BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Қазақтың Хадишасы - сахна падишасы

Кеше халқымыз театр және кино өнерінің жарық жұлдызы, КСРО халық артисі, мемлекеттік сыйлықтың иегері, өнертану ғылымының докторы, әлемдік деңгейдегі актриса Хадиша Бөкееваны М.Әуезов атындағы академиялық драма театр төрінен мәңгілік мекеніне шығарып салды.
 Ақ Жайықтан шыққан ару апамыздың әлі жер қойнына берілмеген мәйіті киелі қара шаңырақ - театр төрінде тұр, ал рухы тірі күніндегідей үлкен экраннан сөйлеп тұр. Аппақ періштедей болып киінген кінәз апай біресе қолын жүрек тұсына қойып, біресе басына асыра көтеріп, асқан ризашылықпен басын қайта-қайта иеді. Тура халқымен мәңгілікке қоштасып жатқандай. Театр толы жұрт пәкизат бейнелі сүйікті актрисасы тіріліп келгендей қол шапалақтап қарсы алып, қимастықпен қарайды. Тұңғышбай Жаманқұлов, Досхан Жолжақсынов бастаған сандаған шәкірттері мәйітті қоршай қаз-қатар тізіліп, ұлағатты ұстаздарына ақтық рет құрмет көрсетуде. Азалы музыка аясында бейнеэкранда өткен тарихтан сыр шерткен кинокадр парақтары сырғып ашылып, диктор даусы саңқылдайды. Тоғыз жасында тұл жетім қалып, балалар үйінде тәрбиеленген Хадиша апамыздай театр саңлағының өнер деген құдіретке құштарлығы сонау Ленинградтан бастау алады. Леонид Вивьен, Всеволод Мейерхольд, Василий Меркурьев сынды талай майталман сахна шеберлерінен дәріс алады. Еңбек жолын алғаш Шымкент театрынан бастайды. Кинодағы рөлі ең бірінші рет 1940 жылы Мұхтар Әуезовтің сценарийі бойынша түсірілген «Райхан» фильміндегі Райхан рөлінен басталады. «Біздің сүйікті дәрігер», «Тұлпардың ізі» сынды бірнеше фильмдерге түсті. Дегенмен, Хадиша Бөкееваның шығармашылығында театр ең маңызды рөл ойнады. Оның сахнада сомдаған Шекспирдің «Асауға - тұсауындағы» Катаринасы, М.Әуезовтің «Еңлік-Кебегіндегі» Еңлік пен Ғ.Мүсіреповтің «Ақан Сері -Ақтоқтысындағы» Ақтоқты, «Қара қыпшақ Қобыландыдағы» Қарлыға мен «Абайдағы» Әйгерім, сондай-ақ Мехмене Бануы мен Сәулесі оның нағыз талант иесі екендігін дәлелдеді және мойындауға мәжбүр етті. Бар болғаны 22 жасында Еңбек сіңірген артист атанса, 1956 жылы Халық артисі атағына ие болды. Уақыт оза келе бірнеше рет мемлекеттік сыйлықтардың иегері атанды. Күләш Байсейітова, Елубай Өмірзақов, Серке Қожамқұлов сынды саңлақтар бастаған серке топтың соңын ала шыққан Хадиша апаның айтуынша, «нағыз актерге керегі атақ емес, оған керегі - рөл. Өмірде де, өнерде де өз рөлін дөп тауып ойнаса, ол - тағдырдың тартқан үлкен сыйы». Хадиша апамыздың ақтық сапарына арналған қаралы жиынды М.Әуезов театрының бас директоры әрі көркемдік жетекшісі Есмұхан Обаев ашып, қазақ театр өнері қарлығаштары­ның ең соңғысынан айыры­лып, үлкен қайғыға душар болып отырған халқымызға басалқы сөзін айтты. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың көңіл айту хатын ҚР Мәдениет вице-министрі Асқар Бөрібаев оқып берді: «Есімі халқымызға кеңінен танымал өнер иесі Хадиша Бөкееваның өмірден озуына байланысты ауыр қайғыларыңызға ортақтасқан көңіл айтуымды қабыл алыңыздар. Ұзақ та ғибратты ғұмыр кешкен ол кісінің ұлттық театр сахнасында және кинода сомдаған айшықты бейнелерін өнерсүйер қауым қашан да қызыға тамашалап, рухани ләззат алатын. Жемісті еңбегі әрдайым жоғары мемлекеттік наградалармен және сыйлықтармен атап өтілетін. Оның қазақ өнеріндегі жарқын дидарын халқымыз ұмытпайды деп ойлаймын. Марқұмның топырағы торқа, жаны жәннатта болсын, - делінген Елбасының Ақ Ордадан жолданған көңіл айту хатында. Осындай көңіл айту жеделхаттары Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтан, Мәжіліс төрағасы Орал Мұхамеджановтан, Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетовтен, Орал облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамедовтен және тағы басқалардан келгенін айта кетелік. Сәбит ОРАЗБАЕВ, Қазақстанның халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері: - Аз ба, көп пе, бір ғасырға жуық ғұмыр кешкен аяулы апамыз осы өмірінің ішінде қасиетті қара шаңы­рақта ғажайып бейнелерді сомдап кетті. Шәкен Айманов, Кәукен Кенжетаев ағаларымызбен сахнаға бірге шығып, Катарина рөлінде ойнағанда, осы театрға халық сыймай кетуші еді. Тіпті ренжіп, «театрды тым кішкентай ғып салыпсыңдар» деген талай ренішті дауыстарды да естідік. Қандай образ сомдамасын, өте сапалы, биік деңгейде қызмет көрсететін еді. Осы қасиетті қара шаңырақтағы ол кісінің сахналас серіктерінің бәрі: Сераға, Құрман­бек, Қапан, Камал, Сәбира Майқа­нова, Бикен Римова, Шолпан Жан­дар­бекова сынды замандастары дүниеден өтіп кетті. Хадиша апа­мыз­дың тағы бір тындырған ісі - оның ­шәкірт дайындауы еді. Бабалары­мыздан қалған салт-дәстүрді, ана тілді, «адам қайтсе қалады адам болып?» деген қағиданы артынан ерген жас буынның бойына еге білді. Біреу Айға ынтық боп, Біреу Күнге құмартқан. Бірді бай ғып қуантып, Бірді жоқ қып жылатқан, Бірді шыңға шығарып, Бірді орға құлатқан, Жасағанның ісіне, Амалым жоқ, Жаратқан! - дегендей, апамыз өнерінің арқасында шыңға көтерілді, адам боп келіп, аққудай боп таза күйінде кетіп барады. Өзінің сүйікті жары, қазақтың үлкен азаматы, халық артисі, мемлекеттік сыйлықтың иегері болған, опера саласына көп еңбек сіңірген Байғали Досымжановтай сүйікті жарының қасына бара жатыр. Құдайға сен, сабырлы бол, Өліп-талып табынба, Құдай сенің жүрегіңде, қаныңда. Күндер келед, жылдар өтед, Ана-Жердің құшағына жетесің, Айналасың сағымға, - дегендей, бабалар, батырлар, ғұламалар жатқан жерге тапсырамыз. Жаныңыз жәннатта болсын! Әшірбек СЫҒАЙ, театр сыншысы, қоғам қайраткері: - «Егін екпесең, жерге өкпелеме, еңбек етпесең, елге өкпелеме» деген тәмсіл - ақтық сапарға аттандырғалы отырған үлкен анамыз Хадиша апайдың күн сайын қайталайтын дұғасындай болып кеткен сөздері еді. Ол кісі қай жағынан алып қарасақ та, көненің көзі, алғашқылардың бірі. Бұл кісінің шығармашылық жолын үш бағытта қарасақ: біріншісі, киелі сахна, театр өнері, ондағы сан қырлы бейнелері. Екіншіден, ол кісі - қазақтың алғашқы киноактрисаларының бірі. Үшінші қыры - тәлімгерлік, ұстаздық қасиеті. Т.Жүргенов атындағы Ұлттық Өнер академиясының профессоры бола жүріп, көптеген шәкірттерді қатарға қосып кетті. Олардың ішінде халық артистері, мемлекеттік сыйлықтардың иегерлері, орден-медальдардың иелері болып, атақ жағынан өзінен озып кеткендері бар. Міне, нағыз ұстаз осылайша шәкірттерінің жан-дүниесінде жұтылып кетеді. Бұл кісі бүтін ғасыр жасаса, соның 75 жылын өнермен өрнектеп өтті. Өзін де аяған жоқ, өнерге іші жылымайтын, жаны ашымайтындарды да аяған жоқ. Мен, Құман Тастанбеков ол кісінің әуелгі шәкірттерінің бірі болдық. 1965 жылы оқуды бітіргенімізде, жап-жас еді. Былай қарасаң, шәкіртті кім тәрбиелемей жатыр. Бірақ та ол кісінің өзіне үйір қылуы, жақын етуі, баурап алуы, мінезінің сынықтығы, жоғарғы интеллектісі, сыпайыгершілігі, мәдениеті, сөз жоқ, біздерді өзінің жанынан босатқан жоқ. Әрине, ол кісі біз үшін өнер жасаған жоқ, бірақ өнердің қалай жасалу жолдарын үйретіп кетті. Хадиша апай - перзент қызығын да көрмеген адам. Тек өнердегі қызығым таусылмасыншы, соңымнан ерген шәкірттерім ойымдағыдай болсыншы деп тілеген адам. Әкесінің өлігіне келмей қалатын ұлдар болады. Шешесінің өліміне барусыз қалатын қыздар болады. Ал бүгінгі жиналып келген қалың қауым - осы кісінің баласы мен қыздарындай болып отыр. Мен ол кісінің қамқорлығын көп көрдім, ақтық демі үзілгенше жанында бірге жүрдім. Ел-жұртқа өте риза еді. Жасай алмай кеткен ісім көп еді деп қайғырып отырғанын көргенім жоқ. Елімен қуанды, жұртымен шаттанды. Кино мен сахна өнерінде өзіндік өшпес із қалдырып, бірнеше ұрпақтан сандаған шәкірт дайындаған, иісі қазақтың Хадишасы атанған Бөкеева енді бақи ғұмырында да халқымен бірге жасамақ. Актрисамен кешегі жылап қоштасу осыны айғақтады. http://www.aikyn.kz/index.php?option=com_content&task=view&id=6038&Itemid=2

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер