BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Қазақы қалжың қайраңдап тұр

Абай ОМАРОВ (коллаж) «Қызыл шоқтай қарыған, Қазаққа сөз дарыған» десе дегендей-ақ, атамыз қазақ қай заманда да оралымды ойын көркем тілмен кестелей білген. Ердің құнын екі ауыз сөзбен кескен. Қолмен тарқатылмас түйінді тілмен шешкен. Қалжыңының өзі кісіні мақтамен бауыздарлықтай соншама өткір және мейлінше жарасымды болғаны белгілі. Бүгінде соның бәрінің орнын сипап қалғандай сыңайдамыз. Осы орайда, әсіресе қазақы қалжың мәселесі ойландырады. Өйткені сөз сұйылып, күлкі дарақыланып кетті.
Абай ОМАРОВ (коллаж) Қазақы қалжыңның жарқын көрінісін бү­гінде тек қана ескілікті әңгімелер мен аға буын өкілдерінің өзара қарым-қаты­на­сынан ғана байқаймыз. Бұл ретте, Шора Са­рыбаев ақсақалмен бір сұхбаттасқан­ның өзі бір жылға азық іспетті. – Күлкі өмір ұзартады екен деп, не бол­са соған жыртақтай беруге болмайды. Орынды, жарасымды күлкі ғана адамға жақ­сы көңіл күй сыйлайды. Ал құры бос жыр­тақ жұрт алдында абыройсыздыққа ду­шар етпесе, абырой әпермейді, – дейді қазына қарт. Кезінде күлкіні жетпіс жікке жіктеп берген Шора ата аңқылдақ, адал күлкіден бастап, жалған, сайқал, арсыз күлкінің аралығындағы талай түрін өзінше анықтағаны бар. Әзілге жүйрік қария ұлы Қайрат шетелде қызмет істеп жүрген кезде оған өсиетхат та жазыпты. Он екі бөлімнен тұ­ратын сол қалжың хатта, мәселен, «Сү­йек-саяқ көрсе, талғамай жұта беретін, «өзі тойып, көзі тоймайтын» мешкей бол­ма. Бір тиының шықса, жаның қоса шы­ға­тындай сараң болма. «Алақолсыз» мырза бол­ма. Дос таңдай біл. Адам деген әртүр­лі. Біреу саз да, біреу таз, біреу тәуір, біреу пәс. Борсиып семіруден сақ бол. Бет қай­сы, білек қайсы, мойын қайсы, қойын қай­сы, ажыратып болмайтын дағара бол­ма. Бой семіргенше, ой семірсін. Қарын өсір­ме, ой өсір. Бала тәрбиесін бесіктен бас­та. Қыз өсірсең, шайқы-бұрқы бол­ма­сын, ұл өсірсең, қиқы-шойқы болмасын...» де­ген тәріздес, жалпы, ұлт ұланына қажет­ті ой­лы оралымдар көп. – Анау бір жылдары менің бір жол­да­сым іссапармен Парижге барды, – дейді қа­рия сөзін әрі қарай сабақтап. – Сол кез­де француз әйелдің бір бөлмесін жалға алып тұрыпты. Жарты жылдан кейін Ал­ма­тыға қайтып келгенде: – Сен французша білмейсің ғой, ол әйел­мен қай тілде сөйлесіп жүрдің? – деп сұ­радым. Сонда әлгінің: – Бір-бірімізбен сурет арқылы қарым-қатынас жасап жүрдік. Шай ішкім келсе, шәйнектің, сорпа ішкім келсе, кәстрөлдің, шарап ішкім келсе, рюмкенің суретін са­лып беремін. Бір күні ол маған кереуеттің су­ретін салып берді. Мен сонда: «Апырым-ау, бұл әйел Алматыда менің жиһаз дүке­нім­нің бар екенін қайдан біледі?» деп таңғалдым, – дегені... Кезінде Шора ақсақал осындай уытты әзіл­дердің екі мыңдайының басын қосып, ар­найы кітапша да шығарыпты. Әзіл-сы­қақ отауын ашқан болып, көрерменді же­ңіл-желпі күлкімен, арзан әжуамен ал­дар­қатып жүрген әртістеріміздің нағыз қазақы қал­жыңға негізделген осындай дүние­лер­ден неге ой түюге тырыспайтыны түсініксіз. Шо­ра ақсақалдың: – Осы аулада бір кемпір бар. Өзі ара-тұра мені айналшықтап жүретін. Өткенде сол: – Перпенің бар ма? – деп сұрайды. – Ол не? – десем, – Персональная пенсия, – дейді. – Жоқ, – дедім. – Пермашың ше? – Ол не нәрсе? – Персональная машина. – Жоқ. – Пердачың ше? – Ол не бәле? – Персональная дача. – Жоқ. – Енді нең бар? – Персональный холодильнигім бар... – де­дім. Содан бері маған жола­май­тын бол­ды, – деген ауызекі әңгімесінің өзі ерік­сіз езу тартқызады. Негізі, фор­масын, ше­шімін таба білетін адам болса, Шора ата­ның анекдоттары, қалжыңдары – әзіл-сы­қақ бағдарламаларына сұранып-ақ тұр­ған дүниелер. Сол сияқты, бұрындары «Ауылдың айт­қыштары», «Құрдастар қалжыңы», «Сөз тапқанға қолқа жоқ» деген сияқты ар­найы жинақтар шығып тұрушы еді. Бү­гін­де олардың да қарасы азайды. Есесіне, анек­дот бермейтін газет-журнал кемде-кем. Алайда олардың дені өзге тілдерден аударма болғандықтан, күлкі ша­қыр­май­тыны былай тұрсын, кейде тіпті құлаққа түр­підей тиіп жатады. Яғни бүгінгі анек­дотшылар ұлттың табиғатына үйлесімді күл­кінің ғана шынайы бола алатындығын ес­кере бермейді. Осының бәрі, жалпы ал­ғанда, қазақы қалжыңның қадірін арт­ты­руға қолбайлау болуда... Бір пікір Толымбек ӘЛІМБЕКОВ, сатирик: – Қазір жұртты күлдіріп жүргендердің ешқайсысын да мен сатирик деп есептемеймін. Олар – бар болғаны орындаушылар ғана. Бірақ өкінішке қарай, солардың барлығы өздерін сатирик санап жүр. Сатирада сөзбен, сөздің уытымен күлдіру жоқтың қасы. Негізі, бізге ізденіс жетіспейді, әйтпесе қоғамымыз сатираға тақырып боларлық жайларға тұнып тұр. Әр халықтың әзілді қабылдау реакциясы әртүрлі. Сол сияқты, біздің күлкі жөніндегі танымымыз мүлдем бөлек. Қазақы қалжың деген – нағыз мәдениетті қал­жың. Оның ішінде ашық айтса, өтпейтін нәрселерді тұс­палдап айту да бар, эротика да бар. Әсіресе жезде мен балдыздың, нағашы мен жиеннің, құрдастардың, тіпті құдалардың қалжыңы қандай керемет! Қазақ – «Әзілің жарасса, атаңмен ойна» дейтін халық. Яғни жөнін, ретін тапсаң, «атаңмен ойна» дейді де, екінші жағынан, «ойнай алмайтын бала шешесінің етегін көтеріп ойнайды» дейді. Біріншісі – «атаңмен ойна» деп шарықтау шегіне жеткізсе, екіншісі – сізді етекке дейін түсіреді. Міне, қалжыңның шекарасы осы екеуінің арасынан аспауы тиіс. Қазақы қалжыңның киімі бар, киімнің астына сығалап, соны сөзбен келтіре отырып, күлдіреді. Қазіргі қалжыңдар тыр жалаңаш. Шешіндіріп тастаған. Тыр жалаңаш отырған адамға күлкің келе ме? Тыр жалаңаш сұлулыққа адам сүйсіне ме? Сұлулық деген құпия болуы керек қой. Тасада құпия жатқан сұлулықты көруге адам ынтығуы керек... Автор: Роза РАҚЫМҚЫЗЫ http://www.alashainasy.kz/culture/18349/

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер