BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

ҚЫЛҚАЛАМ ҚҰДІРЕТІ Далаға ынтық суреткер

Суретші Зейнеп Түсіпованың бүкіл шығармашылығының алтын арқау, асыл тіні - ауыл, табиғат тақырыбы десек, ақиқат ауылынан алшақ кетпегеніміз. Өнер жолын ұстанғалы уықтай шаншып, уыздай ұйытып келе жатқаны да - сол ұлттық нақыш, ұлы даланың өзіне ғана тән ұғымдары мен ұстындарының қадір-қасиетін хал-қадерінше қалам ұшымен таныту. Айналып келіп ауыл тақырыбын табатыны да, табиғат-ананың құшағына тарпаңдай тығыла беретіні де - сол бар бояу нәрімен сәбиінен санаға сіңген өскен ел, өнген жұрттың өнегелі өмір шежіресі екені күмән туғызбаса керек.
 Жамбыл облысы, Сарысу ауданының орталығы - Жаңатасқа жақын жердегі жота-жонын шоғыр тал көмкерген тау етегіндегі шашырай қонған шағын ауыл - Ақтоғай, оның жарлауыт етегін жарып аққан өзен - суреткердің көзін ашып көргелі көкірегін тербеп, күллі дүниеге көрік қып басқан көркем әлемінің кішкентай көрінісі десек, қателеспеспіз. Үлкен суретшілік жолға әкелген сүрлеу-соқпақ сол жерден басталады. Алдымен тәлім нәрін алған тамыр-тегі сол өзі туып-өскен ауылдағы сыр ұшығын сырмаққа шегіп, ой жібін ою ғып басқан алтын саусақ әжелердің қол қимылын бағудан бастау алды. Кереге көзінен-ақ кеңістіктің кереметін бағып, кемел табиғаттың өзінен сурет салуды үйренді. Қазір қаламынан жаралған қат-қабат бояулардан қанып көз көрген, жарып көңіл тоқыған жайлар жал толқын боп сезілсе, түз мінезін, қыр табиғатын, дала болмысын баз-байырғы қалпында бере білсе - ол осы қыр мінез қазақ қызының қыр төсін емін-еркін еміп өскендігінен. Қаратаудың қойнау-қолаттарынан ескен қоңыр салқын самалдай жанға жайлылық, бағзы-байырғылық, күміс көмескілік көзге ұрып тұратын суретші шығармаларының ой толғағын тап басам деп, тылсым тереңіне қалай тартылғаныңды білмей қаласың. Далалық өлшемге салынған даналық пішімдерді даусыз тану оңай емес. Бір атап айтарлығы, сол қат-қабат бояудың ар жағына қанша үңіліп, жалтыраған саңылауына жанарыңды сонша жүгіртсең де иненің жасуындай суық жарқылды сезе алмайсың. Мейлі ол қайыстай қатқан қара жол бола ма, қарауытқан құба жон бола ма, болмаса көз ұшында бұлдыраған жолаушы, иесіз даладағы шоқ ағаш, жалғыз-жарым жылып аққан бұлақ бола ма, бәрінің де көлеңкесінен күнгейі басым, шырайлы шуағы мол, өмір қуанышын өгейсіткен жері жоқ. Өмір-өңірдің өз түсіне қолдан қара бояу жағып, қасиет құнарын кемітуге қарсы болыпты. Сонан да суретшінің талайына балаған болмыстың бар бояуы қанық, жан-жүзі жарқын, ажары айшықты, үзілген жерді де жалғап кетер үміт сәулесі басым. Соның бәрі соны жерге ат шалдырып, құйқалы жерге қазық қаққанының арқасы екені даусыз. Ауыл тақырыбы дегеннен шығады, Зейнеп Жақанқызының қазақ топырағындағы осы тамырлас туындылардың алдыңғы легінен табылар бірқатар картиналары Қазақ мемлекеттік өнер мұражайының төрінен орын алып жүр. Өзіндік қанық бояу мен қайталанбас ерекшелікке толы «Жайлауда» (1977), «Қаратау» (1977), «Ауылда» (1987), «Тау-Түрген» (1990) суреттері сезімге суарылған түстердің өзара тоғысуынан бір демде пайда бола қалғандай көрінсе, ондағы табиғи тұтастықтың мұрты бұзылмағандығынан деп білген жөн. Бұл орайда қазақ бейнелеу өнерінің патриархы Әбілхан Қастеев қалап кеткен қабырғалы дәстүрді жалғай отырып, өзіндік ізбен тереңдетуді суретші қаламының басты қасиеті деп ұқсақ, дұрыс болар. Бұл жолда оның адаспағаны анық, баянды бақыты да сонда. Алматыдағы көркемсурет училищесінде оқи жүріп, Романов, Нұрмағамбетов, Мамбеев, Гурьев, Нимец секілді сайдың тасындай қылқалам иелерінен тәлім ала жүріп, о бастан француз мектебі тудырған импрессионист бағытын ұстанған суретші қыз өз стилін қалыптастыруға баса ден қойған-ды. Суретшінің таңдаған тақырып аясы да, сол тақырыпқа салған қолтаңбасы да сан алуан. Бұл орайдағы натюрморттары, пейзаждары, портреттері биік мәдениет пен берік үйлесімнің үндесуімен ерекшеленіп тұрады. Яғни өзіндік орындаушылық шеберлігімен, ерекше ырғағымен ел ықыласына бөленген еңбектер қатарына енеді. «Бүркітші», «Бүркіт», «Ымырттағы Алатау» пейзажы сериялары да қиял ұшқырлығының қалт жібермеген құнары бөлек қырларына жатады. Табиғатына жақын болғандықтан да болар, суретші шығармашылығында даланың сұлулық белгісі - гүлдердің де алатын орны зор. Гүлдер тақырыбындағы суреттері бойына нәзіктіктің құпия сырын бүккен, табиғаты астарлы дүниелер. Былай қарағанда, жай ғана гүл шоқтары сияқты көрінетін мұндай натюрморттарында әйел жанының тылсым дүниесін, сұлулық сырын, тіршілік нәрін сездірер ой ағындары астасып жатыр. Сурет өнерінде музыканың алар орны ерекше деп білетін Зейнеп Жақанқызының кейбір полотнолары тікелей әуен әсерінен туындаған. «Музыка образ тудырып қана қоймай, кейде бояудың түсіне дейін «айтып береді» дейді өзі бұл жөнінде. Суретші шығармаларында шетелдік сапарлардың әсерінен дүниеге келген туындылардың орны бір бөлек. Тұңғыш рет 1989 жылы Қазақстан суретшілері атынан Мозамбиктегі көрмеге қатысып, табысқа бөленді. Африка сапарынан туған «Негр қызы», «Қызыл пальма» туындылары талантты жанды тағы бір қырынан танытты. Келесі жылы Оңтүстік Кореядағы көрмеге қатысып, шалғай елден шабыт тұлпарына мініп қайтты. Үнді, Греция, Пәкстанға барған туристік сапарлары да сазды әсерге бөлеп, бөлекше бояуға жетеледі. Туыстас ел Түркияда қазақ суретшілері ішінен тұңғыш рет Зейнеп Жақанқызының көрмесі өткізілді. Бұл бір шығармашылық жемісінің шырын дәмін тұңғыш сезінген, шабыты шарықтаған ерекше шақ ретінде есінде қалды. 1991 жылы Анкарадағы «Гезам» галереясында өткен сол көрмедегі керемет жетістіктен соң, түрік ағайындардың арнайы шақыртуымен тағы сонда үш рет сурет көрмесін өткізді. Шалғай сапарлардың әсері шабыт ырғағын шарықша шыңдап, жаңа ізденістерге құлай құлаш ұрғызды. Пушкин, Абай, Шәкен Айманов портреттерін өзіндік бояумен жазып шықты. Сонан кейін-ақ қырықтай еңбегі қалың елді шарлап кетті. Бүгінде биік өнердің шыңына өзіндік қолтаңбасымен қанат қағып келе жатқан суретші қаламынан әлі талай дала мінез дара суреттер туа береріне сөз жоқ. Бейбарыс бабамыздың ізімен көне Египет жеріне барып қайтқалы оның кеудесі зерделі ойға шым батулы. Қылқалам қуатын Мысыр сапарындағы құм басқан тарих қойнауынан ойша тірілтіп алған бабаларымыздың сесті мүсінін соғуға жұмсады. Даланың мәңгілік әуені оның бейнелеу әлемінде әлі де жалғаса береді.Төреғали ТӘШЕНОВ http://www.aikyn.kz/index.php?option=com_content&task=view&id=6065&Itemid=2

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер