BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Күләш Байсейітова қай жерде дүниеге келген?

Күміс көмей, бұлбұл үнді әнші Күләш Байсейітованың туғаны­на 100 жыл толды. Ол - небәрі 24 жасында КСРО халық артисі атанған тума талант иесі. Атақ-даңқы дүркіреп тұрған 45 жасында Мәскеудің Пекин қонақүйінде жұмбақ өліммен қайтыс болған тұлғаның қазақ өнеріне сіңірген еңбегі ұланғайыр. Шынайы дарын иесіне деген халық ықыласы ешқашан суыған емес.

Жылдар жылжыған сайын қазақ бұлбұлы атанған аяулы жанды халқы сағынышпен еске алып, құрмет көрсетуді лайықты жалғастырып келеді. Республика көлемінде әйгілі әншіні мәңгілікке еске қалдыру мақсатында оның есімімен аталған мектептер, көшелер, театрлар соның дәлеліндей. Қазіргі таңда дүлдүл әншінің 100 жылдық мерейтойы аясында республикалық деңгейде көптеген мәдени іс-шаралар өтуде. Алматыдан бастау алған еске алу кештері Астанада жарасымды жалғасты. Мерейтой аясында өткен түрлі мәдени шараларға қатысып, көл-көсір әсермен оралған Күләш Байсейітованың қызы Қарлығаш өзінің сүйікті газеті арқылы Елбасыға, Мәдениет министрлігіндегі азаматтарға, жалпы, жер-жердегі еске алу кештерін өткізіп жатқан барша қауымға алғысын білдіруге редакцияға арнайы келген еді.
Бір деректерде Күләш Жа­сынқызының туған жері - Ал­ма­-ты деп көрсетілсе, енді бір мәлі­меттерде Қарағанды облысының Ақтоғай ауданы деп жазылған. Әншінің өміріне қатысты әрқилы айтылатын кейбір деректердің анық-қанығын білмекке Қар­лы­ғаш Байсейітоваға көкейдегі са­уалды қойған едік. Қарлығаш Қа­набекқызы анасына қатысты кез келген басылымның сауалына жауап беруге қашанда әзір екенін білдірді.
- «Анамыз Қарағанды облы­сының Ақтоғай ауданында дү­ниеге келген. Өткен ғасырдың 20-жылдарындағы аласапыран оқиғалар бүкіл қазақ халқына оңай соқпағаны рас. Ол қиындық нағашымыздың отбасын да айна­лып өтпегенге ұқсайды. Кейбір де­ректердің шындығына көз жет­кізу үшін мұрағатты арнайы ба­-рып ақтарғанымда, өмірбаянына қатысты анамның өз қолымен жаз­ған мәліметтерді кезіктірдім. Онда тұрмыс ауыртпалығынан екі баласын бірдей баға алмайтын болғандықтан, сіңлісін қолдарын­да қалдырып, ата-анасының өзін балалар үйіне тапсырғандары баяндалған».
Аналары өмірден озғанша алаң­сыз, балалық бал дәуреннің қызығына тоймай, бақытты шақ­тарды бастан өткерген Қарлығаш аты аңызға айналған әншіге қа­тысты өзінің жадында өшпестей жатталып қалған кейбір сәттермен де бөлісті.
- «Қандай рөлді бейнелесе де сахнаға жарқырап шығатын еді. Алғашында драмалық рөлдерді сомдаған анамыз - операда да
өзін нағыз тума талант ретінде мойындатқан тұлға. Спек­такль­дерде екі құрамның актерлері алма-кезек ойнайды емес пе, әдет­те. «Қыз Жібек» операсы қойы­латын күні театрға кісі сыймай ке­тетін. Жақын маңдағы елді мекендердің бәрінен түгелдей ат арылтып келетін көрермен билет болмай қалса, театрға сұранып жатып кіретін еді. Күләш Бай­сейітова ойнайтын күні қалаға жақын орналасқан елдіме­кен­дерден жаяулатып, атпен, ат ар­баларымен келетін көрерменде есеп болмайтын тіпті. Театрдың фойесінде ойнап жүретін әкпем Құралай екеуміз ат арбаларымен келген көрерменді қызықтап қарап тұратынбыз.
Көрерменнің көптігінен театр­да ине шаншар орын болмайтын. Орын жетпегендердің бірі түрегеп тұрса, енді бірі баспалдақтарға жайғасып алатын. Сүйікті әнші­лерін көргендеріне дән риза кө­рермен ықыластарын дүркін-дүркін дүрілдете қол соғумен біл­діріп отыратын-ды.

Осылайша бірінші құрамда әнші Күләш сахнаға шыққан күні театрдың алды артық билет сұрау­шылардан көпке дейін босамаса, ал екінші құрам ойнаған кезде залдың жартысы әзер толатын көрерменге. Кей күндері әр жерде шошайып шамалы адам ғана отыратын. Содан театрдың қыз­меткерлері хабарласып, «Кассаға ақша түспей жатыр. Жалақыны қалай тауып бермекпіз труппаға» деп анамды шақырады. Анам келіседі. Қызының дамыл таппай, демалыссыз жұмыс істеп, шаршап жүргені жанына бататын болу керек, әжеміздің «Демалсаңшы бір сәт» деп жаны ашып, ескертіп жататыны есімде. Театр десе, іш­кен асын жерге қоятын анам кү­лімсірейтін де қоятын. Анамның «болмайды, жоқ, уақытым тығыз, қолым тимейді» деп кесіп айт­қанын ешқашан естімеппін. Бәрі­не үлгеруге тырысатын. Өзі де­путат. Қоғамдық жұмыстары ба­сынан асады. Әртүрлі кездесулер. Біреулердің проблемасын шешу­мен айналысып, қажетті орындарға барып, жүгіретін де жүретін еді.
Қолы ашық болатын, көмек сұрап келгендердің бәрін мүм­кіндігіне қарай риза етіп жіберуге тырысатын. Бірде анаммен бірге театрдың фойесінде келе жатыр едік, алдымыздан сантехник шық­ты. Қазір ойласам, әдейі анамды күтіп тұрған секіл­ді. «Кулаш Жасыновна, даже нечем купить хлеб. По­могите пожалуйста» де­ді. Анам ойланбастан қалтасынан 10 сом алып берді. Оның біраз қара­жат екенін бала болсам да біліп тұрған мен: «Мама, оныңыз не? Көп емес пе?» деп едім, «Бала­ларына нан алуға ақша жоқ деп тұр. Жаны қысылмаса сұрамайды ғой. Аяу керек» деді. Өзі басынан көп қиындықты өткергеннен бе, өзгенің мұң-зарына ерекше мән беріп, қолынан келген көмегін аяған емес. Қанша шаршап тұрса да қабақ шытқанын көрген емес­пін. Жылы ғана жымиып жүретін еді. Бізге де «үйге келген кісілерге қабақ шытпаңдар, ілтипатты бо­лыңдар» дейтін үнемі.
Оркестрмен гастрольдік са­парларға шыққанда әр купеге ар­найы кіріп, артистердің қалай орналасқанын білгенше тыным таппайтын анамыз тамақтары бар ма, аш емес пе, бәрін сұрастырып шығады екен. Пойыз стансаларда тоқтаған кезде өз қалтасынан ақша шығарып, жол жөнекей тамақ алып, жағдайларын жасауға тырысатыны тағы бар.
Қуанышын да, ренішін де жа­сырмайтын, бәрін әкеме келіп айтып, ақылдасып отыратын еді. Екеуі де бір салада қызмет атқар­ғасын ба, әңгімелері ортақ, шүйір­келесіп отыратындары көз ал­дымда.
Міне, бір ғасыр өтті, Күләштай әнші дүниеге келген жоқ әлі күнге. Анам - мың жылда бір-ақ рет дүниеге келетін ерекше дарын қон­ған тұлға ғой.

Депутаттық жұмысына да аса жа­уапты қарады. Мұрағаттағы материалдарды ақтарып отырып, сотталып бара жатқан баласының қылмысы жоқ екенін айтып шы­рыл­даған ананың тілегін қана­ғаттандырғанын, өз қолымен жаз­ған есебінен көрдім. Халық қалаулысы ретінде алдына өті­нішпен келетіндер көп қой. Анам­ның жазуына қарағанда, соның ішінде депутаттың тікелей арала­суымен 16 өтініш оң шешімін тап­­­қанға ұқсайды. Бұл - әрине, айтқанға оңай. Әйтпесе мәселенің анық-қанығына жеткенше тиісті орындарға сұрау салу, қаншама тексерулер жатқаны ақиқат».
Ел аузында Күләш Бай­сейі­товаға қатысты аңызға бергісіз әң­гімелер көп айтылады. Соның бірі - домалақ арыздың кесірінен Қытайға гастрольдік сапармен бара алмай қалғаны, оның аса сезімтал да жаны нәзік әншінің жүрегін жаралағаны, ауыр соққы болып тигені жайында. Қарлығаш Қанабекқызы осынау оқиғаға бай­ланысты өзі білетін жайттан да ха­бардар етті.
- «Қытай басшысы Мао Цзэ­дун арнайы шақырған екен. Анам аса жауапты сапарға қуана жүріп жиналды. Бір күні Орталық Коми­тет шақырып жатыр деген хабар келді. «Үстіңізден алты адам қол қойған арыз түсті. Сіз коммуниссіз. Сондықтан шет елге шығуға рұхсат жоқ» депті ақ үйдегілер. Көңілсіз оралды. Әкеме айтып, «Қана, бұл не деген сұмдық?! Осыншама жала жапқандарын қалай түсінуге бо­лады?! Жолымнан қалдырды» деп қиналды. Көңілін ауламақ болған әжеме де болған жайды жылап, айтып жатты.
Күні-түні жұмыстан басқа еш­теңені білмеген Байсейітова­-
ның театр дегенде бәрін ұмытып кететін шынайы таланты кейбі­реулерге маза бермеген сыңайлы. Қазақ өнеріндегі айшықты тұл­ғаны Кеңестер елімен қарым-қа­тынастағы ірі-ірі социалистік ел­дердің басшылары арнайы шақы­ратындары жандарына қатты батса керек. Алып Қытай еліне оркестрмен гастрольдік сапарға дайындалып жатқанын көре ал­маған алты адам Қазақстан Ор­талық партия комитетіне арыз түсіріпті. Сол алтаудың бесеуі кім екенін білдік, бәрі де бұл күндері о дүниелік болды. Алтыншысын да табамын, мұрағатты ақтару керек ол үшін. Бір жолы спек­такль­дерде екінші құрамда ойна­ған, арыз жазған актердің бірі
мені көріп қалып, түк болмаған­дай, «Қарлығаш, халың қалай?» деді. «Анамды өлтіріп, халімді сұрауға қалай арыңыз барады?» дегім келді. Айтуға шақ қалдым. Бетіне тесіле қарап, біраз тұрып қалған болуым керек, қасымдағы құрбым «Ештеңе айтпа» дегендей түрткілей берді. Бұрылып кеттім. Құрбыма «неге сонша мазасыз­да­нып кеттің?» деп едім, «80-нен ас­қан кісі, өзінің жүрегі ауырады екен, есік аузында есінен танып құлап қалып жатса, сенен көреді емес пе?» деді. Концерт көрген құр­лы мазам кетті. Ойымнан әлгі кісі­нің жайбарақат, мені түк біл­мейді деп ойлап, жоқ жерден ха­лымды сұрап, жанашырлық та­ныт­қаны жаныма қатты батты. Концерт аяқталған соң, ойымда­ғыны бәрібір айттым. Шығып бара жатқан жерінен қуып жеттім де: «Халімді қалай ұялмай сұрайсыз? Анамды өлтірген сіз!» дедім де, жылдам кетіп қалдым. Оның қан­дай көңіл күйде қалғанын байқа­мадым.
Үлкен әпкем Құралай учили­щеде оқып жүргенде қайтыс бол­ды. Сіңлім Қаршыға 5 жасында балалар бақшасында тамақтан уланып, тым ерте өмірден озды. Оның бәрі анама оңай тиген жоқ. Ағамыз Алданбекті бірге туған­-быз деп ойлайтын едік, оның әке­міздің артынан келген баласы екенін қайтыс болғанда бір-ақ білдік. Анамыз туған баласындай қарады, ешқайсымызды бөліп- жарған жоқ. Бәріміз бірге өстік.
Өзінің енді қайтып бізбен қа­уыш­пайтынын сезді ме қайдам, Мәскеуге жүрер алдында «Суретке түсеміз, ең әдемі киімдеріңді киіңдер» деді Құралай екеумізге. Үшеуміз суретке түстік. Ең соңғы рет. Мәскеу сапары да анамның соңғы сапары болды. Ол күндерді еске алу мен үшін тым ауыр. Дәл бүгінгідей көз алдымда. Әжеміздің «Күләнтайым келеді» деп ет асып жатқаны, одан соң Әуезов бастаған қазақтың бар игі жақсыларының үйге келіп, анамның өмірден озға­нын естірткені...
Маған «мектеп бітіргесін му­зыка мамандарына көрсетіп, да­уысыңды қойдыртамыз, бәлкім менің жолымды қуарсың» дей­тін еді. Бәрі жайына қалды. ЖенПИ-ді бітірдім кезінде. Қазір жасым 71-де. Екі балам, немерем бар. Өзім төбесінен жиі-жиі су ағатын, сонау 70-жылдары салынған ескі үйде сырқат қызыммен бірге тұ­рып жатырмын. Қала әкіміне ба­рып, жағдайымды айтып, жаңа пә­тер алуға жәрдемдесуін сұра­ған едім, «Кезекке тұрыңыз» деген жауап алдым.
Мен үшін ең қуаныштысы - 100 жылдық мерейтойының бү­-
кіл республика көлемінде аталып өтіп жатқаны. Астанада Мәдениет министрі Дархан Мыңбай мырза кіріспе сөзінде ұлттық опера өнері тарихының қалыптасу бастау­ла­рында тұрған Күләш Байсейітова­ның қазақ өнерін әлемге таны­тудағы рөлін айрықша атап өтті. Қатты қуандым. Өйткені мұны мен ХХІ ғасырдың анама берген бағасы деп білемін. Ол пікір ХХІІ ғасырда да жалғасатынына сенім­дімін. «Саф алтын қап түбінде жатпас» демей ме атамыз қазақ.
Елге рақмет, Елбасына рақмет. 100 жылдығын атап өтіп жатқан барлық ұжымдар мен мекемелерге шынайы алғысымды білдіргім келеді. Бұл тек Күләш Байсейітова­ға ғана көрсетіліп жатқан құрмет емес, өз басым мұны бүкіл қазақ мә­дениетінің бастауында тұрған дарынды перзенттеріне тағзым деп түсінемін.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер