BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Қыз Жібектің құрметі...

«Жәдігер» дәстүрлі өнер клубы» қоғамдық қоры «Қыз Жібек» лиро-эпостық дастанының CD дискісін жарыққа шығарды.
 2008 жылы ережесі бекітілген атал­мыш клуб ұлттық құнды­лық­та­ры­мызды насихаттап, көнеден келе жатқан жә­дігерлерімізді жаңғырту мақсатында құрылған. Осы мұрат жолында аздаған уақыт ішінде бірқатар маңызы үлкен шаралар жүзеге асты деуге болады. Мәселен, «Алпамыс», «Қыз Жібек», «Ер Тар­ғын» және басқа да батырлар жыры мен ұлт-азаттық толғаулар тыңдаушыға тарту-таралғы етілді. «Астана-арқау» түркі музыкасының фестивалі ұйым­дастырылды. «Қазақтың дәстүрлі 1000 күйі мен 1000 әнін» шығару туралы ұсынысты да ал­ғаш ортаға тастаған - осы орталық. Нәтижесінде бұл әңгіме жоғары жаққа же­тіп, елін сүйген-елі сүйген Елбасы бас­тап, тапсырма беріп, қазақылықтың қаймағы Құл-Мұхаммед қостап, қа­дағалауына алып бірегей жинақтар жарыққа шыққаны баршаңызға мәлім. Ал жоғарыдағы жауһар жырлардың асқақ Астана күніне арналған мәдени іс-шаралар барысында ашық аспан астында жырлану мәселесін Тасма­ғамбетов тастай қылған. Айрықша қол­дау танытып, өлшеусіз үлес қосты. Со­ның нәтижесінде «Қыз жібек» эпосын 2009 жылы үш күн қатарынан барлық жыр мектебінің өкілдері кезектесіп жыр­лап, Есілдің жағасына жина­л­ғандардың құлақ құрышын қандырған. Енді, міне, көнеден келе жатқан асыл мұрамыз сандық форматта қолымызға тиіп отыр. Ұзақтығы үш сағатқа со­зылатын дастан үш альбомға тоғыс­ты­рылып, жыр мәтіні жеке кітапшаға қосымша беріліпті. Тарихи деректерге сүйенсек, «Қыз Жібек» дастанының 16 түрі бар көрінеді. Зерттеуші-ғалымдардың айтуынша, Қыз Жібектің-ару Жібектің тағдыры, Төлегеннің трагедиясы. Бекежанның озбырлығы, Сансызбайдың ерлігі - әр аймақта әртүрлі айтылып, оқиғаның кейбір тұстарында өзгешелік кездес­кенімен, барлығының желісі бір. Түп-төр­кіні бір арнаға тоғысады. Фольк­лорлық қазынаның ел ішінде Мұран, Марабай, Омар Шипин, Нұрпейіс Байғанин жеткізген нұсқалары кең тараған. Соның ішінде Марабайдың орындауын жетісулық Жүсіпбек Шай­хисламұлы хатқа түсіріп, кейінгілерге аманаттап кеткен. Ол жиырмасыншы ғасырдың басында жырды жан-жақты, жүйелі түрде зерттеп, ел арасынан бір­неше данасын жазып алып, Қазан, Ташкент қалаларында бастырады. Кей тұстарында өз жанынан сөз қосып, оқиғасын өрбітеді. Жеті жыршының жырлағаны - осы нұсқа. Наурызбек, Абыл, Нұрым, Қашаған, Сүгір, Жиенбай жырау, Сүйінбай, Жамбыл мақам­дарымен жырды орындағандар - Ақан Әбдуәлі, Амандық Көмеков, Өсербай Сәрсенбайұлы, Гүлмарс Аманбаева, Ер­болат Шалдыбеков, Күнсұлу Түрік­пенова, Ғазиза Шаймаханова. Бұл жыр мен жыршылардың бұрынғылардан ерекшелігіне, ашқан жаңалықтары мен қосқан үлестеріне келсек, барлық жыр мектептерінің өкілдері тұңғыш рет тізе қосып, қызықты формада, бөлек сипатта кезектесіп жырлап отыр. Бір жырды бұрын бір адамның аузынан естісек, мұнда жоғарыда айтып кеткен жеті адам жанын салған.  - 2003 жылдары жазушы-журналист, айтыскер ақын, манасшы-жыршы Баянғали Әлімжанов екі - үш жыраудың басын қосып, «Алпамысты» Қызылорда қаласында жырлатқан болатын. Содан кейін мүмкіндік болмаған болу керек, бұл дәстүр жылы жабылып қалды. Кейін­нен 2007 жылы біз қолға алып, «Ал­памыстың» телевизиялық түсірілімін жа­садық. Үн таспасын тараттық. Одан кейін­ дүниеге әкелгеніміз - «Қыз Жібек». Тың­даушы жалықпасын деген оймен әр мек­тептің өкілдеріне бөліп беріп, халық пен жыршылар арасында дәнекер ре­тінде әр оқиғаның әлқиссасын өзім тү­сіндіріп отырдым. Жыршылық мектептерді халықпен қайта қауыштыр­сақ, дамытсақ деген де мақсат болды, - дейді идея авторы және жобаның көр­кемдік жетекшісі, белгілі әнші-жыршы, мемлекеттік «Дарын» жастар сый­лығының иегері Ақан Әбдуәлі. Айта кетерлігі, «Қыз Жібек» жыры­ның екі бөлімнен тұратыны әмбеге аян. Біріншісінде Төлеген мен Жібек ара­сын­дағы махаббат баяндалады. Біз сүй­сіне тамашалайтын көркемфильмде де екі жастың ғашықтық сезімдері көрініс тауып, соңы қаралы хабармен аяқталған. Ал Төлегеннің Қособаның жонында Бе­кежанның қолынан қастандықпен қаза тапқаннан кейін Жібекті зорлықшыл Қореннің айттыратыны, одан әмеңгері Сан­сызбай келіп, қалыңдықтың қайны­сымен қашып кеткені, сөйтіп, мұрат-мақ­сатына жеткені екінші бөлімде жал­ғасады. Жаңа диск Қыз Жібектің ба­сы­нан өткен осы оқиғаларды бүге-шіге­сіне дейін қамтыған. Ақан Әбдуәлі:  - Бұл дастан далада, сахналық қойылым түрінде жүзеге асқандықтан теленұсқасы сәтті шықпады. Әрі қарай түсіреміз деген жоспарымыз болған еді. Бірақ оған жете алмадық. Оның үстіне, мемлекеттік қызметкер заңмен белгіленген жұмыс тәртібі бойынша қосалқы жұмыспен айналыса алмайды деген соң, клубтың барлық шаруасын «Ел» продюсерлік орталығына өткізіп бергенмін. Алайда «бірлесіп жасайық» дейтін азаматтар болса, мен авторлығыма жабысып отырмас едім. Әрі қарай жолын көрсетіп, атсалысуға дайынмын. Себебі бұл халыққа, келешек ұрпаққа керек дүние. CD жинағымыздың өзі тез арада тарап кетті. Тыңдаушыдан сұраныс бар екеніне көз жеткіздік. Сондықтан жыр-дастандарды жарыққа шығаруға біз аянбаймыз. Тек әттеген-ай дейтін дүниелер болмаса... Гүлмарс Аманбаева:  - Мен Қыз Жібектің сөздерін тыңдаушыға мәнерлеп жеткізуге тырыстым. Өзіме тиесілі бөлігін бір айға жуық жаттадым. Бұрын бұл жырды Наурызбек жыраудың алдын көрген шәкірті Аманқос Садықовтың орындауында естігенім бар еді. Біздің орындауымызда тыңдаған жұрт жоғары баға беріп жатыр. «Алпамысты» теледидардан көрсеткенде «Оқиғаның ішіне кіріп кеттік. Тапжылмай тамашаладық» деп хабарласқандар көп болды. «Қыз Жібекті» жырлағанымызды да естіп, енді «қашан телевизиялық нұсқасы шығады?» деп жиі сұрайды... Қолдайтындар болса, бастаған ісіміздің аяқсыз қалмағанын өзіміз де қалаймыз. Амандық Көмеков: - Астанада жырлағанымызда көрермендер үш жарым сағат қыбыр етпей отырды. Үлкен кісілер «Бір жерінде күлдік, бір жерінде жыладық, жыр аяқталғанша «енді қайтер екен?» деп тақымымызды қысып отырдық. Анау-мынау фильмдер мен сериалдар жолда қалды» деген пікірлерін, жылы лебіздерін білдіріп жатты. Халыққа ұнағаны - мұнда ұлттық дәстүріміз, әдет-ғұрпымыз, қазақы бояуымыз тұнып тұр. Жыраулық дәстүрді жалғастыра алмасақ, бізге сын. Осы жырларды жаңғыртамыз дегенде бар жұмысымды жиып қойып, тұра ұмтылдым. «Аталар сөзін өлтірмейік» дегенде қалай қолдап, қостамайсың? Күндіз-түні ұйықтамай жырлауға бармыз. «Әулиеге ат қойып, Қорасанға қой айтып» деп Қобыланды жырында айтылғандай, қалай болғанда да бұл дастандарды келешекке сән-салтанатымен жеткізуіміз керек. Күнсұлу Түрікпен:  - Қандай бір іске кіріспес бұрын адам ең әуелі жауапкершілікті сезінуі керек. Сондықтан Ақан аға хабарласып, жырды берген уақытта, елден ұят болып қалмасын, бір жерінен жаңылысып кетпейін деп жан-тәніммен кірістім. Үш апта ішінде жаттап, бір апта барлығымыз алдын ала дайындық жасадық. Менің ойымша, халықтың қабылдауы біз күткендегіден де асып түсті. Өткенімен табыстырғандай әсер алдық. Оны жұрттың ықыласынан, қол соғуынан, ынтасынан байқауға болады. Әлқисса Қыз Жібектің құрметі, Жиһаннан асқан сәулеті, Ләйлі-Мәжнүн болмаса, Өзгеден артық келбеті. Үш қызы бар қасында-ай, Өзі он төрт жасында-ай, Кебісінің өкшесі, Бұхардың гауһар тасында-ай. Ақ маңдайы жалтылдап, Танадай көзі жарқылдап, Алтын шашбау шашында-ай. Қыз Жібектің дидары, Қоғалы көлдің кұрағы. Көз сипатын қарасаң, Нұр қызының шырағы. Дүри гауһар сырғасын, Көтере алмай тұр құлағы. Бой нұсқасын қарасаң, Бектер мінген пырағы. Қыз Жібектің ақтығы, Наурыздың ақша қарындай, Ақ бетінің қызылы, Ақ тауықтың қанындай. Екі беттің ажары, Жазғы түскен сағымдай. Білегінің шырайы, Айбалтаның сабындай. Өткірлігін байқасаң, Ұсталар соққан кетпендей. Нұр тұқымын еккендей, Екі ауыз сөз сөйлескен Мұратына жеткендей. Тірісі түгіл Жібектің Өлігіне адам қайырылып Бетінен келіп өпкендей... Қыз Жібекті Төлеген, Ақылменен танып тұр, Көз мейірі қанып тұр. Бейіштен жанған шамшырақ, Көзі жайнап жанып тұр, Белі нәзік талып тұр. Тартқан сымнан жіңішке, Үзіліп кетпей неғып тұр? Қаншайым БАЙДӘУЛЕТОВА http://www.aikyn.kz/index.php?option=com_content&task=view&id=5971&Itemid=2

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер