты - жұмыс. Кейде іссапармен ұзақ уақыт­­қа кетіп қаласың, кейде жұмыста түнейтін сәттер де болады. Осы ретте бір қызық оқиға айтып берейн. Бірде Украи­наға іссапармен кетіп, он күннен соң қайтып келсем, кішкентай қызым менен қорқып, танымай қалды. Біртүрлі болдым. Журналистиканың осындай бір «зиянды» тұстары да болады. Дегенмен шаңыра­ғым­ды шайқалтпай, мамандығымның қыр-сы­рын түсінген келіншегіме алғыс айта­мын.
- Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан
Әйгерім БАҚЫТҚЫЗЫ

http://www.aikyn.kz/index.php?option=com_content&task=view&id=10978&Itemid=2


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер