BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Кәсіби сыншылар балаларға арналған «U-Sana» қойылымына баға берді

Фото: Автор

Астана қаласы әкімдігінің «Наз» мемлекеттік би театры» 2018 жылдың 13 наурызында «Астана» концерт залында, сағат 11:00 және 15:00-де «U-Sana» атты балаларға арналған қойылымын ұсынады. Кәсіби сыншылар мен актерлер аталған қойылымның жабық көрсетіліміне қатысып, пікірлерін бөлісті. Қойылымның артықшылықтары мен кемшіліктеріне назар аударып, жас актерлерге кеңес берді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Бұл жағдаймен қазіргі заманда бүкіл отбасы таныс. Ол — гаджеттерге тәуелділік. Бір үйдің Еркін, Ермек, Айгүл деген балалары өте жақсы оқып, ата-анасымен бақытты өмір сүріп жатқан кез. Үшеуі де тәртіпті, кітаппен дос еді. Барлық оқиға Асан деген көрші баланың планшетпен ойнап жүргенінен басталды. Балалар оған қатты қызықты. Отбасындағы өте құнды саналатын анасына қимас домбыраны планшетке айырбастап алдырады. Ойынға берілген балалар анасын тыңдаудан қалып, компьютерлік ойындар иесі Усананың ықпалына көніп тынады. Ана жүрегі жоғалған балаларын іздеп таба алмайды.

Еркіннің мақсаты — ағаларын құтқару. Ағаларын тапқанымен олар Усананың ықпалынан шыға алмайтын дәрежеде еді. Усананың құлына айналған балалар өткен өмірін ұмытып, іздеп келген бауырына да қарамайтын жағдайға келеді. Ойынға тәуелді болған балаларын тұтқыннан шығару үшін Еркін мен анасы бұрынғы өмірлеріне қайта әкелуге бар күшін жұмсайды. Еркін бауырларын жамандықтан құтқарып, бұрынғы өмірлеріне қайта әкеледі. Қойылым ғаламтор жетегінде кетіп, білімнен алыстап тек ойынның соңына түскен балаларды білім әлеміне жетелейді. Әлемдік мәселеге айналған гаджетсіздену тақырыбын қозғайды.

Сурет: Автор

Қалибек Қуанышбаев атындағы қазақ драма театрының режиссері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әлімбек Оразбеков:

Балалар өздерінің рөлін өте жақсы сомдап шықты. Барлығы ойдағыдай өтіп жатыр. Ең кереметі туындының мазмұны болып тұрған сияқты. Жеткізетін ойы өзекті. Мазмұн мен формаға келген кезде арагідік ерекшеліктер бар. Жағымсыз рөлді сомдайтын қыздың киімі тым заманауи болып кеткен сияқты. Аздап әуендерге өзгеріс енгізуге болатын сияқты. Бірақ, жалпы айтқанда маған ұнап отыр. Оқиға мазмұнға ілесіп отырған кезде ерекше әсер қалдырады екен. Қойылымда ерекшелік пен жаңалық бар. Жас қыздар мен балаларға өте риза болып қалдым. Олар 40 минут бойы қалай биледі екен деп таңғалып отырмын. Өте керемет әсер алдым.

Сурет: Автор

Қалибек Қуанышбаев атындағы қазақ драма театрының актері Жәнібек Мұсабаев:

Қазіргі балалардың барлығы телефон шұқылап отырғанды жақсы көреді. Интернетті өшіре қалсаң, баж ете түседі. Құдды ауыздарында тұрған емізіктерін тартып алғандай боласың. Соны келтірсе тамаша болатын еді.

Сурет: Автор

Актер Қуандық Қыстықбаев:

Бағанадан бері мұқият тыңдап отырдым. Менің байқағандарыма ешкім зер салмаған екен. (Күлді.) Біріншіден, Сағи ағамды құттықтаймын. Ол кісі ұлт десе, қазақ десе жанын береді. Қоғамға пайдалы туындысы үшін ризамын. Жазда осы қойылыммен мазмұндас фильмге түстім. Төрт баланың әкесін сомдадым. Ауылдан жырақ өзен бойында үй салып, балаларды сол жерде қара жұмыспен тәрбиеледім. Сол сәтте қарындасымның балалары гидроскутер, планшет сынды заманауи техникаларды біздің үйге алып келді. Ал осының барлығы төрт баланың ортасына іріткі салды. Барлығы таласып, ұрыса бастады. Тіпті, гаджет үшін асқан қатыгездікке барды. Бұл — бүкіл әлемді толғандырып отырған мәселе. Мойындау қажет, өзіміз де қалтамызға бір-бір андроид салмасақ жүре алмаймыз.

Сурет: Автор

Жастар театры бас режиссерінің көмекшісі Нұрфат Вахитов:

Қоғам үшін өте керек дүние. Жәнібек айтпақшы, қыздарым үйге келген кезде алдымнан жүгіріп шығатын. Бір күні үйге келсем, біреуі алдымнан шықпады. Бірден телефонмен ойнап отырғанын түсіндім. Қазір ұлттық құндылықтарымызды осы заманауи техникалар ығыстырып жатыр. Расымен де, өзімізді құтқарып қалуымыз қажет. Қойылым құтты болсын! Екі айдың ішінде мұндай дүние жасап шығару ерлік пен табандылықты қажетсінеді. Тек жақсылық пен жамандық арасындағы диапазонды кеңірек көрсетсе, нұр үстіне нұр болар еді. Осындай дүниенің болғанына қуаныштымын. Маған ерекше әсер сыйлады.

Спектакльдің қоюшы режиссерлері — Арман Баймағамбаев, Ұлан Изенаев, Сағит Дүзбаев. Либретто авторы — Сағаділдә Үсібәлі. Композиторы — Байдалы Рыспанбет. Басты рөлдерде — Е.Құдайбергенов, Г. Исмагулова, М.Жеңісов, Қ. Насен, А.Маден, Г.Исмагулова, А. Дайрабекова.

«Наз» мемлекеттік би театры сан түрлі ұлт пен ұлыстардың билерін, хореографиялық қойылымдар мен композицияларды сахналаған Қазақстандағы бірден-бір кәсіби би театры.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер