BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Қытай телехикаясына түскен қазақ қызы

Жуырда «Жын Шуан хикаясы» атты қытай телехикаясы жарыққа шықты. Айтпағымыз сериал емес. Кім сериал түсірмей жатыр дейсіз?! Қытай киноиндустриясымен жеткен телеөнімдегі рөлдердің бірін қазақ қызы сомдайды! Қазақ қызы!.. Бір жарым миллиард қытайдың арасынан суырылып шығып, киноға түсу оңай емес! Жат жұртта дүниеге келіп, сол елде ғұмыр кешіп жатса да, қазақтың атын асқақтатып жүрген қаракөзіміз әлдеқашан өзін дәлелдеп үлгерген. Жұлдыздай жарқыраған жас таланттарды таныстыратын әдеттегі дәстүріміз бойынша актриса Риза Әлімжанқызы турасында оқырманға жеткізуді жөн көрдік.

 

Қытай астанасы Бейжің қаласында 1986 жылы жарық дүние есігін ашқан Риза бала күнінен әдемілікке құмартып өсті. Ойын баласы кезінде-ақ анасының көйлектері мен біз өкшелі аяқ киімін киіп алып, «мен халық әртісімін, қол соқпасаңдар, шықпаймын» деп назданатын. Сұлулыққа жаны құштар қағылез қызды арманы алдамапты. Небәрі он бес жасында 10-сынып оқушысы өзін сәндік қырынан танытып, танымал брендтің жарнамасына түсті. «Бағыңды сынап көрсеңші» деп ұсыныс айтқан әдебиет пәнінің ұстазына әлі күнге алғысы шексіз. Камера оны ерекше сүйетін. Осылайша, оның жұлдызды сәті басталды.
66764862

Алайда, болмысынан атақ-даңққа құмартпайтын Риза өз қатарластарынан ерте есейсе де, «жұлдыз ауруына» шалдықпады. Алғыр да талантты қыз жоғары білім алуға ұмтылды. Дегенмен, бәсекесі көп кино саласында білім аламын деген ой үш ұйықтаса түсіне де кірмепті. Институтқа түсуінің өзі қызық.

Бір жолы әдеттегідей жарнамаға түсуге анасымен бірге бара жатқан сәнқой қыздың көзі үлкен қаладағы кино институтының ғимаратына түседі. 18 миллионнан астам тұрғыны бар алып шаһардың қай жерде не барын жаттап жүру қиын. Көз алдында тұрған кеңсе әртістерін тәрбиелейтін орталық екенін анасынан сол жолы ғана естіген Ризаның өнер ордасының студенті болуға есі кетті. Алға қойған мақсатына жетпей тынбайтын қызының қайсарлығын білетін шешесі де оны қайрай түспек болып: «Қаптаған қытайдың ішінен саған бұл жерде орын жоқ. Түсе алмайсың оқуға», деген-ді. «Өзге ұлттың өкілі болғаным үшін бе? Ендеше, қайтсем де түсемін» деп өз-өзіне серт берген Ризаны алда талай жарқын белестер күтіп тұрған еді…
66865379

Кинокамера алдындағы тұсауы 2010 жылы «Зағиптар театрханасы» фильмінде кесілді. Фильмде зағип қыз – Шиау Оудың ішкі күйзелісі мен арпалысын шынайы көрсеткен қазақ қызының өз көрермені қалыптасты. Басқа әлемде күн кешкен бейбақ зағиптің жан дауысын жеткізу оңай емес-ті. «Әр рөліме жаңаша көзқараспен, басқаша талғаммен және басқа адам ретінде келемін. Себебі, экран шынайылықты сүйеді. Маған Шиау Оудың рөлін ұсынғанда, екі күн бойы көзімді байлап алып, қараңғы қалыпта жүрдім. Осылайша, өзімді сынақтан өткіздім. Себебі, кейіпкерді алып шыға алам ба, жоқ па деген күдік басым еді», деп ағынан жарылды Риза.
65288383

Шиау Оуды сәтті сомдаған соң, режиссерлер де сенім білдіретін болды. Кезекті рөлдерге ұсыныс та бірінен соң бірі түсіп жатты. «Қанат ұшқан сайын қатаяды» деген рас екен. Сол жылы Ризаға «Карта ашамын» атты көркем туындыда Цун Зуозуоның рөлі бұйырды. 2011 жылы «Жалғандықпен күрес» комедиясында Жаң Лин бейнесінде де сәтті көрінді.
Риза

Кино әлемінде Ризаның бағын ашқан кейіпкердің бірі – «Жын Шуан хикаясындағы» Лан И еді. Достарының қолқа салуымен телехикаяға түсуге келіскен Лан Идің рөлі Ризаның оңтайына келді. Бір қызығы, екеуінің тағдыры ұқсас. Түсірілім барысында сәйгүліктің құлағында ойнауды да үйренді. Біздің кейіпкеріміз де ақылды, зерек, қарапайым әрі өз сүйгені үшін бар өмірін арнаған Лан И секілді махаббаты үшін құрбандыққа дайын. Алғашқы түскен сериалы болғандықтан, бойы үйренісе алмаған тұстары көп болғанымен де қиындықтарды жеңіп, үлкен сабақ алдым дейді.

Тумасынан жаны да, тәні де сұлу талдырмаш бойжеткен қайбір жылы қытайлық «Ruili Fashion Pioneer» сән журналы өткізген мемлекеттік деңгейдегі конкурста «Ең тартымды әртіс» аталымын да иеленді.

Мәліметтер www.ent.qq.com сайтынан алынды

Әзірлеген Мақпал Жұмашова

 

P.S. Биыл қандасымыз «О, махаббат! Саған көнемін!» сериалында Туң Зуоны ойнады. Алға қойған мақсаты айқын қазақ қызы ендігі жылы «Махаббат жазмышы» сериалында Тянь Шин рөліне дайындық үстінде. Өнер әлеміне қанат қаққан Ризаға көрермендеріңді риза ете бер деген тілек білдіреміз.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
28 Желтоқсан 2018, 20:48
Құны түскен атақ
Пікірлер