BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Қасымның әндері-ай!


Астана. 5 желтоқсан. Baq.kz-Осы жылдың мамыр айында Алматы қаласында әнші Гүлбаршын Тергеубекованың ұйымдастыруымен «Қасымның әндер-ай» атты әдеби – сазды кеш өткен болатын. Қарашаның соңғы сәрсенбісі күні аталмыш кеш дауылпаз ақын Қасым Аманжоловтың туған өлкесінде жалғасын тапты. Қарағандының Кеншілердің мәдениет сарайына жиналған халық Қасымның әні мен ақындардың жырларымен сусынын қандырды.


Кеште Қасымның өз әндерімен қатар ақын өлеңдеріне ән жазған Әбілахат Еспаев, Ғазиза Жұбанова, Темір Тайбеков секілді композиторлардың шығармалары да орындалды. Атап айтсақ дәстүрлі әнші Ерлан Рысқали «Өзім туралыны» асқақтатса, «Каспий» тобы «Жыр жазамын жүрегімненді» тамылжытты. Олардан басқа белгілі әнші Сұлушаш Нұрмағанбетова, Қазақ радиосының жүргізушісі Гүлшат Тәкежанова, гитарасын тастамайтын Сейіл Аяған өнерлерімен елді баурады.
Әдетте мұндай кештерде эстрада төрге шығып, домбыра есіктен сығала да алмай, сыртта қалып жатады. Бұл кештің ерекшілігі – домбыраға да орын табылғандығында. Төл аспабымыздың сүйемелдеуімен жоғарыда аты аталған Ерлан бауырымыз, жерлес әншіміз Құрмаш Ыбышев күмбірлете ән салды.
Аты аңызға айналған Роза Бағланованың «Ах, Самара, городок» деп үзілдіре шырқаған дауысы әлі де ел құлағында. Біреу білер, біреу білмес осы әннің қазақша аудармасы да бар. Мұны тілімізге шебер тәржімалаған – Қасым Аманжолов. Кеште Қасым аудармасында «Ах, Самара, жас қала, Барамын сөнгелі. Барамын сөнгелі, Жұбатшы сен мені...» деп келетін бұл әнді қазақ сахнасының жұлдызы Қарақат Әбілдина шырқады.
Бүгінгі композиторлар да Қасымның өлеңдерін әнге айналдыруда екен. Соның бірі ақынның «Алатау» өлеңіне ән жазған Сейфуллин Жолбарыс. Қарағанды жұрты жас әншілердің орындауында осы әнді де естіді. Есжан Әміровтың сағынышқа толы «Махаббат періштесі» әнің Саят Әбдіғали орындап, халықты ән құшағында тербетті.
Талай хитке айналған әндердің авторы Ескендір Хасанғалиевтың көңіліне Қасым майданға аттанып бара жатып шығарған «Орал» өлеңі жағыпты. Ескендір ағамыздың бұл әні кештің үлкен жаңалығы болды.
Сондай-ақ, былтыр ақынның ғасырлық мерейтойына байланысты түсірілген деректі фильмнен үзінділер көрсетілді. Серік Ақсұңқарұлы бастаған ақындар жырларын төкті.
Кеш ұйымдастырушысы Гүлбаршын Тергеубекова бірнеше ән орындап, оған Қарқаралы ауданы әкімдігінің атынан сый – құрмет жасалды.
А. Шмитұлы

 


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер