BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Қазақтың бұлбұл әншісі Күләштан қалған құнды мұра көрермен көзайымына айналды (ФОТО)

АСТАНА. 11 шілде. BAQ.KZ - Биыл қазақтың бұлбұл әншісі, елімізде опера өнерінің негізін қалаушылардың бірі - Күләш Байсейітованың туғанына 100 жыл толып отыр. Ерекше дарын иесі атанған ол, көзі тірісінде-ақ қоғам қайраткері, КСРО халық әртісі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты сынды бірнеше мемлекеттік атақтарға ие болған жан.

Қазақ кәсіби музыка өнерінің тарихында дәл осы Күләштай өзінің даусымен ерекшеленіп, халықтың жадында өшпестей болып қалған тұлға кемде кем.
К.Байсейітова қысқа ғана уақыт ішінде «Ер Тарғын», «Бекет», «Біржан-Сара», «Абай», «Чио-Чио-Сан», «Евгений Онегин» және тағы бірнеше операларда басты рөлдерді сомдап, басты вокалдық партияларды орындап, қайталанбас хас шеберлігімен таныла білді. Ол шырқаған «Гәкку», «Мадам Баттерфляй» операсындағы Чио-Чио-Санның монологы «Бұлбұл», «Абай» операсындағы Ажардың әні, «Қыз Жібектегі» Жібек ариясы, «Біржан-Сара» опералық айтысындағы Сара әндері қазақ даласының әншілік өнерін әлемдік деңгейге көтерді.


Осынау қайталанбас дарынымен есте қалған Күләш апамыздың 100 жылдық мерейтойы биыл еліміздің түкпір-түкпірінде аталып өтілуде. Осындай ауқымды шаралардың бірі жуырда Астана қаласында Қазақстан Республикасы Ұлттық мұрағатында өткізілген болатын. «Ғасыр бұлбұлы – Күләш» деген айдар таққан аталмыш көрмеге әншінің бұрын жарық көрмеген жеке дүниелері қойылып, көп жерде жарияланбаған сирек суреттері келушілердің назарына ұсынылды. Жеке дүниелерінің ішінде өзі қолданған қолжазбалар мен ноталар, сондай-ақ, медальдар мен ордендері, шетел сахналарында киген үш бас киімі көрменің төрінен орын алды. Айта кетейік, мұндай құнды жәдігерлерді көрмеге Күләш апамыздың қызы Қарлығаш Байсейітова алып келген.


Құрметті оқырман! BAQ.KZ ақпараттық порталы Ұлттық мұрағат басшылығымен келісе отырып, ғасырлық мерейтойы аясында жез таңдай әншінің сирек суреттерін сіздердің назарларыңызға ұсынып отырмақ. Ендеше біздің сайтты үнемі назарда ұстаңыз!


Серғали БАЛАЖАН



 


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер