BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Кинотеатрлар "Қазақ тілінде фильмдерге сұраныс жоқ» деген пікірді қалыптастыруда - Депутаттар

АСТАНА. 27 маусым. BAQ.KZ – Бүгін Парламент Мәжілісінің бір топ депутаты еліміздің Премьер-Министрі мен Бас прокурорының атына депутаттық сауал жолдады. Онда депутаттар — Мұрат Әбенов, Ерген Дошаев, Бақытбек Смағұл және Гүлнар Сейітмағанбетовалар  кинокөрсетілім мәселелерін тілге тиек етеді. 

Депутаттық сауал жолдаған азаматтар мынадай мәселелерді көтеріп отыр:

Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011 - 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес 2020 жылға дейін мемлекеттік тілді меңгерген қазақстандықтардың үлесін 95% жеткізу жоспарланып отыр.
Осы ретте мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейтуде, тілдік ортаны қалыптастыруда және оны, әсіресе, жастар арасында дәріптеуде кино ролі жоғары екені белігілі. Қазір жастар кітап оқудан гөрі кино көруге әуес екенін мойындауымыз керек.
Тұрғындардың әл-ауқатының жақсаруымен қатар киноға деген сұраныс өсе түсуде. Соңғы 10 жыл ішінде кинотеатрлар көрермендерінің саны 12 есеге ұлғайды. Бүгінгі күні киноға барушылар саны 70 мыңға жуық болса, алдағы бірнеше жылдың ішінде 3 есеге өсіп, 200 мыңнан асады деген сарапшылардың болжамы бар. Қазақстандық кино аудиториясының 80 пайызын 30 жасқа дейінгі көрермендер құрайды. Бүгінгі жастардың 75 пайызы қазақ тілінде сөйлейтінін ескерсек, осы аудиториянын перспективалық өсуі мемлекеттік тілдегі көрермендер арқылы болатыны анық. Осындай өзгерістердің негізінде қазақ тіліндегі киноға, әсіресе өз елімізде түсірілген шығармаларға сұраныс артатыны заңды құбылыс.
Айта кету керек, мемлекет тарапынан кино саласын дамытуға, әсіресе, ұлттық кино өндірісін қолдауға бағытталған айтарлықтай нәтижелі барлық қадамдар жасалуда. Тек соңғы 2-3 жылдың ішінде бірнеше сапалы, заман талабына сай келетін отандық авторлардың фильмдері жарық көрді. Осы жылдың басынан бастап қарасақ, отандық киноөндірісте ерекше серпіліс байқалады. Мысалы, талантты режисер Ермек Тұрсыновтың «Шал» фильмі кино саласындағы ең беделді сарапшы мамандардың бағалауымен халықаралық фестивальдердің денгейінде шығарылған жоғарғы сапалы туынды болып танылып жатыр. Ал «Болашақ» бағдарламасының стипендиаттары туралы түсірілген «Армандастар» киносы мыңдаған жас көрермендердің көңілінен шықты.
Ерекше айта кететін мысал: жуырда ғана көпшіліктің назарына Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы «Жаужүрек мың бала» атты тарихи фильмін ұсынды. Тарихи десек тек жанры емес, бұл киноның тарихта қалатындай жөні бар. Ахан Сатаевтың бұл шығармашылық жобасы мемлекетіміздің қазіргі даму кезеңіндегі елім дейтін азаматтардың рухани сұранысына сай, кейіпкер жастардың отансүйгіштігін, елдің басына қиындық түскен кезде қазақ халқы бірігіп, Отан үшін отқа түсуге тайынбайтынын көрсете білген фильм! Оның көрермендерге ұнағаны соншалық, жылайтын жерінде бүкіл зал болып көзіне жас алып, күлетін жерінде бірге күліп, ал фильм біткен соң сирек кездесетін жағдай, ұзағынан тік тұрып, шапалақ ұрғаны. Мемлекеттің қаржысы босқа кетпепті деп, мәз болдық. Ол қаржының тек рухани азық есебінде емес, ақшалай қайтарымы да бар екені байқалды. Себебі, отандық киноөндірісте ерекше оқиға – премьера өткен екі демалыс күні-ақ 147 миллион теңге кассалық түсім алып келіп, отандық киноөнім үшін абсолюттік рекорд жасады.
Соңғы жылы отандық киноөндірісте тағыда бір жағымды құбылыс пайда болды. «Болашақ» бағдарламасы аясында шет елдерде білім алған жастардың қауымдастығы қазақ тілін дамытуға өз үлесін қосу үшін бір жылдың ішінде жас және кішкентай көрермендеріміз үшін әлемдік деңгейде танымал болған 3 фильмнің дубляжын жасауды ұйымдастырды.
Соның нәтижесінде жоғары сапада «Көліктер-2», «Батыл жүрек» мультфильмдері және «Қара киімділер-3» фильмі түпнұсқа – ағылшын тілінен аударылды. Бұрын ондай шығармаларды қазақ тілінде көруге қолы жетпей жүрген көрермендер көптеп кинотеатрларға келе бастады. Мысалы, «Көліктер- 2» мультфильмін қазақ тілінде тамашалауға 25 мыңға тарта көрермен келген. Ол осы туындыны көрген барлық көрермендердің 30 пайызынан асады. Бұл көрсеткіш одан да жоғары болар еді.
Бірақ, отандық киноөндірісті мемлекетіміздің белсенді түрде қолдауына қарамастан, осы қасиетті өнердің әлеуетін мақсатымызға сай, тиімді пайдалануға бірнеше жүйелі кедергілерге тап болдық. Олардың ең бастысы – отандық кино көрсету жүйесі осы саладағы басталған серпіліске, көпшілік қоғамның сұранысын өтеуге дайын болмай шықты. Кездейсоқ туындаған, күтпеген жерден пайда болған проблема деп те айту да қиын. Себебі, бірнеше жыл бұрын мұндай жағдай туындайтынын біліп, алдын-ала осы салаға қатысты мемлекеттік денгейде нақты шаралар қабылданды.
Мысалы, отандық кинематография саласындағы мәселелерді реттеу мақсатында 2010 жылы «Мәдениет туралы» Заңға өзгерiстер мен толықтырулар енгiзілді. Атап айтқанда, кинематографиядағы ұлттық, оның ішінде балалар мен жасөспірімдерге арналған фильмдер жасау, шетелдік фильмдерге қарағанда ұлттық фильмдерді шығаруға, олардың таралымын көбейтуге және прокаттауға басым жағдайлар жасау мемлекеттік саясаттың басымдықтары болып белгіленді. Сонымен қатар, аталған талаптардың орындалуын бақылау мақсатымен киноөнiмдердi индексациялау және прокаттық куәлiктер беру механизмі енгізілді, ұлттық киноның критерийлері анықталды. Заңымыз «Фильмдерді прокаттау тілі» деген жеке баппен толықты. Бұл бапқа сәйкес:
1. Қазақстан Республикасының аумағында барлық фильмді прокаттау қазақ тілінде және басқа да тілдерде жүзеге асырылады.
2. Ұлттық фильмдерді прокаттау қазақ тілінде және қажеттігіне қарай басқа да тілдерде жүзеге асырылуға тиіс.
3. Шетел телеарналарынан ретрансляцияланған фильмдерді қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағына прокаттау мақсатында әкелiнетiн (жеткiзiлетiн) барлық фильмдерге 2012 жылғы 1 қаңтардан бастап қазақ тiлiнде дубляж жасалуға тиiс.
«Шетелдік фильмдерді қазақ тілінде көретін болдық қой» деген көрермен қауымның қуанышы ұзаққа созылмады. Себебі, заң қабылданғаннан бері жеңіл ақша тауып үйреніп қалған прокаттаушы коммерциялық ұйымдар елімізге әкелінетін фильмдерге қазақ тілінде дубляж жасауды дағдыға айналдырмады. Оған мүмкіндіктері мен уақыты жетерлік еді.
Фильмдерді прокаттаумен айналысатын мекемелер мен оларға бағынышты кинотеатрлар бұл заңды орындауға басынан бастап қарсылық білдіруде. Олар «қазақ тілді көрермен жоқ, қазақ тілінде фильмдерге сұраныс жоқ» деген жалған қоғамдық пікірді қалыптастыру мақсатында қазақ тіліндегі фильмдерге кемсітушілік көрсетіп, астыртын мемлекеттік саясатқа қарсы әрекеттер жасауда. Қалыптасқан жағдай құқық қорғау органдары тарапынан жан-жақты тексерілуі керек.
Сөзімнің дәлелі ретінде нақты мысалдар келтіре кетейін.
Жоғарыда аталған «Жаужүрек мың бала» тарихи фильмі жоғары сұранысқа ие болғанымен,  қазақ көрермендері ана тілдерінде түсірілген фильмді өз елінде түпнұсқада көре алмауына наразылықтарын білдірді. Бұл фильмнің 30 көшірмесі орыс тілінде (60%) және 21 көшірмесі қазақ тілінде (40%) шыққан. Осының салдарынан тіпті 98 пайызы жергілікті ұлт халқынан тұратын Қызылорда қаласында бірінші аптада «Жаужүрек мың бала» фильмі орыс тілінде ғана көрсетілді.
Мен кинодрама деген бас кейіпкердің жылауы ма десем, қателесіппін! Кинодрама – ол қазақ азаматтарының өз еліндегі кинотеатрда қазақ тілінде түсірілген отандық туындыларды ана тілінде көре алмауы екен! 
Бір аптадан соң қоғамдық пікірдің ықпалымен кинотеатрлар қазақ тіліндегі көшірмелерге қосымша сұраныс берді. Дегенмен, олар қайта құйтырқы әрекеттерге барды. Мемлекеттік тілдегі «Жаужүрек мың бала» фильмі қолайсыз мерзімге қойылды, яғни оған прайм-таймнан (төрден) орын тимеді.
Сонда кинопрокатпен айналысатын мекемелер орта статистикалық қазақ тілді көрерменнің көпшіліктен айырмашылығы жоқ екенін түсінбегені ме?
Бұған қоса «Жаужүрек мың бала», бұдан бұрын «Ғашық жүрек» фильмдерінде түсім қазақ көрермендерінен түскен. Кинопрокат мекемелері бұған қарсы болсын, қарсы болмасын – бұл үрдіс. Оны мойындау керек!
Тағы бір мысал. «Болашақ» қауымдастығының қолдауымен дубляждалған жоғары сапалы «Көліктер-2», «Батыл жүрек» мультфильмдері және «Қара киімділер-3» фильмі «Жаужүрек мың бала»-ның күнін көруде.
Алматы қаласында бір күнде «Қара киімділер-3» фильмінің 215 сеансы болса, соның бар болғаны 29-ы қазақ тілінде (13%), оның 2-і ғана прайм-таймда! 25-і таңертең немесе күндізгі жұмыс уақытында оған кім барады? Ата-аналарының жұмыс уақытында жасөспірімдерді киноға кім апарады? «Қанғытып жалғыз жіберетін шашылып жатқан баларымыз жоқ», дейді ата-аналар. Амал жоқ балаларын жетектеп барған соң, ана тіліндегі фильмдерді таппай, орыс тілінде көруге мәжбүр.
Жақында ғана «Батыл жүрек» мультфильмі көрсетілімге шықты. Бірінші күні еліміздің кинотеатрларында 308 рет көрсетіліпті, оның 67-і (21%) ғана мемлекеттік тілде. Оның оншақтысы ғана прайм-таймда!
Осыдан кейін кинотеатрлар қазақ тіліндегі фильмдер өзін ақтамайды деп шу шығарып, жалған пікір қалыптастыруда.
Әлде қазақ тілді көрермендер табысы бойынша басқа қазақстандықтардан төмен бе?
Көрермендер кинопрокатпен айналысатын мекемелерден Қазақстанда көрсетілетін барлық фильмдерді дубляждау туралы талап қойып жатқан жоқ. Ендеше олар неге аударылған, сапалы, сұранысы бар фильмдерді қолайлы уақытта көрсетуге құлықсыз?
Жалпы алғанда бұл жерде кинопрокат мекемелері тарапынан мемлекеттік тілді кемсітушілік, заң талаптарына қасақана саботаж жасау орын алуда.


Жоғарыда аталған мән-жайларды ескере отырып, келесі ұсыныстарды қарастыруды сұраймын.
1. Заң орындалуын қатаң бақылауға алу
Қазақстан Республикасының прокуратура органдары мен Мәдениет және ақпарат министрлігі киноөндіріс пен кинокөрсетілім саласындағы қалыптасқан жағдайды талдап, бұл саладағы мемлекеттік тілге қатысты заң талаптарының орындалуын қамтамасыз етуді күшейту қатаң бақылауға алу қажет. Әсіресе, кинематографиядағы ұлттық, оның ішінде балалар мен жасөспірімдерге арналған фильмдер жасау, шетелдік фильмдерге қарағанда ұлттық фильмдерді шығаруға, олардың таралымын көбейтуге және прокаттауға басым жағдайлар жасау жөніндегі мемлекеттік саясаттың іске асырылуын қаматамасыз ету.
2. Бұл мәселенің заңдық тұрғыда қосымша реттеу шараларын қабылдау
Мысалы, «Телерадио хабарларын тарату туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабына сәйкес қазақ тiлiндегi теле-, радиобағдарламалардың апта сайынғы көлемi уақыты жағынан басқа тiлдердегi теле-, радиобағдарламалардың жиынтық көлемiнен кем болмауға тиiс. Қазақ тiлiндегi теле-, радио бағдарламалардың жергiлiктi уақыт бойынша нөл сағаттан бастап есептелетiн, әрқайсысының ұзақтығы алты сағаттық уақыт аралығындағы көлемi басқа тiлдердегi теле-, радиобағдарламалардың жиынтық көлемiнен кем болмауға тиiс.
Осындай норманы киноөндіріс саласына да енгізуді қарастыруды жөн деп есептеймін.
3. Киноинститут құру
Мәдениет және ақпарат министрлігі жанында Еуропалық киноиститутқа ұқсас орган құру қажет. Бұл құрылым киноөндіріс пен кинокөрсетілімді сапалы түрде талдап, кинематографияны қолдау саласындағы мемлекеттік бағдарламаларды әзірлеуге, қажетті кадрларды дайындауға және мемлекеттік қолдауды тиімді жүргізуге септігін тигізер еді.
4. Қазақтілді фильмдерді жарнамалауға қолдау көрсету
Потенциалдық киноаудиториясын қазақ тілді көрермендер құрайтынын ескере отырып, алғашқы кезде отандық кинотуындыларды, қазақ тілінде дубляждалған фильмдерді көрсетіп жүрген кинотеатрларға мемлекеттік қолдау көрсету керек. Мемлекеттік телеарналарда осындай фильмдерді жарнамалауға болар еді. Қазақ көрермендерін тарту бағытында тиісті мемлекеттік органдар мен кинотеатрлар ынтымақтастық орнату екі жаққа да тиімді болар еді. Қазақстандағы бүгінгі киноаудитория бір жылда қалыптаспағаны белгілі, оған он шақты жыл керек, бірінші жылдары тиімді де болмады.
 
Бұл салада пәрменді шаралар қабылдамай, 2020 жылға дейін мемлекеттік тілді меңгерген қазақстандықтардың үлесін 95% жеткізу мүмкін екенін түсінуіміз қажет.
Белгіленген тәртіппен және жазбаша түрде жауап беруіңізді сұраймыз.

 


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер