BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Кірпішке жазылған жыр

«Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының, «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, ақын Маралтай Райымбекұлының «Қобыз» өлеңі дүлдүл әнші Бекболат Тілеухановқа арналыпты.

  1994 жылы Алматыға жаңа келген жас ақын лайықты жұмыс таппай, бай-бағыландарға жалданып, нәпақа тауып жүреді. Алма-Арасан аңғарындағы жеміс талдары оталып, апорт ағаштарының орнына зәулім сарайлар салынып жатқан тұс екен. Төбесіне қарасаң, тақияң жерге түсетін биік үйлердің бірінде Жанәбіл, Сәндібек Жұбаниязов сынды жолдастарымен Маралтай да амалдың жоқтығынан құрылыстың қара жұмысына жегіледі. Тұрмыс-тіршілігі түлеп тұрмағанымен, бірақ көңілі ояу, көзі ашық. Қолы қалт етсе, кітап оқиды, ән тыңдайды, ақындар ауылын жағалайды. Рухани ортадан қол үзбеуге тырысады. Үп еткен желден үлкен әсер алатын сезімтал жүрек бірде Бекболат Тілеуханның қобызбен салған әндерін естіп, ғажайып күйге бөленеді. 
- «Батыр Баян» дастанын, Доспамбеттің толғауын тыңдағанда, қобызбен де ән-жыр айтуға болады екен-ау деп қайран қалдым. Жүйке-жүйемді шымырлатып, алпыс екі тамырымды балқытып қоя берді. Содан бастап күні-түні құлағымнан қобыздың сарыны, Бекболат ағамыздың дауысы кетпейтін болды. Өзім түсінбейтін бір тылсым тұңғиығына тартып, ыңыранған, зарлаған, аңыраған әуен жатсам да, тұрсам да соңымнан қалмайды. Ұйқыда да маза жоқ. Сөйтіп жүргенде толғағы жеткен болу керек, тура жұмыс істеп жатқан уақытта шабыт қыссын келіп... Өзі шаң-шаң, топырақ болып жүрген адамнан ақ қағаз бен қауырсын қалам қайдан табылсын?! Бірақ жазбасам болатын емес. Отыра қалып, өлең жолдарын қызыл кірпішке шегемен ойып түсіре бастадым. Сөйтіп, он шумақты жиырмадан астам күйген кірпіштің жылтыр бетіне қашап шықтым. Кешке жатын орнымызға қайтар кезде қасымдағы жігіттерге айтып, кірпіштерді Қытайдың ала қабына салып, өзімізбен бірге көтеріп алып кеттік, - дейді Маралтай Райымбекұлы. 
«Қобыз» өлеңін ақын кейін қағазға көшіріп, Жетісу ықшамауданында тұратын әншінің үйіне апарып бермекке ниеттенеді. Бірақ бір апта бұрын Бекболат Тілеуханның қобызының тиексіз тұрғаны есіне түседі. Көп ойланбай, «тиек жасап ала барайын» деп алма ағаштың бұтағынан жонуға кіріседі. Ақжарқын, кеңпейіл інісінің сыйлығына өнер иесі қуанып кетеді. Ерекше ықыласпен әдіптелген тиекті қобызға салып, бірнеше ән салады. 
- Шіркін, Бекболаттың дауысы қандай, қобызының сазын айтсаңызшы?! Қайталанбас ғажап қой. Талантына тәнті бола тұрып, сиясы кеппеген өлеңімді оқып бердім. Ол кісі «Бүгін мені шала байытып тастадың ғой» деп ризашылығын жасырмады. Кейіпкерімнің қуанғанын көріп, өзім де мәз болдым. Кейін баспасөз беттерінде «Қобыз» арқылы Маралтай арнау өлеңнің деңгейін бір сатыға көтерді» деген дуалы ауыздардың пікірлері жарияланды. Қобыз бен халықты қауыштырған, бауырластырған Бекболаттың әншілігін, мені өзіне баураған тылсым құдіретті өлеңмен айтып жеткіздім-ау деген ойдамын, - дейді ақын. 
ҚОБЫЗ 
(Бекболат Тілеухановқа) 
Ақ ғаламды 
қара, 
қоңыр... 
жоқ! 
Қызыл 
Бояуменен бұзып өтті түп-түзу. 
Кетсін деп те мына өмірдің соры үдеп, 
Осы оның отқа оранар жолы деп. 

Сол бояудың тарқаған жоқ мұңы әлі, 
Шер көкірек шерленеді, тынады. 
Сен шалғанда қобызыңды, содан ба, 
Түз әні емес, ызалы әуен шығады. 

Жан өртеніп, қияғыңнан шоқ ұшып, 
Жауырынымда сан мың ине соғысып, 
Жария етер тауқыметін жыланның, 
Жал-құйрықсыз Қазақ тектес құланның. 

Мұның бәрі қанға түскен күйіктің 
зор суреті. Жұлдыздардан биік тым. 
Қыш кірпішке қашап жазған өлеңнің, 
Қадіріндей мұз дәуірлік береннің. 

Жалғыздықтан құтыла алмай батпандай, 
Тәңір өзі зарыққан соң шапқандай. 
Қобызбенен өзегі дерт жұмыр Жер 
Бір-бірімен бақұлдасып жатқандай. 

Сен шалғанда қобызыңды қоңырқай, 
Зар-саз жетер жүрегіме. Тобыр қай 
Мән береді ми сыздатар әуенге, 
Сән күледі олар сүйген әлемде. 
Жаһаннамдық жаназамды жаһанда 
Сыймайтұғын ешбір сөзге, мақамға. 
Қылқобыздың қос көзінен таныдым, 
Таныдым мен бақилықтың анығын. 

Қара нар - ой боздап, кезіп сананы, 
Солқылдатты-ау жанда бітеу жараны. 
«Тексіздік пен аруақтың егесі 
Бір тоқтамға келе алмайды-ей, неге осы! 

Көрден қашып (пенделердің есі кем) 
Қорқыттыкі, ал шоң басымен несі екен?» - 
деп күбірлеп күпірліксіз іңірде, 
Сіңіп кеткен ауадағы дірілге. 

Содан бері қобыз болып күн кештім, 
Айыра алмай: 
Кім - ақ, қара, ділдес - кім?! 
Жер бетінде тәнім қалды, сен оның 
Тілін тапсаң, 
Сырласы бол, мұңлы өскін! 

Қаншайым БАЙДӘУЛЕТ 


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер