BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Қыдырәлі жобаларын ұсынады немесе «Ұлытау» «Grammy»-ден үмітті

Қазақтың белгілі продюсері, әнші Қыдырәлі Болман қарашаның 20-сы күні Қазақ елін Тәуелсіздігіміздің 20 жылдық мерейтойымен құттықтап, тарту жасамақ. Елордамыздағы «Қазақстан» орталық концерт залында Орталық Азия тұрмақ, Еуропа мен Американы бағындырған «Ұлытау» тобы мен отандық эстрадамызда өзіндік дауысымен дараланған әншіміз Қарақат Әбілдинаның сахнадағы он жылдық мерейтойына орай үлкен концерт өтеді. Бұл туралы кеше Астанада өткен баспасөз-мәслихатында Қыдырәлі Нұртайұлының өзі хабардар етті.

Бұл концертте көрермендер үшін тосынсыйлар да ұсынылмақ. Қыдырәлі соның біреуін ғана айтып берді. Егер техникалық мәселелер шешімін тапса, концерт барысында «Ұлытаудың» 8 мемлекеттегі фан-клбутарымен тікелей байланыс орнатылмақ. «Концерт мазмұнды, мәнді, көлемді болады. Ешкім ренжіп қайтпайды. Себебі біз концертте ұлтымызға деген көзсіз махаббатымызды көрсетеміз. Біз сол үшін он жыл бойы жұмыс істедік» дейді белгілі продюсер. Расында да, он жылдың ішінде «Ұлытау» мен Қарақат зор жетістікке жетті. Мәселен, «Ұлытау» «Әлемнің үздік 100 альбомына» енді, Еуропаның алтын дискісін алды. Жапония, Түркия, Ресей, Украина, Қазақстан сияқты сегізден астам елде топтың фан-клубтары жұмыс істеуде. «Фейсбук» жүргізген сауалнамада түркиялық танымал әнші Тарканды басып озған «Ұлытау» бірінші орынға шықты. Голливудта олжалаған Гран-приі тағы бар. Ал Қарақат «Алтын Самұрық» үздік ұлттық әндерді орындаушылар байқауында бас жүлдені иеленді, «Серпер» жастар сыйлығымен марапатталды. Жүсіпбек Елебеков атындағы дәстүрлі әндер орындаушылар байқауында да жүлдегер атанған. 2008 жылдан бері өзінің «Қарақат» атты мектеп-студиясын ашып, жүргізіп келеді. «Ұлытау» мен Қарақат Қыдырәлі Болманның өзі айтқандай, оның қос қанаты іспетті. Қос қанатының арқасында ол әлемді емін-еркін шарлап жүр. Қыдырәлінің әлемдік мәдениетке этно-рок музыкасын енгізу технологиясын жасағаны үшін Ұлыбритания патшайымының алтын орденімен марапатталғанын да ел есіне сала кетуіміз керек. Жүлде атаулының түгелге жуығын жеңіп алған ұжымның жексенбіге жоспарланған концертінде Қарақаттың «Жетіген» аспабында орындаған әндерінің альбомы, эстрадалық әндерден тұратын тағы бір альбомы, Қыдырәлі екеуінің орындауындағы үшінші альбомының тұсауы кесілмек. Қыдырәлі де өз альбомын таныстырады. «Ұлытаудың» тыңдармандары да сүйікті тобының альбомымен қауышады.

Баспасөз-мәслихатында Қ.Болман «Бал-бала» компаниясының жаңа қуыршақтарын да таныстырды. Қазақы иттің күшігі қол шапалақтасаңыз болды, үре жөнеледі, үріп қоймай, кәдімгі күшікке тән қимыл-қозғалыстың бәрін жасайды. Ал әппақ қошақанды құшағыңызға алсаңыз, маңырап кеп береді. Келесі бір қошақан билегенде өзіңіз де қосылып кете жаздайсыз. «Бал-бала» алдағы наурызда «Қара жорға» биін билейтін қуыршақтарды ұсынбақ ниетте екен. Қ.Болманның айтуынша, компания қуыршақтарына деген сұраныс өте жоғары. Сондықтан «Бал-баланың» сату жүйесін кеңейту қолға алынып отыр.
«Ұлытаудың» ендігі көздегені - «Grammy». Қ.Болман бұл сыйлыққа қол жеткізу үшін қазақстандықтар мен фан-клубтардың қолдауына иек артып отыр. Бұл - Қыдырәліге немесе «Ұлытауға» ғана емес, Қазақстан мемлекетіне де керек жеңіс. Сондықтан сәттілік тілейік!


Халима БҰҚАРҚЫЗЫ
Астана

http://www.aikyn.kz/index.php?option=com_content&task=view&id=11011&Itemid=2


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер