BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

«Қазақстан – Еуразия жүрегі» атты халықаралық театр фестивалі басталды

Фото: inform.kz

Бүгін Талдықорғанда ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «Қазақстан – Еуразия жүрегі» атты VI Орта Азия мемлекеттері театрларының халықаралық фестивалі басталды, деп хабарлайды Baq.kz.

Фестивальға 7 театр, атап айтқанда, Татарстанның Т.А. Минуллин атындағы Нижнекамск татар мемлекеттік драма театры, Қырғызстанның Т.Әбдімомынов атындағы Ұлттық академиялық театры, Тәжікстанның М.Вохидов атындағы Тәжік мемлекеттік жастар театры, еліміздегі Бәйтен Омаров атындағы театр, Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры, астаналық Жастар театры мен Б.Римова атындағы Алматы облыстық драма театрлары қатысады.

Фестивальдің мақсаты – Орта Азия елдері мен Қазақстанның мәдени қарым-қатынасын одан әрі нығайту, қазіргі заманның эстетикалық талабына сай драмалық шығармалардың жаңа формаларын табу, олардың дүниеге келуіне ықпал ету.

Бұған дейін осындай фестивальдар Алматы және Ақтау қалаларында өткен болатын. Биыл Талдықорғанда 24 қазаннан басталып бес күнге созылатын фестивальға көрнекті театр және кино актері, режиссер, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, КСРО және Қазақстанның Халық артисі, профессор Асанәлі Әшімов бастаған қазылар алқасы төрелік етеді. Қазылар алқасының құрамында прозаик, аудармашы, драматург, Тәжікстан көркемөнер академиясының академигі Абдугаффор Абдужабборов, театр сыншысы, Д.Сиразиев атындағы театр сыйлығының лауреаты, халықаралық, бүкілресейлік театр фестивальдері сыншылар алқасының мүшесі Нияз Игламов, театр сыншысы, драматург, Қырғыз Республикасы Театр қайраткерлері одағының төрағасы Жаныш Кулманбетов, Әзербайжан мемлекеттік жас көрермендер театрының бас режиссері, Әзірбайжан мемлекеттік мәдениет және өнер университеті «Драма театрының режиссурасы» кафедрасының меңгерушісі, доцент Бахрам Осмонов бар.

Фестивальдің ашылу салтанатын құттықтау сөзбен ашқан облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Өнербаев қонақтарға және шараға қатысушыларға сәттілік тіледі. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің жауапты өкілі Гүлнафис Мырзашева мен Татарстан өкілі Нияз Игламов өз лебіз-тілектерін жеткізді.

Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, фестиваль аясында Т.Слободзянектің «Однокласники. Уроки жизни», Ш.Айтматовтың «Ана – Жер ана» және «Сабаншының жолы», Б.Римованың «Қос мұңлық», А.Чеховтың «Шие», Б.Собирдің өлеңінің желісі бойынша «Ночь вдалеке от Родины», У.Шекспирдің «Асауға тұсау» спектакльдері қойылады. Қойылымдар күнделікті Б. Римова атындағы облыстық драма театрында сағат 12.00-де және кешкі 18.00-де өтеді. Кіру тегін.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер